Шымкент қаласындағы №14 кітапхана бөлімшесінде балалар жазушысы Нәсіреддин Сералиевтің шығармашылығына арналған «Балалар әлемінің жарқын жазушысы» атты әдеби кездесу өтті. «Бір қала – бір кітап» акциясы аясында ұйымдастырылған тағылымды шараға фантаст-жазушы Сарманбай Исақ, балалар жазушысы Айтбозым Мұратбеков, ақын, сазгер Айзада Бекенқызы және 5-6 сынып оқушылары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Н.Сералиевтің өмірі мен шығармашылық жолын жас оқырмандарға кеңінен таныстыру, қаламгердің қазақ балалар әдебиетіне қосқан үлесін насихаттау және оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.
Шара барысында қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндама жасалып, «Қаламгер әлеміне саяхат» атты бейнебаян көрсетілді. Қонақтар оқушылармен еркін пікір алмасып, жас оқырмандардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесудің мазмұнды бөлімдерінің бірі – «Мен оқыған шығарма» тақырыбындағы оқушылардың ой бөлісуі болды. Балалар жазушының шығармаларынан алған әсерлерін айтып, кейіпкерлердің бойындағы адамгершілік, мейірімділік, достық секілді қасиеттер туралы өз ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, «Балалар әдебиетінің дара тұлғасы» атты сұрақ-жауап кезеңінде оқушылар жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты білімдерін толықтырды. Кітапхана төрінде ұйымдастырылған «Нәсіреддин Сералиев – балалар әдебиетінің сырлы қаламгері» атты кітап көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.
Балалар жазушысы Айтбозым Мұратбеков қаламгердің шығармаларының тәрбиелік мәніне тоқталды.
– Нәсіреддин Сералиевтің шығармаларын біз де жас кезімізде оқып, оның кейіпкерлерімен бірге талай әсерлі сәттерді бастан өткердік. Қаламгердің әр туындысынан бала жүрегіне жол табатын ізгілік пен мейірімділік сезіледі. Оның шығармаларын оқып өскен бала ата-анасын қадірлеуге, айналасына жанашырлықпен қарауға, адамды сыйлауға үйренеді. Сондықтан осындай тағылымды кездесулерді жиі өткізіп, қаламгер мұрасын бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауымыз керек. Баланың кітапқа деген қызығушылығы осындай жүздесулер арқылы артып, әдебиетке деген сүйіспеншілігі қалыптасады», – деді ол.
Әдеби кеш ән-жырмен де өрнектелді. Кеш барысында Акенбай Дінмұхаммедтің орындауында «Менің досым», «Ассалаумағалейкум» әндері шырқалып, «Еркеназ» тобы «Бірлігіміз жарасқандай» әнін орындады.
Тағылымды басқосуда балалар әдебиетінің рухани құндылығы, кітап оқудың маңызы және қаламгер мұрасын жас ұрпаққа жеткізудің мәні кеңінен сөз болды. Осындай әдеби кездесулердің басты құндылығы – жас оқырманды кітаппен жақындастырып қана қоймай, оның ой-өрісін кеңейтіп, көркем шығарма арқылы адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруге ықпал етуінде.
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Шымкент келбеті»
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары