«Оңтүстік журналистикасының атасын» еске алды — Xnews — ақпарат агенттігі

«Оңтүстік журналистикасының атасын» еске алды

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Байдулла Қонысбектің 85 жылдығына арналған «Оңтүстік журналистикасының атасы» атты еске алу кеші өтті.

Тағылымды шараның негізгі мақсаты – қарымды қаламгер, білікті журналист, Оңтүстік тележурналистикасының негізін қалаушылардың бірі Байдулла Қонысбектің өнегелі өмірі мен шығармашылық жолын кейінгі ұрпаққа таныстыру, журналистика саласына сіңірген еңбегін насихаттау және есімін ұлықтау.

Кешті көрнекті журналист, руханият және спорт жанашыры, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Парасат» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медальдерінің иегері Бақтияр Тайжан жүргізді.

Жиынға зиялы қауым өкілдері, журналистер, жоғары оқу орындарының студенттері, қаламгердің замандастары және Қ.Қазиев атындағы сыйлықтың, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Гүлсара Қуанышбаева, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сабырбек Олжабай қатысты.

Кеш барысында Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Анар Жаппарқұлова алғысөз сөйлеп, Байдулла Қонысбектің қазақ журналистикасындағы айрықша орнына тоқталды.

Қаламгердің журналистикадағы кәсіби жолы, шығармашылығы мен азаматтық болмысы жайлы жазушы-журналист, драматург, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Захардин Қыстаубаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Асхан Майлыбаева және Қазақстанның Құрметті журналисі Сенбек Ералы естеліктерімен бөлісті.

Шарада Байдулла Қонысбектің журналистикадағы кәсіби мектебі де кеңінен сөз болды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің филология факультеті, журналистика мамандығының студенті Сапаралы Сания «Байдулла Қонысбек: журналистикадағы кәсіби мектебі» тақырыбында баяндама жасап, ардагер журналистің кейінгі буынға қалдырған тағылымды жолына тоқталды.

Байдулла Қонысбек ұзақ жылдар бойы журналистика саласында еңбек етіп, талай жас маманға тәлімгер болған. Ол еңбек жолын 1958 жылы бастап, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында аудармашы, әдеби қызметкер, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Кейін облыстық партия комитетінде, облыстық телерадио хабарларын тарату комитеті мен облыстық телерадио компаниясында басшылық қызметтерде еңбек етті. 1987-2002 жылдары облыстық телерадио компаниясын басқарып, Оңтүстік өңіріндегі тележурналистиканың дамуына айрықша үлес қосты.

Сонымен бірге, қаламгер «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары, «Аталар сөзі», «Біздің жанұя» газеттерінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Ұстаздық және тәлімгерлік жолында да көптеген жас журналистің кәсіби қалыптасуына ықпал етті.

Қаламгердің «Биік мұрат», «Бетпе-бет», «Ұрпаққа ұлағат», «Асыл жүрек», «Алуан-алуан жүрек бар» атты кітаптары жарық көрген. Оның әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары оқырманның жылы ықыласына бөленді.

Еске алу кешінде Байдулла Қонысбектің өмірі мен шығармашылығына арналған арнау өлеңдер оқылып, музыкалық шығармалар орындалды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің студенттері қаламгерге арналған арнауларын орындап, Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әнін шырқады.

Сондай-ақ, кеште қаламгердің інісі Халилулла Битабаров пен қызы Гүлім Байдуллақызы, келіні Гульнара Айткулова сөз сөйлеп, Байдулла Қонысбектің адамдық болмысы, отбасы мен өмір жолына қатысты естеліктерін ортаға салды.

Байдулла Қонысбек – саналы ғұмырын елдің рухани-мәдени өміріне, қазақ баспасөзі мен тележурналистикасына арнаған тұлға. Оның кәсіби мектебі мен кейінгі буынға берген тәлімі – журналистика саласындағы өзіндік бір тағылымды дәстүр.

Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...