Шымкентте күзгі әскерге шақыру науқаны аясында 1300-ден астам азаматты әскери қызметке жіберу жоспарланып отыр. Науқан 1 қыркүйекте басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Қазір шақырылушылар медициналық тексеру мен психологиялық іріктеуден өтіп, шақыру комиссиясының қарауына жіберілуде. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері әскерге шақыру тәртібі мен әскери қызметшілерге берілетін мүмкіндіктер туралы айтып берді.
Әскерге шақырылатын азаматтардың әскери қызмет түріне бөлінуі олардың денсаулық жағдайы, медициналық тексеру қорытындысы, кәсіптік-психологиялық іріктеу және дайындық деңгейі негізінде жүргізіледі. Әскерге шақыру жұмысын жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады, ал шақыру комиссиясына қала әкімінің орынбасары төрағалық етеді.
Көктемгі шақыру науқаны кезінде Шымкенттен Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 1200-ге жуық азамат жіберілген.
Әскерге шақыру бойынша хабарламалар азаматтарға тұрғылықты немесе жұмыс орны бойынша табысталады. Сондай-ақ 1414 сервисі арқылы SMS-хабарлама жіберіледі. Кейінге қалдыру немесе әскери қызметтен босату заңнамада көзделген негіздер бойынша электрондық үкімет порталы арқылы рәсімделуі мүмкін. Сонымен бірге әскерге шақырудан негізсіз жалтарған азаматтарға заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Әскери қызметке шақыру және одан босату немесе кейінге қалдыру мәселелері қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Еске салсақ, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір Тудың астына жиналған. Бірлігін нығайтып, жұртын жаудан қорғаған. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз. Біртұтас Қазақстан халқы мұны жақсы түсінеді» деп айтқан еді.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары