Қала күніне орай, шымкенттіктерге жасалып жатқан тарту-таралғылардың көшін жаңарған, жаңғырған саябақтар бастап тұр. Тұрғындардың жайлы, саялы ортада демалуы үшін жасалынып жатқан игі істер өз нәтижесін бере бастады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың бастамасымен қолға алынған сондай жобалардың бірі – бұған дейін қоқыс полигоны болып келген аумақтың саялы баққа айналуы болып отыр.
Тілге тиек етіп отырғанымыз – «Экопарк». Құрылысына ресми түрде старт берілгелі жаңа жоба жұртшылықтың назарынан түспеді. «Ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқандай» дегендер де болды. Шымкенттіктер үшін қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен салынған дендрологиялық саябақтың орны ерекше. Жылдар бойына қордаланған қоқыс полигонының орнына салынған саялы бақ бүгінде шымкенттіктерді ғана емес, қала қонақтарын да тамсантып, аптап ыстықта жанға жайлы мекенге айналған. Тарихи нысанның жалғасындай етіп биыл Ғабит Сыздықбековтың бастамасымен экопарк бой көтерді. Нәтижесінде Алматы тас жолы бойындағы ұзақ жылдардан бері тұрмыстық қалдықтар төгілген аумақ, яғни, 45 гектар жер – жасыл желекті, заманауи демалыс орнына айналуда.
Бұл жоба тұрғындар мен қала қонақтарына арналған жаңа қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздейді. Экопаркта қала тұрғындарының белсенді демалыс өткізуіне, серуендеуіне және спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалмақ.
Жобаны әзірлеу барысында мамандар: «Экологиялық таза материалдарды пайдалануды басты міндет етіп алдық», – дейді. Бұл нысандардың қоршаған табиғи ландшафтпен үйлесімді кірігуіне мүмкіндік береді. Экопарк аумағында велосипед жолақтары мен жайлы жаяу жүргіншілер соқпақтары салынып, демалыстың әртүріне арналған тоғыз арнайы кеңістік жасалуда. Оның ішінде балалар ойын алаңдары мен спорттық алаңшалар да болады.
Жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын жолдың бойына 4 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Соның нәтижесінде парк отбасылық серуендеуге, бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізуге және табиғат аясында демалуға қолайлы орынға айналмақ.
Жаңа жасыл аймақты қалыптастыру кезінде бұрынғы полигонның ізі мүлдем сезілмейтіндей қауіпсіз әрі сау экологиялық орта құруға ерекше көңіл бөлінген. Қалдықтардың қалдықтары бір жарым метрлік топырақ қабатымен және органикалық тыңайтқыштармен жабылады. Сонымен қатар, көмірқышқыл газын сыртқа шығаратын арнайы құбырлар жүйесі орнатылып, ауаның тазалығы қамтамасыз етілген.
Экопарк құрылысының жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайды. Жобаны жүзеге асыру жұмыстары Hexo Foundation қорының қолдауымен жүргізілуде..
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа нысан қаланың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындар мен туристердің сүйікті демалыс орнына айналатынын айтады.
Бұл жобаның басты мақсаты – тұрғындарға арналған экологиялық таза қоғамдық кеңістік құру.
Қала басшысының айтуынша, аталған жоба болашақта Қазақстандағы экотуризмді дамытуға серпін беретін маңызды нысанға айналуы мүмкін. Бір кездері қоқыс төгілген аумақтың заманауи экологиялық паркке айналуы өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, ерекше концепциясы мен табиғи келбеті арқылы келушілерді қызықтыратын жаңа орталық болмақ.
Жалпы аумағы үш бөлікке – оңтүстік, орталық және солтүстік аймақтарға бөлінген тағы бір парк – SHYM CITY. Бұл парктің де атракциондар бөлігі қала күні мерекесіне орай тұрғындарға пайдалануға берілмек. Жалпы парктың аталған бөліктерінің әрқайсысы демалыс пен ойын-сауықтың ерекше мүмкіндіктерін ұсынады.
Парктың оңтүстік бөлігінде негізгі кіреберіс қызметін атқаратын биіктігі 10 метрлік айбынды арка орналасқан. Сондай-ақ, мұнда жайлылық пен әсемдік атмосферасын қалыптастыратын субұрқақтар кешені бар.
Жаяу жүргіншілер аллеялары, велосипед және жүгіру жолақтары парк аумағын толықтай қоршап жатыр. Ал, орындықтар, workout-алаңшалары және балалар ойын кешендері барлық жастағы келушілерге жайлы демалыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Парктың орталық бөлігі аумағы 5800 шаршы метрді құрайтын жасанды көлімен ерекшеленеді. Көлдің айналасында әртүрлі тағам түрлерін ұсынатын фудкорт аймағы ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, мұнда мәдени іс-шаралар мен концерттер өткізілетін амфитеатр орналасқан. Белсенді демалысты ұнатушылар үшін аттракциондары бар ойын-сауық саябағы қарастырылған. Ал, спорттық аумақта футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ скейт-парк орналасқан.
Парктың солтүстік бөлігі тыныштық пен оңашалықты қалайтын келушілерге арналған. Бұл аймақ таза ауада серуендеуге және табиғаттың сұлулығынан ләззат алуға өте қолайлы. Бұл парк қала тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз тартымды орталыққа айналып, белсенді әрі жайлы демалыс өткізуге арналған сан алуан мүмкіндіктерді ұсынады.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшылыққа алған тағы бір жоба – бұрынғы «Қиял әлемі» саябағының қайта жаңғыруы.
–Саябақтың жоспарлау құрылымын қалыптастыру кезінде дәстүрлі саябақтарға тән симметриялық композициядан саналы түрде бас тартылды. Оның орнына табиғи ортаға бейімделген еркін жоспарлау тәсілі таңдалды. Бұл шешім аумақ ішінде әртүрлі демалыс сценарийлерін ұйымдастыруға, функционалдық аймақтар арасында табиғи әрі ыңғайлы байланыс орнатуға мүмкіндік береді,- дейді қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар.
Айтпақшы, жобаның негізгі ерекшелігі саябақтың барлық бөліктерін біріктіретін су-ландшафты болып отыр. Бұл идея аумақтың көркемдік келбетін қалыптастырып қана қоймай, келушілер үшін саялы демалыс аймағын қалыптастырып отыр.
Заманауи субұрқақтар, су алаңы, балаларға арналған су ойын алаңшалары, абаттандырылған жағалауы бар көркем көл көз сүйсінтеді. Су айдындары мен жасыл желектердің үйлесімі саябаққа ерекше сән беріп, тұрғындарға табиғат аясында тынығуға мүмкіндік жасайды.
Саябақтың функционалды құрылымы әртүрлі жас санатындағы тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып жасалған. Мұнда белсенді және тыныш демалыс аймақтар үйлесіммен ұйымдастырылуда.
Аумақта командалық спорт түрлеріне арналған алаңдар, заманауи жаттығу құрылғылары қойылған спорттық аймақтармен қатар жүгіру және серуендеу жолақтары да қарастырылған. Мұның бәрі тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырып, саябақта адамдар өзіне ыңғайлы аумақты таңдауына мүмкіндік беріп отыр.
Саябақта түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу үшін арнайы орындар қарастырылған. Ашық сахна, амфитеатр және икемді қоғамдық кеңістіктерде жәрмеңкелер, шеберлік сабақтары, жергілікті фестивальдер мен маусымдық іс-шараларды ұйымдастыруға мол мүмкіндік бар.
Содан да болса керек, бұл саябақ тек демалыс орны ғана емес, қала тұрғындарын біріктіретін маңызды әлеуметтік орталық қызметін де атқарады деген үміттеміз.
Жобада қарастырылған функционалдық шешімдердің барлығы саябақты көпқырлы әрі әмбебап қоғамдық кеңістікке айналдырған. Мұнда балалар да, жастар да, егде жастағы тұрғындар да өздеріне қолайлы демалыс түрін таба алады.
Бір сөзбен айтқанда, жаңа саябақ тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, мәдени іс-шараларды дамытуға және қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған заманауи қоғамдық кеңістік ретінде қызмет етпек.
Шымкенттіктердің көңілінен шыққан тағы бір жоба – «Жапон саябағы». Қаланың туған күніне орай, көпшілікке тарту етілгелі отырған бұл нысанның басты бояуы шығыс мәдениетінің үздік дәстүрлерін заманауи урбанистикалық шешімдермен ұштастыра берілуінде. Нақтырақ айтар болсақ, жапон бақтарының философиясына негізделген бұл жоба табиғатпен үндестік, тыныштық, сұлулық және үйлесімділік қағидаттарын басты орынға қойған.
Саябақтың әрбір бөлігі өзіндік мағынаға ие болып, келушілерді ерекше атмосфераға бөлейді. Мұнда табиғаттың сұлулығын тамашалап қана қоймай, жан тыныштығын тауып, мәдени-танымдық әсер алуға мүмкіндік бар.
