Тарихын тереңнен тартқан шаһар — Xnews — ақпарат агенттігі

Тарихын тереңнен тартқан шаһар

Шымкенттіктер қала күнін тойлауды бастап кетті. Бұл күн қатардағы атаулы күн ғана емес. Шаһар тарихына көз жүгіртіп, жеткен жетістіктерін саралайтын, өткені мен бүгінгі келбетін сабақтастыратын ерекше күн. Қала тұрғындары шаһардың бүгінгі жетістіктеріне мақтанышпен қарап, болашағына сеніммен көз тастайды. Шымкенттің туған күні биыл кең көлемде аталып өтілуде. Мәдени-көпшілік іс-шаралар, гала- концерттер, көрмелер және спорттық жарыстар ұйымдастырылуда.

Археологиялық деректерге сүйенсек, қала тарихы 2200 жылдан асады. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан шаһар ғасырлар бойы сауда мен мәдениеттің, өркениеттің тоғысқан мекені болды. Бүгінде тарихы бай қаланың мол мұрасы сақтала отырып, сәулеті заманауи мегаполиске айналып келеді. Қала аумағында республикалық маңызы бар 7 және жергілікті маңызы бар 8 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Ежелгі «Ескі қалашық» аумағы қайта жаңғыртылып, бүгінде ашық аспан астындағы ірі тарихи-мәдени кешен ретінде қала тұрғындары мен туристердің сүйікті орындарының біріне айналды. 2018 жылы 19 маусымда Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Осы тарихи шешім шаһардың жаңа даму кезеңіне жол ашты десек қателеспейміз.

Сегіз жылдың ішінде қала бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсіп, инфрақұрылымы жаңарып, экономикалық және әлеуметтік әлеуеті еселеп артты. Мегаполис мәртебесі Шымкенттің сәулеттік келбетін де түбегейлі өзгертті. Қаланың солтүстік бөлігінде бой көтерген «Shymkent City» жаңа шағын ауданы бүгінде заманауи қаланың үлгісіне айналды. Көп қабатты жүздеген тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, саябақтар мен демалыс орындары жаңаша бой көтеруде.

Соңғы жылдары көлік және логистика саласында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Халықаралық талаптарға сай жаңа әуежай терминалы пайдалануға беріліп, теміржол вокзалы толық жаңғыртылды. Қала көшелері кеңейтіліп, жол құрылысы қарқынды дамып келеді. Көп деңгейлі жолайрықтар салынды. Бәйдібек би даңғылы бойындағы және Д.Қонаев пен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайрықтар көлік қозғалысын едәуір жеңілдетіп, тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік берді.

Шымкенттің басты жетістіктерінің бірі – инженерлік инфрақұрылымның қарқынды дамуы. Бүгінде қала халқы сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Электр энергиясымен қамту көрсеткіші 99 пайызға жетсе, табиғи газбен қамту деңгейі 97 пайыздан асты. Бұрын инфрақұрылым мәселесі өзекті болған шалғай елді мекендер мен тұрғын алаптар кезең-кезеңімен инженерлік желілермен қамтылып, халықтың тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарды. Әлеуметтік салада да оң өзгерістер аз емес. Халық саны бүгінде 1,2 миллионнан асып, Шымкент еліміздегі ең қарқынды дамып жатқан қалалардың біріне айналды. Осыған байланысты жаңа мектептер, балабақшалар, емханалар мен спорт нысандары салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында заманауи білім ошақтары пайдалануға беріліп, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Шымкенттің қарқынды дамуы нақты экономикалық көрсеткіштерден де анық байқалады.

Өткен аптада Мемлекет басшысының қабылдауында болған қала әкімі 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкенттің өңірлік жалпы өнімі 5,7 триллион теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 11 пайызға өскенін айтқан еді. Бұл көрсеткіш мегаполистің еліміздегі экономикалық өсім қарқыны бойынша өңірлер арасында екінші орынға көтерілуіне мүмкіндік берді. Қаланың инвестициялық тартымдылығы да жылдан-жылға артып келеді. Өткен жылы шаһар экономикасына 859,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның 72 пайызы жеке инвесторлардың үлесіне тиесілі болды. Жалпы инвестиция көлемінің 7,5 пайызға артуы кәсіпкерлердің Шымкентке деген сенімінің жоғары екенін және қаланың болашақтағы даму әлеуетінің зор екенін көрсетеді. Бұл көрсеткіштер үшінші мегаполистің тек аумақтық жағынан ғана емес, экономикалық қуаты тұрғысынан да еліміздің жетекші қалаларының біріне айналғанын дәлелдейді. Өндірістік аймақтар кеңейтіліп, жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Қалада ашылған индустриялық аймақтарында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Кәсіпкерлік белсенділігі жоғары, инвестиция тарту көрсеткіші тұрақты өсіп келе жатқан өңірлердің қатарында. Соңғы үш жылда қаладағы өнеркәсіп саласында ауқымды жұмыстар атқарылған. Осы кезеңде жалпы құны 170 миллиард теңге болатын 50 жоба іске қосылып, 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Кәсіпкерлік те қаланың негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Қазіргі таңда Шымкентте 133 мың белсенді кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Олар өндірген өнім көлемі 4,7 триллион теңгеге жеткен. Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – бизнестің қала экономикасындағы үлесінің артуы. Егер бұрын кәсіпкерліктің өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 41 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 56 пайызға дейін өскен. Бүгінде Шымкент Қазақстан бойынша туристер ең көп келетін қалалардың қатарына енді. Қонақтарды көне тарихымен қатар, ерекше қонақжайлығы, ұлттық тағамдары, мәдени нысандары мен табиғи көрікті жерлері қызықтырады. Қаланың брендіне айналған самса мен кәуап, тарихи орындар мен заманауи демалыс орталықтары туристердің тізім қатарында.

Алдағы күндері шымкенттіктер мен қала қонақтарын өнер мен мәдениетке толы ауқымды бағдарламалар күтеді.

Мысалы, 19-20 маусым күндері, сағат 19:00-де «Астана» алаңында еліміздің танымал Заттыбек Көпбосынұлы, Досымжан Таңатаров, Ғазизхан Шекербек, Нұржан Төлендиев, Сырым Исабаев, Әбдіжаппар Әлқожа, Төреғали Төрәлі, Нұрболат Абдуллин, Әділет Жауғашар, Райм, «КешYOU» тобы сынды эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Кешті Еркебұлан Мырзабек және Марат Оралғазин жүргізбек.

Бұдан бөлек, 20 маусым күні сағат 10.00-де «Түркістан» сарайында Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Шырайлы, шежірелі құтты мекен…» атты республикалық ақындар айтысы өтетін болады.

Дүбірлі додада еліміздің белгілі айтыскер ақындары Нұрмат Мансұр, Жансая Мусина, Иран-Ғайып Күзембаев, Дидар Қами, Ержан Әміров, Серік Қуанған, Рауан Қайдар, Қайырхан Жұбаниязов, Біржан Байтуов, Қажымұқан Абзалов, Мейіржан Жақып, Нұрмахан Жақыпбек бақ сынайды.

Айтысты Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізеді. Қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның халық жазушысы, қазақ айтыс өнерінің абызы Жүрсін Ерман.

Қала күні – бірліктің, берекенің, ортақ жетістіктің мерекесі. Сондықтан шырайлы шаһардың мерейтойын бірге атап өтіп, мәдени-көпшілік іс-шаралардың қадірлі қонағы болуға шақырамыз. Тарихы терең, тағылымы мол Шымкенттің бүгінгі жетістігіне бірге қуанып, жарқын болашағына бірге сенім артайық.

«Шымкент келбеті»

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...