Мен үшін Қазақстанның жаңа Конституциясы – ең алдымен, адам өмірінің, оның құқықтары мен бостандықтарының және еліміздің жарқын болашағының кепілі. Адамды, оның өмірі мен қадір-қасиетін мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде қарастыру – әділетті әрі мықты мемлекет қалыптастырудың негізі деп санаймын.
Спортшы ретінде тәртіптің, табандылықтың және белгіленген ережелерді сақтаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Жоғары нәтижеге жету үшін жүйелі жаттығу, өзіңе деген сенім және ережеге құрмет қажет. Спортта да, қоғамда да заң үстемдігі мен тәртіп барлығына ортақ болуы тиіс. Сондықтан, Конституцияда заң үстемдігі мен жауапкершілік қағидаттарына ерекше мән берілуін қолдаймын.
Сонымен қатар, білімге, ғылымға, жаңа технологиялар мен инновацияларға, адами капиталды дамытуға басымдық берілуі өте маңызды. Жастармен жұмыс істей отырып, олардың бойындағы күш-жігерді, қабілет пен үлкен мақсаттарға ұмтылысты байқаймын. Біздің міндетіміз – жас ұрпаққа спортпен айналысуға, сапалы білім алуға, өз қабілетін дамытуға және болашақта ел игілігі үшін еңбек етуге барлық мүмкіндік жасау.
Спорт адамды тек физикалық тұрғыдан шыңдап қана қоймай, өмірдің қиындықтарына төтеп беруге үйретеді. Спортта әрбір жеңіске қол жеткізу үшін күнделікті еңбек, шыдамдылық пен табандылық қажет. Жеңілістен сабақ алып, сәтсіздіктен кейін қайта күш жинап, алға ұмтылу – нағыз спортшыға тән қасиет. Сондықтан, еңбекқорлық, үздіксіз даму, жауапкершілік және жасампаз отансүйгіштік қағидаттарын ерекше бағалаймын.
Спорт саласының өкілі ретінде жастарды тәрбиелеу жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізумен қатар тұратын маңызды міндет. Бізге тек халықаралық жарыстарда жеңіске жететін чемпиондар ғана емес, үлкенді құрметтейтін, ата-анасын қадірлейтін, елін сүйетін, заңды сақтайтын және адал еңбегімен қоғамға үлес қосатын азаматтар қажет. Өйткені, шынайы жеңіс – тек тұғырға көтерілумен емес, адамгершілік қасиеттерді сақтай білумен де өлшенеді.
Әрбір азаматтың өзін қауіпсіз сезінуі, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жол ашылуы және балаларының болашағына сеніммен қарауы маңызды. Халықтың әл-ауқатын арттыру, ел бірлігін нығайту және қоғамдағы ашық диалогты ілгерілету әрбір адамның күнделікті өмірінде нақты нәтижесін көрсетуі тиіс деп есептеймін.
Еліміздің болашағына және жас ұрпақтың әлеуетіне сенемін. Мықты мемлекет – білімді, тәртіпті, еңбекқор, отансүйгіш әрі жауапкершілігі жоғары азаматтардың еңбегімен қалыптасады. Ал, сол азаматтарды тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет.
Жазира ЖАППАРҚҰЛ,
Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары