Өнегелі ғұмырдың өшпес ізі — Xnews — ақпарат агенттігі

Өнегелі ғұмырдың өшпес ізі

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде «Журналиссимус Байдулла Қонысбек» атты журналистік-танымдық конференция өтті. Тағылымды жиын қазақ журналистикасының оңтүстік өңіріндегі көрнекті өкілі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Түркістан облысының Құрметті азаматы Байдулла Қонысбектің өнегелі өмірі мен кәсіби жолына арналды.

Конференция журналистің өмір жолы құрғақ деректермен ғана емес, оны жақын білген жандардың жүрекжарды естеліктері арқылы сабақтасты. Жиынға қаламгердің перзенттері, шәкірттері, әріптестері мен замандастары қатысып, журналистің адамдық болмысы, азаматтық ұстанымы, шығармашылық ізденістері және кәсіби мектебі туралы ой бөлісті. Бұл студенттер үшін кешегі журналистиканың мектебін көріп, сол мектептен өткен аға буынның тәжірибесін тыңдауға мүмкіндік берген мәнді басқосу болды.

Оңтүстік өңіріндегі журналистика туралы сөз болғанда, Байдулла Қонысбектің есімі ең алдымен газет пен телевидение мектебімен қатар аталады.

Ол «Оңтүстік» телеарнасының негізін қалаушылардың бірі болды. Алғашқы жылдардағы қиындықтарға қарамастан, өңірлік телевизияның қалыптасуына еңбек сіңірген аға буын өкілдерінің қатарында Байдулла Қонысбектің орны ерекше аталады.

Конференцияда сөз алған Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Азамат Парманов Байдулла Қонысбектің адамдық қасиеттеріне ерекше тоқталды.

-Адамның артында қалатын ең үлкен мұрасы оның ел жадында қалатын азаматтық болмысы. Байдулла Қонысбектің ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық. Байдулла аға қарапайым, адал әрі іскер еді. Осы үш қасиет оның болмысын айқындайтын. Адалдығы сөзі мен ісінің үйлесімділігінен байқалатын. Журналистің басты міндеті халықтың сөзін сөйлеу деген қағидада болды. “Оңтүстік” телеарнасын құруы арқылы өңірлік телерадио саласына үлкен үлес қосты, – деді Азамат Парманов.

Шын мәнінде, Байдулла Қонысбектің кәсіби өміріне көз салсақ, осы сипаттардың әрқайсысын нақты істерінен көруге болады.

Конференцияны ұйымдастыруға мұрындық болып, жиынды жүргізген «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай журналистикаға еңбегі сіңген тұлғаны ұлықтаудың мәніне тоқталды.

Ол университет басшылығы мен ұжымына журналистика саласына қатысты осындай тағылымды жиын өткізіп, жас мамандарға аға буынның өмір жолын танытуға мүмкіндік жасағаны үшін журналистер қауымы мен көпшілік көрермендер атынан алғыс білдірді.

Журналистикада ұстаздықтың орны бөлек. Байдулла Қонысбек те өзінен кейінгі буынға кәсіби тәжірибесін беріп, көптеген жас журналистің қалыптасуына ықпал еткен тәлімгер ретінде есте қалды. Оның шәкірттері бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының әр саласында еңбек етіп жүр.

Келелі басқосуда Байдулла ағаның өмір жолындағы көп жақсылықтың бір бөлігі ғана сөз болғаны сезілді. Оны көрген, бірге қызмет еткен, ақылын тыңдаған адамдардың әрқайсысының естелігі бір-бір тарих.

Бірі оның қарапайымдылығын айтса, бірі талапшылдығын, енді бірі адамға жақындығын еске алды. Оның өмір жолы бір адамның кәсіби ғұмырнамасы ғана емес, тұтас бір кезеңдегі оңтүстік журналистикасының тарихымен сабақтас. Ол журналистиканы атақ пен қызметтің баспалдағы емес, елге қызмет етудің жолы деп түсінді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде журналист мамандарын даярлайтын бөлім бар.

Бүгінгі студент үшін мұндай тұлғаның өмір жолын білу өткенді еске алу ғана емес. Бұл журналист мамандығының жауапкершілігін түсіну, сөздің салмағын сезіну, халық алдындағы міндетті ұғыну.

Байдулла Қонысбектің журналистік мектебі, шәкірттері, қаламынан туған дүниелері мен азаматтық болмысы ел жадында қалды. Адамның ғұмыры оның туған және қайтқан жылдарымен ғана өлшенбейді. Оның ғұмыры елге жасаған қызметімен, артында қалдырған ізгі ізімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, ағаның өмірі кейінгі буынға тағылым болатын тұтас бір мектеп.

«Шымкент келбеті»

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...