Шымкентте 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Жылу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында желілерді сынау, жөндеу және реконструкциялау, жылу көздерінің негізгі жабдықтарын дайындау, сондай-ақ отын қорын қалыптастыру бағытында жұмыстар атқарылуда.
Қаладағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 838,6 шақырымды құрайды. Оның 152 шақырымы – магистральдық, 686,6 шақырымы – ішкі орамдық желілер. Сәуір айынан бастап желілерге гидравликалық сынақ жүргізіліп, нәтижесінде 135 ақау анықталған. Оның 108-і жойылды, қалған 27 ақауды қалпына келтіру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда.
Бүгінде 31 дербес қазандықтың 29-ы, 17 сорғы станциясының 15-і және 2241 көпқабатты тұрғын үйдің 2134-і жылыту маусымына дайын. Сонымен қатар, 463 бюджеттік мекеменің барлығы дайындықтан өткен. «3-Энергоорталық» АҚ-да негізгі жабдықтарды маусымға әзірлеу жұмыстары да белгіленген кесте бойынша жүргізілуде.
Жылу инфрақұрылымын жаңарту бағытында да бірқатар жоба іске асырылуда. Аса қауіпті учаскелер қатарынан магистральдық жылу желілерін реконструкциялауға алты учаске ұсынылған. Жоба аясында жалпы ұзындығы 11,3 шақырым болатын желілерді жаңғырту көзделсе, биыл 890 метр құбырды ауыстыру жоспарланған.
Бұдан бөлек, қаладағы 18,5 шақырым жылу желісіне ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Жұмыстар 10 шілдеде басталған. Қазіргі таңда 16,1 шақырым құбыр демонтаждалып, 9,9 шақырымы монтаждалды.
Жылу желілерінің жағдайын бақылау мақсатында биыл құбырішілік диагностика жұмыстары да қолға алынды. Жоспарланған жеті учаскедегі, жалпы ұзындығы 5 шақырым магистральдық жылу желілерін диагностикалау жұмыстары толық аяқталған.
Жылыту маусымына қажетті отын қоры да қалыптастырылуда. Қала бойынша көмірге деген жалпы қажеттілік 22,1 мың тоннаны құрайды. Оның 4,8 мың тоннасы бюджеттік мекемелер мен дербес қазандықтарға, 17,3 мың тоннасы тұрғындарға арналған. Қазіргі уақытта қаладағы сегіз теміржол тұйығында алты өңірлік көмір операторы жұмыс істеп, қоймаларда 10 мың тоннадан астам көмір қоры жинақталған.
Шымкенттің негізгі жылу жеткізушісі «3-Энергоорталық» АҚ. Кәсіпорынның негізгі отыны табиғи газ, ал резервтік отын ретінде мазут пайдаланылады. Қоймада өткен жылыту маусымдарынан қалған 10 661 тонна мазут қоры бар.
Жалпы, жылыту маусымы басталғанға дейін жылу энергетикасы нысандарының толық дайындығын қамтамасыз ету, анықталған ақауларды жою және жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Толығырақ: https://youtube.com/live/U8Itcr-ACLE
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары