Шымкент қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық, кәріз жүйесін дамыту және көшелерді жарықтандыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Негізгі мақсат – инженерлік желілердің сенімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту. 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қаладағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 838,6 шақырымды құрайды, оның 37 пайызы тозған. Жылу желілеріне жүргізілген гидравликалық сынақтар нәтижесінде 135 ақау анықталып, барлығы жөнделді. Қазіргі уақытта 31 дербес қазандық, 17 сорғы стансасы, 2 241 көпқабатты тұрғын үй және 463 бюджеттік мекеме жылыту маусымына дайын.
«3-Энергоорталық» АҚ тарапынан негізгі жоспарланған жұмыстар толық орындалған. Сонымен қатар, жылу желілерінің тозған бөліктерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жоба аясында ұзындығы 11,3 шақырым магистральдық жылу желілерін реконструкциялау көзделген. 2026 жылы екі учаскеде монтаж жұмыстары аяқталып, аумақты қалпына келтіру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта қазылған жерлерді қалпына келтіру және асфальт төсеу жұмыстары атқарылуда.
Алдағы қысқы кезеңге қала бойынша 22,1 мың тонна көмір қажет. Оның 4,8 мың тоннасы бюджеттік мекемелер мен дербес қазандықтарға, 17,3 мың тоннасы тұрғындарға арналған. Қазіргі таңда қаладағы сегіз теміржол тұйығында алты өңірлік көмір операторы жұмыс істейді. Кәріз жүйесін дамыту да өзекті бағыттардың бірі болып отыр. Қаладағы 81 елді мекеннің 27-сі су бұру жүйесімен қамтамасыз етілген, ал 54 елді мекенде бұл жүйе жоқ. 2025 жылы бірнеше елді мекенде ішкі орамдық кәріз желілері мен коллектор құрылысы жүргізілді. Солтүстік-Батыс және Достық елді мекендеріндегі жұмыстар аяқталған. 2026 жылы Тұран, Айқап, Мирас-Шапағат-2 және Базарқақпа аумақтарында, Шымсити кәріз коллекторында, сондай-ақ қала орталығындағы 18 көшеде құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қаланың өсуіне байланысты қуаттылығы тәулігіне 410 мың текше метр болатын жаңа кәріз тазарту қондырғысын кезең-кезеңімен іске асыру көзделіп отыр.
Қала көшелерін жарықтандыру бағытында да ауқымды өзгерістер бар. 2023 жылы 6 714 көшенің 2 028-і жарықтандырылған болса, 2024 жылдан бастап жұмыстардың қарқыны артты. Нәтижесінде қосымша 4 561 көше жарықтандырылып, демеушілер есебінен тағы 125 көшеге сыртқы жарық орнатылды. Қазіргі таңда қала көшелері сыртқы жарықтандырумен толық қамтылған. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, тұрғындардың жайлылығын жақсартуға және қаланың түнгі келбетін көркейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, жылу желілерін жаңарту, кәріз инфрақұрылымын кеңейту және көшелерді жарықтандыру жұмыстары Шымкенттің коммуналдық жүйесін жетілдіруге бағытталған. Бұл жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуда маңызды рөл атқарады.
Толығырақ: https://youtube.com/live/NcDLYAb-h6E
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары