Меніңше, Конституцияның маңызды қағидаларының бірі – азаматты мемлекет өміріне сырттай бақылаушы емес, елдің дамуына тікелей үлес қоса алатын белсенді тұлға ретінде қарастыруы. Қазақстанда мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Сондықтан елдің болашағын қалыптастыруға азаматтардың қатысуы – демократиялық қоғамның маңызды белгісі.
Азаматтардың өз еркін білдіруінің негізгі тетіктері – референдум, еркін сайлау және мемлекеттік институттардың жұмысына қатысу. Сонымен бірге Конституция әр азаматқа мемлекет ісін басқаруға тікелей немесе өз өкілдері арқылы қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға мүмкіндік береді.
Азаматтық белсенділікті тек сайлаумен шектеуге болмайды деп ойлаймын. Қоғамдық пікір білдіру, мемлекеттік органдармен ашық диалог орнату, халықтың өзекті мәселелерін көтеру, қоғамдық тыңдауларға қатысу, жергілікті жердің дамуына қатысты ұсыныстар айту – мұның барлығы азаматтың мемлекет ісіне араласуының нақты көрінісі.
Бұл тұрғыда жергілікті деңгейдің маңызы ерекше. Себебі тұрғындарды алаңдататын мәселелердің басым бөлігі – жол, абаттандыру, қоғамдық көлік, ауызсу, инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар сияқты күнделікті өмірмен тікелей байланысты. Осындай мәселелерді көтеріп, шешімін ұсыну арқылы тұрғындар өз өңірінің дамуына ықпал ете алады.
Мұнда мәслихаттардың да рөлі маңызды. Олар халықтың еркін білдіретін өкілді орган ретінде аумақтың даму бағдарламалары мен жергілікті бюджетті қарауға және олардың орындалуына бақылау жасауға қатысады. Сондықтан тұрғындар өздері сайлаған өкілдердің жұмысына қызығушылық танытып, жергілікті мәселелер бойынша пікірін білдіріп отырғаны жөн.
Сонымен қатар Конституциялық жүйедегі қоғамдық өкілдіктің жаңа тетіктері де азаматтардың үнін естуге мүмкіндік береді. Қазақстан Халық Кеңесі халықтың мүддесін білдіретін консультативтік орган ретінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға, ішкі саясат бойынша ұсыныстар әзірлеуге бағытталған.
Қоғам қайраткері ретінде айтарым, азаматтық жауапкершілік үлкен мемлекеттік шешімдерден ғана басталмайды. Ол өз аулаңның, көшеңнің, ауданыңның мәселесіне бейжай қарамаудан, өз ұсынысыңды заңды жолмен жеткізуден, қоғамдық талқылауларға қатысудан басталады.
Сондықтан әр азамат «мемлекет үшін не істей аламын?» деген сұрақты өзіне қоюы маңызды. Сайлауға қатысу, өтініш білдіру, қоғамдық диалогқа араласу, мәслихаттардың жұмысына қызығушылық таныту және жергілікті бастамаларды қолдау – ел басқару ісіне қатысудың нақты жолдары.
Менің ойымша, Конституцияның құндылығы да осында: ол азаматқа құқық беріп қана қоймай, оның қоғам мен мемлекет өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін тетіктерді қалыптастырады. Ал азаматтың белсенділігі артқан сайын жергілікті мәселелер де ашық талқыланып, қоғам мен билік арасындағы өзара байланыс нығая түседі.
Арман ОСПАНОВ,
жауынгерлік самбодан үш дүркін әлем чемпионы
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары