Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада Кітап оқитын ұлт жобасы аясында «Күз және біз» атты поэзиялық кеш өтті. Тағдырластар клубының кезекті кездесуінде «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов, “Әділет” партиясының Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мақсат Жанұзақұлы және клуб мүшелері қатысты. Іс-шарада қатысушылар поэзия оқып, ән айтып, өзара әдеби пікір алмасты..
Кеш барысында қатысушыларға кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы бейнеролик көрсетіліп, жазушы Мұхтар Мағауиннің кітап оқу жөніндегі ойлары ұсынылды.
Кітапхана мамандарының айтуынша, Тағдырластар клубы 2011 жылы құрылған. Содан бері он бес жылдан астам уақыт бойы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтардың басын қосып, олардың қоғамдық ортаға белсенді араласуына мүмкіндік беріп келеді.
– Тағдырластар клубының түпкі мақсаты – көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарды бір ортаға топтастырып, олардың өзін еркін сезінуіне жағдай жасау. Сонымен қатар қоғамдық ортаға сіңісіп, рухани орта қалыптастыру. Бүгінде клубтың жұмысы «Кітап оқитын ұлт» жобасымен де сабақтасып келеді. Кітапхана саласында болғандықтан, кітап оқуды насихаттауға бағытталған бастамаларды жан-жақты қолдап келеміз, – деді Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың тифлология бөлімінің меңгерушісі Ербек Бакиев.
Кеш қонағы, «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов та кітап оқудың қоғам үшін маңызын атап өтті.
– Кітап – ақысын сұрамай ақыл беретін алтын қазына. Бүгінде әлеуметтік желі қарқынды дамып келеді. Дегенмен, адам тек әлеуметтік желідегі ақпаратпен шектелмеуі керек. Терең білім мен зерденің қалыптасуында кітаптың орны бөлек. Президентіміздің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасының да негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, елін сүйетін азамат болудың бір жолы – кітап оқу, – деді Ербол Байқонысов.
Оның айтуынша, кітап оқу – тек жеке адамның білімін арттыратын әдет емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын маңызды құрал. Осы ретте тарихтағы Отырар кітапханасы секілді рухани мұраларды еске алу да бүгінгі ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктейді.
Поэзия мен кітапты арқау еткен «Күз және біз» кеші осылайша тағдырлас жандардың басын қосып қана қоймай, әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, кітап оқудың құндылығын тағы бір мәрте айшықтады.
Айдана МҰХТАРОВА,
“Шымкент келбеті”
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары