Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қазақ сатирасының көрнекті өкілі, Қазақстанның Құрметті жазушысы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын-сатирик Мұхтар Шерімнің шығармашылығына арналған тағылымды әдеби кеш өтті. «KІТАП TIME – 2026» V жалпы республикалық фестивалі аясында қаламгердің Пәкістанда ағылшын тілінде жарық көрген «A HUMAN BUT NOT HUMAN» («Адамға ұқсаған адам») атты екі бөлімді кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.
Қазақ әдебиеті мен ұлттық сатираның шетелдік оқырманға жол тартуы – ел мәдениеті үшін елеулі оқиға. Себебі, қаламгер шығармасының өзге тілге аударылып, халықаралық кеңістікке шығуы – бір адамның ғана шығармашылық жетістігі емес, тұтас қазақ әдебиетінің әлемдік оқырманға танылуына жасалған қадам.
Кешті ҚР Мәдениет қайраткері, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ аға оқытушысы Сайлаубек Лесбаев жүргізді. Шара барысында «Әлемді шарлаған Мұхтар Шерім» атты бейнеролик көрсетіліп, қаламгердің шығармашылық жолы мен сатира жанрындағы өзіндік қолтаңбасы таныстырылды. Сондай-ақ, «Сатира снайпері – Мұхтар Шерім» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, жазушының әдеби мұрасы көпшілік назарына ұсынылды.
Кештің шымылдығын мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Убайдуллақызы ашты.
Тұсаукесер рәсімінен кейін Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ филология факультетінің «Аударма ісі» мамандығында білім алатын 4-курс студенттері автордың шығармаларынан ағылшын тілінде әдеби композиция ұсынды. Бұл өз кезегінде кештің мазмұнын байытып, қазақ қаламгерінің шығармашылығын ағылшын тіліндегі орындау арқылы танытуға мүмкіндік берді. Екі бөлімнен тұратын жаңа жинақтың ағылшын тілінде Пәкістанда жарық көруі – Мұхтар Шерім шығармашылығының халықаралық деңгейде мойындалып, қазақ сатирасының шекара асып келе жатқанын көрсетеді.
Шара барысында Мұхтар Шерімнің шығармалары сахнада жаңаша сипатта жанданды. «Шымкент концерт» концерттік ұйымының, филармония әншісі Тұрар Әлменов Иманжүсіптің «Жігіттерге өсиет» әнін орындаса, жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Захардин Қыстаубайұлы қаламгер шығармашылығы туралы жылы лебізін білдірді. Белгілі сатирик, актер, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Жүсіп Ақшора «Түрмелестер» монологын оқып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
Тараздан арнайы келген қонақтар да кештің көркін қыздырды. Ақын, журналист, әнші-сазгер Үміт Битенова, Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы, шымкенттік жазушы Захардин Қыстаубайұлы қаламгерге деген ыстық ықыластарын білдіріп, шығармашылық жолына тоқталды.
Көсемәлі Сәттібайұлы өз сөзінде автордың қазақ сатирасына сіңірген еңбегіне айрықша тоқталды.
— Бүгін қазақтың сатиригі, әзіл әлемінің майталманы Мұхтар Шерімді қалай болғанда да төбемізге көтеріп, ерекше құрметпен атап өтетін күн. Өйткені, ол – қазақтың сатирасын ел ішінде ғана емес, сонау шетелге танытып, “қазақ” деген қасиетті атауды әзіл мен өнер арқылы әлемдік кеңістікке алып шыққан қаламгер. Сатира – жай ғана күлдіру емес, қоғамның кемшілігін көріп, оны ащы әзілмен жеткізе білу. Мұхтар осы жанрдың табиғатын терең түсініп, өзіне ғана тән өткір тілімен талай мәселені дөп басып айтып келеді. Бүгін оның кітабының Пәкістанда ағылшын тілінде жарық көруі – сол еңбектің, сол ізденістің нәтижесі. Бұл – бір Мұхтардың ғана емес, қазақ сатирасының мерейі. Сондықтан бүгінгі күнді қазақ әзіл-оспағының шекара асып, әлем оқырманына жол тартқан қуанышты күні деп бағалаған жөн, – деді ол.
Шара барысында М. Шерімнің сатиралық шығармалары оқылып, оның қаламгерлік болмысы, қоғамдағы құбылыстарды әзіл арқылы дәл әрі өткір жеткізе білетін шеберлігі сөз болды. Қаламгердің шығармашылығына деген құрмет кешке қатысқан зиялы қауым өкілдері мен әдебиетсүйер қауымның лебізінен анық байқалды.
Кеш соңында кітапхана директоры, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері Анар Жаппарқұлова қорытынды сөз сөйлеп, кітаптың жарық көруі мен оның тұсаукесерінің маңыздылығына тоқталды.
Мұхтар Шерімнің Пәкістанда ағылшын тілінде жарық көрген «A HUMAN BUT NOT HUMAN» кітабы – қазақ сатирасының халықаралық кеңістікке шығуына жасалған тағы бір қадам. Ұлттық әдебиеттің өзегін сақтай отырып, әлем оқырманына жол тартқан бұл еңбек қазақ сөз өнерінің шекарамен шектелмейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Шымкент келбеті»
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары