19 қазан – Құтқарушылар күніне орай Түркістан қаласында «Құтқарушылар аллеясының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа аллея – адам өмірін сақтап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген құтқарушыларға көрсетілген құрметтің белгісі.
Мерекелік жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Бағдат Чайзада, департамент ардагерлер ұйымының төрағасы Сұлтанғали Смайлов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы мен қала әкімі құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбегіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, кәсіби міндетін мінсіз атқарып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкер мен сала ардагерін марапаттады.
Қазіргі таңда Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасында 150 қызметкер еңбек етеді. Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жұмыстарына 30 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Жаңа аллея құтқарушылардың қоғам алдындағы еңбегін дәріптейтін, ерлік пен жауапкершіліктің мәнін айшықтайтын орынға айналмақ.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары