Шымкент қаласының тұрғыны Қасымбек Сарымбетов мамандығы экономист-бухгалтер болғанымен ән өнерінің өз адамы. Сауда саласында, мемлекеттік қызметте, қаржылық бақылау мекемесінде жауапты қызметтер атқарған ол күйшілік өнерді, ән шығаруды жанына серік ете білген сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Қандай қызметте жүрсе де, домбырасын жанынан тастаған емес.
Бүгінде оның қоржынында жүзден астам ән, елу жеті күй, бірнеше музыкалық поэма бар. Авторлық шығармалары жеке жинақ болып жарық көріп, күйлері республикалық жинақтарға, еңбектері түрлі байқауларда бағаланып, «Қазақстанның Алтын кітабына» кірген.
– Менің алғашқы ұстазым – радио мен пластинка болды, – деп еске алады Қасымбек Әбдіхалықұлы.
Жеті-сегіз жасында әкесі оған домбыра алып береді. Алғашында домбыраны жай қызық үшін шерткен бала кейін оның қыр-сырын меңгеруге кіріседі. Ағаларымен кезектесіп ойнап, ата-анасына өнер көрсетеді.
Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», «Кісен ашқан» сияқты күйлерін де пластинкадан тыңдап жүріп үйренеді. Бұл күйлердің оңай емес екенін өзі де жақсы түсінеді. Бірақ, бала көңілге қиындық кедергі болмаған.
Бала күнінде Шымкент музыка колледжінің сол кездегі директорымен кездескен. Қасымбек пен ағалары домбырадан күй тартады. Баланың өнеріне риза болған директор әкесіне оның музыка колледжінде оқуына ұсыныс білдіреді.
Алайда, әкесі баласын өнер жолына жібермейді.
– «Өнерде бір ағасы жүр, сол жетеді»,- деді әкем. Содан домбыра мен өнер менде хобби болып қалды, – дейді сазгер.
Сол кездегі шешім оның тағдырын басқа арнаға бұрғанымен, өнерге деген ықыласын өшіре алған жоқ. Сарымбетовтің негізгі мамандығы – экономист-бухгалтер. Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдап, еңбек жолын бухгалтерліктен бастайды. Ал, өнер жүрек пен сезімге сүйенеді. Бір қарағанда, бұл екі әлем бір-біріне қарама-қайшы көрінуі мүмкін. Бірақ, Қасымбек ағаның өмірінде олар қатар жүрді.
Күнделікті жұмыстан шаршап келгенде, ол домбыраны қолына алатын.
Оның шығармашылық жолында ән мен күйдің орны бөлек. Әнге қарағанда күйдің құрылымы күрделірек екенін айтады. Өйткені, әннің ойы сөзбен жеткізілсе, күй белгілі бір сезім мен идеяны әуен арқылы ғана сөйлетеді.
Сондықтан күй шығаруды ол үлкен жауапкершілік деп қабылдайды.
Автордың шығармашылығындағы маңызды еңбектерінің бірі – «Мәңгілік ел» атты авторлық күйлер жинағы.
Көлемді жинаққа сазгердің ұзақ жылдар бойы дүниеге әкелген күйлері топтастырылған. Кітаптың ерекшелігі – әр күйдің нотасының жанына QR-код орналастырылған. Оқырман ұялы телефон арқылы кодты оқып, сол күйді тыңдай алады.
Сазгердің айтуынша, ата-бабаларымыздың арманы – азат ел болу еді. Ендігі міндет – сол тәуелсіздікті сақтап, елдің тұтастығын нығайту.
– Мәңгілік ел құру үшін саналы да сапалы жастарды тәрбиелеу қажет. Халықтың мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, рухы мықты, білімді, ғылымға ұмтылатын жастарды қалыптастыру маңызды, – дейді ол.
Бұл ой оның шығармашылығының негізгі бағытын да айқындайды. Туған жер, ел тағдыры, тәуелсіздік, тарихи тұлғалар – сазгер туындыларының өзегіне айналған тақырыптар.
Кейіпкеріміздің күйлері оңтүстік өңірінің музыкалық мұрасында да өзіндік орын алып келеді. Оның бірнеше туындысы «Киіз басу – ақжелең», «Дәуір», «Шаттық» күйлері жинаққа енген.
Сазгердің шығармалары түрлі байқауларда да бағаланды. «Асыл ана» әні республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурсында жүлделі орынға ие болса, «Оңтүстігім» әні республикалық байқауда үшінші орын алды. Қазығұрт пен Сарыағашта ұйымдастырылған композиторлар байқауларында да жүлдегер атанды.
Алайда, Қасымбек Сарымбетов үшін марапаттың мәнінен халықтың ықыласы жоғары.
– Өнер адамы үшін халықтың ықыласы бәрінен маңызды. Халықтың қошеметіне бөлену үшін шығармаларды халыққа тыңдатуымыз керек, – дейді ол.
Оның пікірінше, мәдениет мекемелері жергілікті композиторлардың жаңа шығармаларына көбірек көңіл бөліп, репертуарларын жаңартып отырғаны жөн. Жергілікті композиторлардың шығармаларын оркестрлік деңгейде орындауға мүмкіндік беретін қолдау қажет деп есептейді. Бұл ұсыныстың астарында жеке бастың емес, ұлттық өнердің жанашырына тән ой жатыр.
Қасымбек Сарымбетовтің өмірі тек музыкамен шектелмейді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ол еңбекке араласып, біраз уақыт ардагерлер кеңесінде қызмет атқарды. Кейін ауыл шаруашылығымен айналысып, «К-Диқан» шаруа қожалығын басқарды. Еңбегі үшін «Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталған.
Қызығы, соңғы жылдары оның ізденісі тағы бір салаға ауысты.
Экологиялық мәселеге алаңдаған ол зиянкес жәндіктерді химиялық препараттарсыз жоюдың жолын іздейді. Нәтижесінде «Зиянкес жәндіктерді ұстайтын эко-құрылғы» жасап шығарды. Өнертапқыштық еңбегіне пайдалы модельге патент алды. Бұл да оның бойындағы ізденімпаздықтың бір қыры. Өнерде әуеннің жаңа жолын іздесе, өмірде жаңа шешім іздейді. Бір салаға тоқмейілсіп қалмай, үнемі ізденіп жүруі – Қасымбек ағаның басты қасиеттерінің бірі.
Бүгінде ел ағасы жастарға ерекше үмітпен қарайды. Әсіресе, өнерге бет бұрған жас буынның көбейіп келе жатқанына қуанады. Оның пікірінше, өнер адамның ішкі мәдениетін терең қалыптастырады.
– Өнерге келген жас балалар бұзақылыққа аса бара бермейді. Өнер баланың ішкі мәдениетін дамытады. Қазіргі қоғамда бізге жетіспей жатқанының бірі – осы ішкі мәдениет пен жауапкершілік, – дейді ол.
Бір ғана мамандықтың машығын меңгеріп қана қоймай, өмір бойы ізденіп келе жатқан азамат Қасымбек аға экономист, басшы, мемлекеттік қызметкер, кәсіпкер, шаруа қожалығының жетекшісі, сазгер, күйші, өнер жанашыры, өнертапқыш…
Алайда, осы атаулардың бәрінің ар жағында бір ғана ортақ қасиет бар. Ол – еңбек пен ізденіс.
Қос ішектен төгілген сол үннің кейінгі ұрпаққа жетуі – өнердің өміршеңдігін көрсетеді.
Өнерді мамандық емес, өмірінің рухани серігі еткен Қасымбек Сарымбетовтің шығармашылық жолы да әлі жалғасып келеді.
Эльмира ЕСХОЖАЕВА,
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары