Шымкентке келген қонақ қаланың көрікті жерлерін аралап қана қоймай, ұлттық тағамдарынан да дәм татуға асығады. Өйткені оңтүстіктің қонақжай көңілі мен мол дастарқаны – шаһардың өзіндік ерекшелігі. Бүгінде қазақтың дәстүрлі асханасы туристерді қызықтыратын маңызды бағыттардың біріне айналып, қаланың туристік әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді.
Қазіргі саяхатшылар үшін сапардың әсері тарихи орындармен ғана өлшенбейді. Жергілікті халықтың мәдениетімен танысу, ұлттық тағамдарынан дәм тату да саяхаттың ажырамас бөлігі. Осы ретте Шымкентте гастрономиялық туризмге көңіл бөлетін 50-ге жуық мейрамхана жұмыс істейді. Солардың бірі – ұлттық ас мәзірін дәріптеп жүрген «Шопан» мейрамханасы.
Мұнда қонақтарға дәстүрлі тағамдармен қатар, қазақтың ұлттық сусындары мен дастарқан дәмдері ұсынылады. Қымыз, қымыран, маусөң, құрт-май секілді өнімдер арқылы келушілер қазақ халқының тағамдық мәдениетімен жақынырақ таныса алады.
«Әр қалада осындай орын ашуға бел буып отырмыз. Мұнда тек тағам ғана емес, ұлттық сусындар мен дәстүрлі дастарқанға тән түрлі өнімдерді де табуға болады», – дейді «Шопан» мейрамханасының басқарушысы Данияр Нәбиев.
Қазиев көшесі, 109-үйде орналасқан мейрамхана ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға да үлес қосып келеді. Мұнда ұмытыла бастаған тағам түрлерін қайта таныстырып, дәстүрлі дәмдерді заманауи қызмет көрсету үлгісімен ұштастыруға мән берілген. Отызға жуық жергілікті маман еңбек ететін мекеме қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді.
Қала тұрғыны Бекзат Сабыр мейрамхананың ұлттық нақыштағы ортасы мен тағамдарының ерекшелігін жоғары бағалайды. Оның айтуынша, мұнда қазақы атмосфераны сезініп, дәстүрлі дәмдермен қатар, өзгеше тағам түрлерін де көруге болады.
Шымкенттің туристік тартымдылығы артып келе жатқан тұста мұндай орындардың маңызы зор. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 550 мыңнан астам турист келген. Олардың 38 мыңнан астамы – шетел азаматтары.
Ұлттық асхананы дәріптейтін мейрамханалар туристерге қазақ халқының мәдениеті мен қонақжайлығын танытатын ерекше орта қалыптастырады. Демек, Шымкенттің гастрономиялық байлығы – тек дәмді тағамдар жиынтығы емес, қаланың туристік келбетін айқындайтын маңызды құндылық.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары