Нұрлан Есенқұлов, айтыскер ақын: Халықаралық сахнада тұтас елдің намысын қорғадық — Xnews — ақпарат агенттігі

Нұрлан Есенқұлов, айтыскер ақын: Халықаралық сахнада тұтас елдің намысын қорғадық

– Нұрлан Келдібекұлы, дүниежүзілік Көшпенділер ойындары аясында өткен халықаралық айтыста жүлделі III орын алуыңызбен және Қырғызстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі атануыңызбен құттықтаймыз! Халықаралық айтысқа қай елдерден қанша ақын қатысты?

– Рахмет! Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанның Қырчын жайлауында, Алатаудың баурайында дүбірлеп өтті. Ауқымды іс-шараға әлемнің 109 елінен спортшылар мен өнер адамдары қатысты.

Айтыс – қазақ пен қырғызға ортақ рухани мұра. Сондықтан, ұйымдастырушылар Көшпенділер ойындарының бағдарламасына ұлттық сөз сайысын да енгізіп, қазақ пен қырғыздың суырыпсалма ақындарын бір сахнаға шығарды. Бұл ұлттық өнеріміздің мерейін асырып, оның халықаралық деңгейдегі беделін айқындаған айтулы дода болды.

Айтыс үш күнге созылды. Додаға Қазақстан мен Қырғызстаннан сегіз-сегізден, яғни барлығы 16 ақын қатысты. Алғашқы кезеңде ақындар жеребе арқылы жұптасып, өзара сөз сайысына түсті. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша екі елден сегіз ақын келесі кезеңге жолдама алды.

Одан кейінгі кезеңде Қазақстаннан екі, Қырғызстаннан екі ақын суперфиналға шықты. Мен екінші күнгі финалдық кезеңге дейін жетіп, екі қырғыз ақынымен айтыстым. Өкінішке қарай, суперфиналға жолым түспеді.

Дода барысында екі ел арасындағы бауырластық пен достықты дәріптеуге ерекше мән берілді. Әрине, айтыс болған соң қарсыластар арасында әзіл-қалжың, қағытпа, сын сөздер айтылмай тұрмайды. Бұл – айтыстың табиғатына тән дүние. Бір-біріміздің уәжімізге уәжбен жауап беріп, сөзбен сынаса отырып та татулықтың туын биік ұстауға тырыстық.

Қырғыз еліне алғаш рет барып отырған жоқпын. Бұған дейін де бірнеше мәрте қырғыз ақындарымен айтысып, олардың өнері мен мәдениетін жақсы танып үлгергенмін.

Былтыр Қырғызстан Республикасының егемендігіне арналған халықаралық айтыста Бас жүлдені жеңіп алдым. Ал, осыдан үш ай бұрын қырғыздың белгілі қоғам қайраткері, көрнекті драматургы Бексұлтан Жәкеевтің құрметіне ұйымдастырылған айтыста І орынға ие болдым. Сондықтан, бұл жолы Қырғызстанға елдің тыныс-тіршілігіне, тарихы мен рухани дүниесіне қатысты біраз дүниені біліп бардым.

Айтысқа Манас пен Ер Көкше, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Оспанқұл сынды өнер иелерінің достығын арқау еттік. Сонымен қатар, қос Мұхтар мен Шыңғыс Айтматовтың арасындағы рухани байланысты да жырға қостық. Одан берідегі Оразалы Досбосынов пен Элмирбек Иманалиевтің достығын да сөз еттік. Яғни, біз осылайша бұрынғы буын қалыптастырған рухани көпірдің бүгінгі ұрпаққа жалғасып келе жатқанын көрсетуге тырыстық.

Осы сабақтастықтың бәрін айтысқа өзек ете отырып, қазақ пен қырғызды құстың қос қанатындай, адамның қос қолындай, теміржолдың қос рельсіндей егіз мемлекет ретінде бейнеледік.

– Халықаралық деңгейдегі айтыстың өзге айтыстардан ерекшелігі қандай?

– Ел ішіндегі айтыстарда белгілі бір облыстың, қаланың немесе өңірдің намысын қорғаймыз. Ал, халықаралық сахнаға шыққан кезде бір ақынның артында тұтас ұлт, бүкіл ел тұрғандай сезім болады. Мұндай додадағы жауапкершіліктің де, ақынның арқалайтын жүгінің де салмағы бөлек. Өйткені, халықаралық сахнада сенің айтатын сөзіңе ғана емес, еліңнің мәдениеті мен өнеріне де баға беріледі. Халықаралық айтыстың басты ерекшелігі, міне, осында. Біз жүлделі орын алу үшін ғана емес, ұлттық өнерімізді таныту үшін сахнаға шығамыз.

– Дода барысында сізге ең қиын болған сәт жайлы айтыңызшы…

– Бірінші күнгі сайыспен салыстырғанда, екінші күнгі айтыс әлдеқайда күрделі болды. Себебі, бұл кезеңде қырғыздың жүйрік ақындарының бірі Ақматбек Сұлтанұлымен айтыстым. Ол маған қырғыз халқының көрнекті мемлекет қайраткері Жүсіп Абдрахманов туралы тосыннан сұрақ қойды.

Ол нәубет жылдарында қазақ халқына қолдау көрсетіп, қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған тарихи тұлға. Бірақ, дәл сол тақырыптың сахнада қозғаларын күтпеген едім. Айтыстың ерекшелігі осында ғой. Қарсыласыңның қандай сауал қоятынын алдын ала болжап білмейсің. Мен сол сәтте суырыпсалмалыққа салып, оған:

«Жүсіп Абдрахмановты кім білмейді?
Солар ғой осындай күндерді алып келген.
Бүтін нанын бауырға бөліп берген,
Жарты нанын жақынға жарып берген», – деп жауап бердім.

Одан кейін қарсыласым тағы бір тосын сауал тастады. «Жансая Мусинамен айтысқан едім. Жансаяны қызғанып қалғандай болып тұрсын» деген мазмұнда әзілмен қағытты. Бұл сөзіне:

«Ұрпағымыз Қабанбайдай біз бабаның,
Қазақтың ару қызын айтпағанда,
Жердегі қызғалдағын қызғанамын», – деп жауап қаттым.

Тосын сауалдар айтыстың мазмұнын арттырады. Алдын ала дайындаған дүниеңнен гөрі, сол сәтте ойға келген сөзді тауып айтуың керек. Ақынның сыналатын тұсы осы.

Бұл додадағы қарсыластарымның ешқайсысын осал дей алмаймын. Әрқайсысының өзіндік қолтаңбасы, айтысқа деген қарымы мен сөз саптауы бар.

Бұл жолы Қырғызстанда болып жатқан бірқатар мәселеге қатысты ойымды ашық жеткіздім. Соның ішінде елдің Тәуелсіздік күніне орай өткізілген мерекелік іс-шараға Филипп Киркоровтың шақырылғанына өз пікірімді білдірдім. Менің шетелдік әншінің басқа уақытта келіп, өнер көрсетуіне еш қарсылығым жоқ. Алайда, Тәуелсіздік күні секілді ел үшін аса қастерлі мерекеде, Қырғыз Республикасының халық әртісі Түгелбай Қазақов сынды талай таланттың табанының табы қалған сахнада шетелдік әншінің ән салуын орынсыз деп санадым.

Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы. Сол жолда қаншама адам қанын төгіп, жанын қиды. Сондықтан, егемендік мерекесінің мәні мен маңызына құрметпен қарау керек деп ойлаймын. Осыған байланысты жанайқайымды жеткіздім.

Әрине, бұл – менің жеке көзқарасым. Бірақ, сол айтқан сыни пікірім қазылар алқасының көңілінен шықпаған болуы мүмкін. Он балл алғанның өзінде, үшінші орынға сырғып түстім.

– Тілдік ерекшелік халықаралық айтыста қиындық тудырмады ма?

– Айтыста тілдік тұрғыдан ешқандай қиындық туған жоқ. Қазақ пен қырғыз – тілі де, ділі де, салт-дәстүрі де бір-біріне өте жақын халық. Қырғыз ағайындар қазақ тілін жақсы түсінеді. Айтқан әзіл-қалжыңымызды да, астарлы ойымызды да, сөз қағысының мәнін де бірден қабылдап отырды. Әбілда Тәжібаевтың:

«Басымда менің ақ қалпақ,
Оюлап шетін сырғызған.
Бетім де менің жап-жалпақ,

Айырмам қайсы қырғыздан?!» – деген өлең жолдары бар ғой. Осы шумақтың өзі екі халықтың қаншалықты жақын екенін аңғартады.

Айтыс үстінде де осы жақындық анық сезіледі. Бір-біріміздің сөзімізді түсініп қана қоймай, астарын, әзілін, ишарасын да жақсы ұқтық.

Айтыста қырғыз ағайындармен бірге өзге де мемлекеттердің өкілдері, шетелдік көрермендер де отырды. Арасында америкалықтар, канадалықтар да болды. Әрине, олардың қазақ тіліндегі әрбір сөзді толық түсінгеніне кепілдік бере алмаймын. Бәлкім, аударма технологияларын пайдаланған шығар. Бірақ, бір нәрсені анық байқадым. Олар айтысты үлкен қызығушылықпен тыңдады. Қазақ ақыны ұтымды сөз айтқанда, қырғыз көрерменімен бірге күліп, таңырқап, назарын сахнаға бұрып отырды. Яғни, айтыстың табиғатын, ақындардың сөз сайысын, домбыраның үнін, сахнадағы көңіл-күйді сезіне алды деп ойлаймын.

Адам алдымен қызығады, содан кейін ізденеді. Бүгін айтысқа қызыққан шетелдік көрермен ертең оның не екенін, қандай өнер екенін зерттеп, қазақ мәдениетіне тереңірек үңілуі мүмкін.

– «Мына тұста басқаша айтуым керек еді» деген сәттеріңіз болды ма?

– Жалпы, айтысқа көзіме суық тиіп, бір көзім сәл ісіңкіреп барған еді. Қарсыласым соны байқап, «Көзіңе көз тиді ме?» деген сияқты әзілмен тиісіп өтті. Сондай кезде мен оған: «Көзімді не қыласың, сөзім түзу болса болды ғой», – деп жауап бердім. Бұл жерде сөзді көзден жоғары қойғаным ғой. Дегенмен, айтыс аяқталғаннан кейін сол тұста Абай атамыздың мына сөзін айтып жібермеппін деп қалдым:

«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі».

Адамның сыртқы көрінісінен гөрі ішкі жан дүниесі, жүрегінің тазалығы, сөзінің дұрыстығы маңызды деген ойды осы сөздермен әсерлі жеткізуге болар еді.

– Айтыскер ақын ретінде алдыңызға қойған ең үлкен мақсатыңыз қандай?

– Менің өмірдегі мақсатым – елдің бірлігіне, татулығына, тыныштығына, бейбіт күніміздің тұрақтылығына өз үлесімді қосу. Егер айтқан бір ауыз сөзім бір адамды жақсы жолға бағыттай алса, мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Арманым Алтын домбыра секілді үлкен марапаттармен өлшенбейді. Әрине, елдің берген бағасы мен марапатының өз орны бар шығар. Дегенмен, ең маңыздысы – айтқан сөзіңнің халық жадында қалуы.

«Пәленше мынадай жүлде алыпты» дегеннен гөрі, «Пәленше ақын кезінде былай деген екен» деген сөз қалса, міне, бұл – жетістік. Ақындық жолдағы еңбегімнің ақталғаны сол болар деп білемін.

– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан
Дилара БИМЕНОВА,
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...