Бүгінде дене шынықтыру – тек оқу пәні немесе бос уақытты өткізудің құралы емес. Ол – ұлт денсаулығын нығайтатын, еңбек өнімділігін арттыратын, жастардың патриоттық рухын қалыптастыратын және елдің адами капиталын дамытатын стратегиялық ресурс.
Мемлекет басшысы халықтың денсаулығын нығайту мен бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Дені сау ұлт қана елдің экономикалық, ғылыми және мәдени дамуына зор үлес қоса алады. Заман талабы жаңа міндеттерді алға қойып отыр. Қазіргі спорт ғылымсыз дамымайды. Жаттығу үдерісінде жасанды интеллект, биомеханикалық талдау, цифрлық мониторинг, спорттық медицина, физиологиялық бақылау және үлкен деректерді пайдалану жоғары нәтижеге жетудің негізгі құралдарына айналуда. Сондықтан, спорт саласында еңбек ететін мамандардың кәсіби даярлығын жаңа ғылыми деңгейге көтеру – уақыт талабы.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Досқараев осындай пікірді алға тартады. Өмір жолында дене шынықтыру және спорт саласында басшылық жасаған, осы салада ғылыми еңбектер жазған ғалымның айтары көп. Осы орайда, біз Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың оқытушысы Бауыржан Досқараевпен бұқаралық спортты дамыту, жоғары спорт жетістіктерін арттыру мәселелері бойынша сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Бауыржан Мелдебекұлы, қазіргі таңда Шымкентте бұқаралық спорттың дамуы жөнінде не айтасыз?
– Спортты дамыту, оның ішінде саламатты өмір салтын ұстану, дене шынықтырумен шұғылдану мәселесі өте өзекті. Ғылым тілімен айтқанда гиподинамия деген мәселемен бетпе-бет кеп тұрмыз. Адамдардың аз қимылдауы қалыпты жағдайға айналды. Цифрландыру, жасанды интеллекті дәуірінде саламатты өмір, дене тәрбиесі, тән тәрбиесінің маңызы екі, үш есе артады. Оған көңіл бөлмеген қоғамның болашағы бұлыңғыр.
Елімізде тұрақты түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар санын 50 пайызға жеткізу міндеті тұр. Ол үшін кешенді іс-шаралар атқарылуы керек. Мәселен, дамыған елдерде он екі жылдық мектеп тәжірибесі бар. Бізде де сондай бастамалар қолға алынбақшы. Яғни, он екі жыл дене тәрбиесі сабағы болады. Одан кейін оқушылар студент атанып, бакалавриатқа түседі. Ол жерде тағы дене тәрбиесі сабағына қатысады. Жалпы айтқанда, біздің әріптестеріміз шәкірттерге 14-15 жыл практиканы өтеді. Ал, спорт теориясы ақсап, бала оны білмей шығады. Негізінде, біз теорияны үйретуіміз керек. Жасөспірім, жастар ғылыми тұрғыда дене тәрбиесі не үшін керек екенін толық түсінуі тиіс. ЖОО-да оқитын дене шынықтыру мамандарына, студенттерге спорт теориясын көп оқыту қолға алынса деймін. Саламатты өмірді білу үшін адам бірінші анатомияны, спорт физиологиясын, спорт биохимиясын түсіну керек. Яғни, практикадан гөрі теорияға көп мән берсек. Саламатты өмір салтын түсінгенде ғана бұқаралық спорт дамиды.
Қазір Шымкентте жаңа спорт кешендері салынып, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығаюда. Бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындардың саны да жыл сайын артып келеді. Спорт инфрақұрылымын дамытуда жүйелі жұмыстар бар. Мұның бәрі де дұрыс. Дегенмен, біз бұл ретте тән саулығын, дене шынықтырудың теориясын көбірек айтып, насихаттауымыз керек.
Бұқаралық спортпен айналысу – ол менталитетке де байланысты. Жаңа бағдарламалар, жаңа жүйелер қолға алынса деймін. Бұрынғы бағдарламалар, әдістер ескіріп қалды. Спортты дамыту бағдарламалары әр өңірдің табиғатына, климатына қарай жасалу керек. Біздің Шымкентте күн ыстық. Аптап ыстықта далаға шығып, жүгіре алмайсың. Осы жағын ойластырайық. Қалада салынып жатқан көптеген спорт ғимараттарын кәдеге асырайық. Бұл орайда спорт ғимараттарын да халықтың менталитетіне бейімдеу де маңызды.
Өзгеретін уақыт жетті. Бізде дене тәрбиесі сабағы 50 жыл бұрын қалай өтілсе, әлі сол бағытпен келе жатырмыз. «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Бұл бағытта да жаңа өзгерістер, бастамалар қолға алынуы тиіс. Жастар да жаңашылдықты қалайды.
Бұл ретте бұқаралық спортта клубтық жүйені дамытудың маңызы зор. Клубтық жүйе мектептен басталады. Өркениетті елдерде солай. Оларды мектеп лигасы деп айтады. Одан кейін студенттік лигаға өтеді. Жалпы айтқанда, дене тәрбиесі мен спорттың іргетасын мықты етіп қалыптастыруымыз керек. Мәселен, Кеңес одағы кезінде Олимпиадада біз үнемі алда жүретін едік. Өйткені, клубтық жүйе болды. Ол мектеп спартакиадасы аталды. Қазір біз мектеп спартакиадасына мән бермейтін болдық. Студенттік Спартакиадада әр жоғары оқу орындары бір-бірімен бәсекеге түсетін. Бұл жүйе республика көлемінде жұмыс істеді. Ол ғылыми түрде дамыған бағдарлама еді. Қазіргі дамыған елдер оны әрі қарай жетілдіріп әкетті.
Мектеп лигалары аудан, ауылдардан басталады. Клубтық жүйені қолға алмай, бұқаралық спорт дамымайды. Бұл жүйеде балаларды спортқа іріктеу қатар жүреді. Мәселен, медицинада «қызыл бұлшықет, ақ бұлшықет тобы» деген бар. Біз балаларды соған байланысты іріктеуге назар аударсақ. Бір бала жақсы жүгіреді, бірі шыдамды. Яғни, біреуі төзімділікке, біреуі жылдамдыққа бейім. Осыған орай спорт түрлеріне бөлеміз.
Психология мәселесін де айта кеткен жөн. Төрт темпераменттің (сангвиник, холерик, флегматик, меланхолик) ерекшелігіне сай, балалардың қай бағытқа қабілетті екеніне де назар аударымыз тиіс. Психологиялық тест арқылы да мектеп жасында балалардың қай спортқа икемділігіне талдау жүргізіледі.
Тағы бір маңызды мәселе – ацикликалық және цикликалық қозғалыс. Цикликалық деген ұзақ қашықтыққа бір қарқында жүретіндерді айтады. Ацикликалық қозғалыс – ол футбол, баскетболдағыдай жүгіріп келе жатып тоқтап қалатын, кері бұрылып кететін жағдайды айтады. Сөйтіп осы үш тестке байланысты балаларды әр спорт түріне бөлуге назар аударсақ. Дүниежүзі елдері осы жүйеде жұмыс істеп жатыр. Мұның бәрі де ғылым жүйесінде тексеруден өткен.
Біз осындай жүйені қайта дамытуымыз керек. Пилоттық жоба ретінде бір қалада немесе бір ауданда бастап көрсек. Сол кезде біздің мектептегі спорт сабағы өзгереді. Дене тәрбиесі сабағына қызығушылық пайда болады.
Саламатты өмір салтының идеологиясы футбол болу керек дер едім. Футбол феноменіне жақсылап көңіл бөлсек, оны дұрыс қолдана білсек, сонда біздің қоғам ұтады.
– Осы ойыңызды тарқатып айтып берсеңіз. Өзіңіз кезінде «Қайраттың» қосалқы құрамында ойнаған екенсіз. Қазақстан жастар құрамасы сапында да доп теуіпсіз.
– Мен Шымкентте «Ордабасының» ойынына барып тұрамын. Қазір тартысты ойындарды көруге билет табу қиын. Бұл ерекше жағдай емес пе? Еліміздегі орталық стадиондардың бәрінде болдым. Өзіміздің ішкі чемпионаттарда билет болмай қалу жағдайының өзі жетістік.
Елімізде спорт инфрақұрылымын жетілдіру мен жас буынның спортқа қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бастамаларды жергілікті деңгейде жүйелі жүзеге асырудың маңызы зор. Осы тұрғыда қала әкімі Ғ.Сыздықбековтің футболды дамытуға басымдық беруі және «Ордабасы» футбол клубы басшылығының заманауи футбол академиясын салу туралы бастамасы – өңір спортының келешегіне бағытталған стратегиялық әрі маңызды қадам. Мұндай жобалар жастардың кәсіби спортпен айналысуына жол ашып, отандық футболдың жаңа буынын тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Ерекше назар аударатын мәселенің бірі – балалар футболын дамыту. Шымкентте халықаралық талаптарға сай футбол академиясын құру – уақтылы әрі стратегиялық маңызы бар бастама. Мұндай академия дарынды балаларды ерте жастан анықтап, оларды ғылымға негізделген әдістемелер арқылы тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Болашақта дәл осындай орталықтардан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа буын ойыншылары шығатынына сенім мол.
Шымкент қаласында үлкен футбол стадионы салынайын деп жатыр. Бізге 60 мың орынды стадион салудың да өз қисыны бар. Қазір қала үлкейіп, халық саны жылдан жылға артып келеді.
Көпшілік стадионды тек футбол алаңы деп ойлайды. Негізінен, олай емес. Бұл ұғымның ауқымы кең. Стадионның ішінде бокс, күрес залдары, семсерлесу және тағы басқа спорт түрлері залдары, бассейн болу керек. Футбол алаңдарымен қатар, стадионның ішінде медициналық орталық, сауда орталықтары, концерт залдары да жұмыс істейді. Яғни, көпфункционалды кешен. Сондай болған кезде стадион өзін өзі ақтайды. 60 мыңдық арена да осындай талаптарға сай болса, оған салынған қаржы қайтады. Өркениетті елдерде стадион салуға таласады. Себебі, алпауыт кәсіпкерлер, инвесторлар салған қаржысын бірнеше жылда шығарып алады. Ол жерде жұмыс орны пайда болады. 60 мыңдық стадионға барған адам үйіне кеп баласын, немересін футболға, спортқа береді. Осыдан бұқаралық спорт дамиды.
– Қазіргі уақытта спорттық құқық деген мәселені көтеріп жүрсіз. Осының мәнін толық айтып берсеңіз.
– 2012 жылы Лондон олимпиадасы өткенін білесіздер. Сонда 17 күн ғана болатын Олимпиада үшін Ұлыбритания елі арнайы заң қабылдады. Бұл спорттың қандай маңыздылығын көрсетеді. Өркениетті ел спорттың маңызын әлемге паш етті.
Біз олимпиадалық принциптерді білуіміз керек. Олимпиада ойындары – қазіргі заманның феномені. Бұны қазір еліміздің жастары жақсы түсінді. Таяуда Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да дөңгелек үстелде әріптестермен бас қостық. Сонда спорттық құқық туралы қызық әңгіме болды. Қазір дүниежүзінде спорттық құқықтың мамандары жұмыс істейді. Ол қандай тренер? Бізде кейбір спортшылар допингпен ұсталып, дисквалификацияға жіберіледі. Себебі, бізде спортшыны тренер қорғай алмайды. Тренер спортшыны қорғау үшін спорттық құқықты білуі керек. Оны білу үшін Олимпиадалық принциптерді білуі керек. Олимпиадалық принциптен бөлек, том-том инструкциялар бар. Ол ереженің бәрін білу қажет.
Бұл жағдайда қанша нұсқаулар бар. Мына дәріні ішуге болады, мынаны болмайды. Мәселен, спортшы тұмауратып ауырып қалды делік. Ол дәрі ішеді. Ал, ол дәрі тыйым салынған тізімде тұр. Оны ішу үшін неше күн бұрын ХОК-ке хабарлау керек. Оларға анықтаманы жолдасаң, жеткілікті. Оны допингпен ұстамайды. Фармацевт дәрігерлер қай уақытта ішуге болатынын, болмайтынын білуі тиіс. Ағзаның қалыпқа келуі үшін қай уақытта доғару керек. Бұл жердегі басты керегі – сауаттылық. Сол себепті де, спорттық құқықтың да тренері болуы керек. Бұған да мән беретін уақыт жетті.
Спорттық құқықтың мамандарын халықаралық деңгейде даярлау –уақыттың талабы. Көпшілік спортшының тек жеке бапкерін ғана біледі. Ал, қазіргі уақытта оның жанында жүретін басқа да да мамандар бар. Қазір тамақтандыру тренері, фитнес тренері бөлек. Осындай командалық жұмыстың нәтижесінде теннисші Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы болды. Оның фитнес, тамақтандыру тренері бөлек. Отандасымыз US Open-ді жеңіп, біздің елді әлемге танытып отыр. Міне, спорттың құдіреті осында.
