Шымкент: Инклюзивті жүгіріс балаларды бір алаңға жинады — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент: Инклюзивті жүгіріс балаларды бір алаңға жинады

Шымкент қаласындағы дендрологиялық саябақта Балаларды қорғау күніне орай «Инклюзивті жүгіріс – 2026» іс-шарасы ұйымдастырылды. «Arman Alemi» кедергісіз қозғалыс қауымдастығының бастамасымен өткен шара ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларын қолдауға бағытталды.

Дәстүрлі түрде өткізілетін жүгіріс сайысының басты мақсаты – әрбір бала үшін тең мүмкіндікке негізделген қолдаушы орта қалыптастыру, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету және өзіне деген сенімін нығайту. Сонымен қатар, бұл жоба ерекше балаларды, ата-аналарды, еріктілерді және қала тұрғындарын бір ортаға тоғыстыратын маңызды әлеуметтік бастамаға айналды.

Биылғы іс-шараға 1000-нан астам бала мен олардың ата-аналары қатысты. Шара барысында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ербол Байқонысов пен қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов қалада инклюзивті спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Олар мұндай бұқаралық спорттық іс-шаралар балалардың белсенді өмір салтын ұстануына және қоғаммен етене араласуына оң әсер ететінін жеткізді.

Жүгіруге қатысушылар мамыр айы бойы кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен арнайы дайындықтан өтті. Бұл олардың дене белсенділігін арттырып қана қоймай, өз мүмкіндіктеріне деген сенімін күшейтуге ықпал етті.

Іс-шара аясында балаларға арналған ойын-сауық және интерактивті алаңдар жұмыс істеп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Жүгіру сайысының қорытындысында барлық қатысушыларға естелік медальдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Инклюзивті жүгіріс қоғамдағы өзара қолдау мен бірлікті нығайтып, әр баланың мүмкіндігі шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

x

Check Also

Садақ атудан әлем чемпионатының жүлдегерлерін салтанатты түрде қарсы алды

Шымкент халықаралық әуежайында Оңтүстік Кореяда өткен садақ атудан әлем чемпионатында жеңіске жеткен спортшыларды жерлестері салтанатты түрде қарсы алды. Ульсан қаласында ...

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...