–Жобаның ең көрікті бөліктерінің бірі – Сакура бағы. Бұл аумақта жапон халқының ұлттық символына айналған сакура ағаштарының аллеясы орналастырылады. Көктем мезгілінде қызғылт гүлге оранған ағаштар саябақтың ең тартымды нүктесіне айналмақ,- дейді Ә. Оңғар.
Саябақтағы тағы бір ерекше орындар санатына «Көлеңкелер орманын» жатқызуға болады. Бұл аумақта қалың бамбук тоғайлар бой көтеруде. Серуен жолақтардың бойында демалуға арналған орындықтар мен дәстүрлі жапон стиліндегі сәндік тас шамдар орнатылады. Табиғатпен үндескен бұл кеңістік келушілерге қаланың қарбалас тіршілігінен алыстап, тыныштық пен үйлесімділікті сезінуге мүмкіндік береді.
Жапондық ауылдың көрінісін бейнелейтін ерекше аймақты да осы саябақтан көресіз. Демалыс орындары, төбелер арасында орналасқан дәстүрлі қоңырау және шай плантациялары мен күріш алқаптарының көрінісі жасалмақ.
Саябақтың жүрегі саналатын Дзен орталығында табиғат пен адамның рухани әлемін байланыстыратын ерекше кеңістік ұйымдастырылуда.
Мұнда сарқырама мен сатылы бұлақ жүйесі, алып емен ағашы және тасты бақ орналасады. Сонымен қатар, арнайы медитация тоғайы жасақталып, онда шезлонгтар, гамактар және ағаш төсемдер орнатылады.
Бұл аумақ тұрғындарға табиғатпен бірге болуға, сырласуға, саялы ағаштар аясында тынығып, ой жинақтауға, медитация жасап, ішкі үйлесімділікті табуға мүмкіндік береді.
«Саябақ – тұрғындардың демалыс орны ғана емес, қоғамдық және мәдени іс-шаралар өткізілетін маңызды кеңістікке айналады», – дейді мамандар.
Сауда және қызмет көрсету нысандарының жанында кең ашық алаң ұйымдастырылып, мұнда жәрмеңкелер, фестивальдер, көрмелер, қолөнер шеберлерінің көрмелері және басқа да мәдени шаралар өткізіледі. Арнайы қатты төселген алаңдар уақытша павильондар мен көрме құрылымдарын орналастыруға мүмкіндік бермек.
Жобаның ең әсерлі бөліктерінің бірі ретінде «Көріністер көлін» айтар едік. Көл үстінен өтетін қызыл көпір, су үстіндегі арнайы орындықтар, серуендеуге арналған пирс пен шағын жағажай келушілерді ерекше әсерге бөлемек. Тағы бір ерекшелік, саябақтағы су тоғандарына балықтың сәндік кой тұқымы салынбақ. Бұл жапон мәдениетінде береке мен ұзақ өмірдің символы саналады екен. Сонымен қатар, аумақта тербелмелі орындықтар, әсемдік беретін композициялар және табиғи қалпында сақталған жағалау аймақтары орналасады.
Жобаны жүзеге асыруда бұрыннан бар, ескі ағаштарды сақтауға басымдық берілген. Оған қосымша жаңа жасыл желектер отырғызылып, сакура мен қызыл үйеңкі ағаштары саябақтың сәнін арттыра түспек.
Жаяу жүргінші жолына сапалы плиталар мен кеспетастар төселеді. Кейбір аймақтарда ағаш төсемдер қолданылса, табиғи композицияларды толықтыру үшін қиыршық тас пен малтатас пайдаланылады.
Саябақ аумағында көлеңкелі тербелмелі орындықтар және ыңғайлы серуендеу маршруттары қарастырылады.
Бұл жоба – жай ғана саябақ емес. Ол шығыс мәдениетінің терең философиясын, табиғатқа деген құрметті және заманауи қалалық ортаның қажеттіліктерін біріктірген бірегей кеңістік.
Сакура гүлдерінің нәзіктігі, сарқыраған судың әуені, бамбук орманының тыныштығы мен көл жағасындағы көркем көріністер тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше әсер сыйлап, саябақты қаланың жаңа көрікті орнына айналдырмақ.
Сала мамандары барлық саябақты Шымкент қаласының туған күні – Қала күні қарсаңында пайдалануға бермек. Десе де, мерекеге орай техникалық ашылуы болып, жобада қарастырылған талаптардың барлығы, толық салынып біткенге дейін құрылыс жұмыстары жалғаса береді.
Ж.ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ,
“Шымкент келбеті” газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары