Серіктің сенімді серігі — Xnews — ақпарат агенттігі

Серіктің сенімді серігі

Бүгін 3 қыркүйек – Қазақ тазысы мен төбеті күні. Қазақ халқы ежелден итті жеті қазынаның бірі санаған. Әсіресе, құмай тазының орны бөлек. Ата-бабамыз оны жай ғана аңшылыққа пайдаланылатын ит емес, сенімді серік, аңшының қанаты деп бағалаған. Тазыны далада байлап ұстамай, киіз үйдің ішінде ерекше күтіммен баптаған.

Бүгінде ұлттық құндылыққа айналған осы дәстүрді жалғастырып жүрген жандардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Серік Қанатбаев. Ол аңшылыққа бала кезінен қызығып өскен. 2019 жылдан бері құмай тазы ұстап, оның қыр-сырын меңгеріп келеді.

Серік Салықбайұлы алғашқы тазысын Ақмола облысынан алдырған. Содан бері тазыға деген қызығушылығы артып, аңшылықтағы серігіне айналған.

– Бұрын бүркітті түлкіге салатынмын. Тазы алғаннан кейін аңшылықтың бұл түріне де ден қойдым. Кейде тазыны аңды үркітуге пайдаланамыз. Бүркіт ала алмайтын аңды тазыға тапсырамыз. Тазының шапшаңдығы мен қайратына таңғаласың, – дейді Серік Салықбайұлы.

Кейіпкеріміздің айтуынша, тазының сыртқы тұрқы нәзік, денесі жіңішке болғанымен, оның бойында жойқын күш пен ерекше жүйріктік бар. Бір қарағанда әлсіз көрінгенімен, аңға түскен сәтте нағыз жүйріктің қасиетін көрсетеді.

– Тазы аңды байқаса, бір орында тұра алмай қарғып, кәдімгі зымыран секілді зымырай жөнеледі. Қалың қардың өзінде өте жылдам қозғалады. Бойында жойқын күш бар. Ұзақ қашықтыққа жүгірсе де, аңды қуып жетуге деген талпынысы басылмайды, – дейді тазыбегі.

Серік Қанатбаев 2025 жылдан бастап тазы жарыстарына қатыса бастаған. Биыл мамыр айында Шымкент қаласында алғаш рет құмай тазылар арасында республикалық ашық біріншілік ұйымдастырылды. Ұлттық спорт пен ата дәстүрді дәріптеуге бағытталған додаға еліміздің 18 өңірінен 36 құмай тазы қатысып, 500 метр қашықтықта бақ сынады. Осы жарыста Серік Салықбайұлының тазысына да үміт артылды.

Тазы жарыстары – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан аңшылық дәстүрін жаңғыртып қана қоймай, қасиетті ит тұқымын сақтауға және оны кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін маңызды шара. Қазақ үшін тазының орны әрдайым ерекше болған. Оның желмен жарысқан жүйріктігі, аңға түскендегі қайсарлығы мен шапшаңдығы талай аңшының сенімді серігіне айналуына себеп болған.

– Алғашқы тазым жарақат алып, кейін өліп қалды. Тазыға бауыр басып қалған соң, тағы бір тазы алдым. Осы тазымды ұстап жүргеніме үш жылдан асты. Қазір оның сегіз күшігі бар. Күшіктерді кішкентайынан бастап баулып келемін. Өсе келе оларды да аңға саламын, – дейді Серік.

Қазір тазының күшіктерін көргісі келетіндер Ескі қалашыққа барып, тамашалай алады. Әңгіме барысында Серік Салықбайұлы күшіктерімен арнайы шоу-бағдарлама әзірлеп жатқанын да жеткізді.

Тазы ұстаудың тағы бір ерекшелігі – оның тазалығы мен күтімінің жеңілдігі.

– Тазы ұстау қиын емес. Кез келген жерге дәрет сындырмайды, өзі белгі беріп, түзге шығып кетеді. Басқа иттердей жағымсыз иісі де болмайды. Өте таза. Адамға қарап үрмейді, ешқандай зияны жоқ. Сосын иесінің айтқанын тез ұғады, тез бауыр басады. Үйде тыныш, – дейді тазы иесі.

Дегенмен, тазыны байлап ұстап, қозғалысын шектеуге болмайды. Оның табиғаты – еркіндік пен жүйріктікке бейім. Сондықтан, үнемі жүгіртіп, далаға шығарып, еркін қозғалуына мүмкіндік беру қажет. Серік Салықбайұлы да тазыларын осындай тәртіппен баптайды. Әсіресе, күшіктерін жастайынан жаттықтырып, ширақтыққа, еркін жүгіруге және аңшылыққа бейімдеп келеді.

Алдағы күндері Серік Қанатбаев Шымкенттің атынан Ақмола облысында өтетін жарысқа қатыспақ. Бұл жолы ол жарыс ережесіне сәйкес, аналық ұрғашы тазысын алып баруды жоспарлап отыр.

Серік Қанатбаев секілді тазыбегілердің арқасында қазақтың құмай тазысын дәріптеу, ұлттық аңшылық дәстүрді жаңғырту ісі бүгінде қайта жанданып келеді. Дала төсінде желмен жарысқан жүйріктің дүбірі – халқымыздың өткенінен сыр шертетін, ұлттық болмысымызды айшықтайтын үн.

Дилара БИМЕНОВА,
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

«Startup Orda»: Идеяны жобаға айналдыратын мүмкіндік

Қаламызда идеяны шындыққа айналдыруға мүмкіндік беретін жоба басталды. Shymkent Hub ұйымдастырып отырған «Startup Orda» бағдарламасы биыл екінші рет өткізіліп отыр. ...

Язык — путь к единству и основа порядка

В городской универсальной библиотеке имени А. Пушкина города Шымкента в рамках Дня языков народа Казахстана и в соответствии с принципом ...