Қазір Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да спорттық зертхана салу жобасы талқылануда. Ол студенттерге керемет олжа болар еді. Онда басқа да оқу орнының шәкірттері де тәжірибе жасай алады.
– Қазір технологияның дамыған кезеңі. Цифрландыру, жасанды интеллекті дәуірінде бұқаралық спортты, жоғары спорт жетістерін дамытудың қандай тетіктері бар?
– Әрине, жасанды интеллект, цифрлы технологиялардың жоғары спорт жетістіктерін арттыруға да қосар үлесі өте көп. Айталық, екі спортшы немесе екі команда бәсекеге шығады. Сонда спорт интеллекті, цифрландыру арқылы қарсылас команданың күшті жағын, әлсіз тұсын білу өте оңай. Жасанды интеллекті команданың оның алдындағы он ойынын сараптап, қандай есеппен ұтылып, ұтқанын зерделейді. Негізінен, оны 20 адамдық штатпен, командамен жасайсың. Ал, ЖИ бұл жерде оны бір сағатта жасап шығарады. Сөйтіп, оның талдауын тренердің қолына береді. Қателік бір пайыз ғана болуы мүмкін. Оның пайдасы өте зор. Біз бұған да мән беруіміз керек.
Цифрлы технологиялар, ЖИ-ді қолданбай әрі қарай алға жүру болмайды. Спорт интеллектін дүниежүзі футбол, теннис, тағы басқа спорт түрлерінде қолданып жатыр.
Дегенмен, ЖИ-дің теріс әсері де бар. Қазір жастардың бәрі смартфонға әуестеніп алған. Қимыл-қозғалыс аз. Бұл – гиподинамия деген мәселе. Яғни, біз жаңа ғасырдың игілігін жақсы жақтарға, дұрыс мақсатқа қолдана білуіміз керек. Ғылыми-техникалық прогрестің екінші қыры – технология дамыған сайын адамның табиғи қозғалысы азаяды. Компьютер, смартфон, планшет, қашықтан жұмыс істеу, онлайн оқу және цифрлық қызметтер адамның күнделікті өмірін жеңілдеткенімен, дене белсенділігін төмендетуде. Сондықтан, цифрландыру дәуірінде дене мәдениетінің рөлі әлсіремейді, қайта еселеп күшейеді.
Мемлекет басшысы биыл тамыз конференциясында балаларды цифрлы тұрғыда қорғауды баса айтты. Жасөспірімдердің денсаулық мәселесіне ерекше тоқталды. Әлеуметтік желілерді шектегеннен кейін ол уақытты дене тәрбиесімен толтыру назарда болуы қажет. Жасөспірімдердің әлеуметттік желідегі белсенділігін азайтуға дүниежүзі елдері әрекет жасап жатыр. Сондықтан, ойланатын уақыт жетті. Дене тәрбиесін біздің ұлт өмір салтына айналдыруы тиіс. Сол кезде біз алға шығамыз деп ойлаймын.
Жалпы көшпелі халықта бәрі жүйелі түрде дене тәрбиесімен шұғылданған. Аттың үстінде отырудың өзі дене тәрбиесі еді. Қазір өмір салты басқа. Жалпы көп отырғаннан да омыртқа қисаяды, цифрлы құралдардан көру қабілеті төмендейді. Оның бәрінен құтқаратын — саламатты өмір салты. Яғни, дене тәрбиесінің феномені тағы да алға шығады.
Жасанды интеллект – машиналардың ақылы, дене мәдениеті – адамның денсаулық ақылы. Осы екі стратегиялық бағыттың үйлесімді дамуы ғана еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ұлт денсаулығын нығайтып, еліміздің жарқын болашағына берік негіз қалайды.
Дені сау ұлт – қуатты мемлекет. Ал, дене шынықтыру – сол қуаттың сарқылмас стратегиялық ресурсы. Сондықтан, XXI ғасыр Қазақстан үшін тек жасанды интеллект ғасыры ғана емес, дене мәдениеті мен салауатты өмір салтының жаңа өрлеу дәуірі болуы тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Т.ҚАСЫМОВ
Суретті түсірген Б. СЕЙІТЖАППАР,
“Шымкент келбеті” газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары