Заманауи кітапхана – білім мен дамуға арналған жайлы кеңістік — Xnews — ақпарат агенттігі

Заманауи кітапхана – білім мен дамуға арналған жайлы кеңістік

Шымкент қаласындағы Александр Пушкин атындағы әмбебап кітапхана – тұрғындардың білім алуы, кітап оқу және ақпараттық ресурстарды пайдалануына қолайлы жағдай қалыптастырылған заманауи мәдени-ағартушылық мекеме.

Кітапхана тәулік бойы, 24/7 режимінде қызмет көрсетеді. Бұл келушілерге өздеріне қолайлы уақытта кітап оқуға, оқу тапсырмаларын орындауға, емтихандарға дайындалуға және қажетті ақпараттарды іздеуге мүмкіндік береді.

Кітапхананың материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған. Мұнда оқу залдары, кездесулер мен топтық жұмыстар өткізуге арналған арнайы кеңістіктер, сондай-ақ компьютерлік техникамен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін аймақтар қарастырылған.

Кітапхана қорында 150 942 кітап бар. Қор құрамына қазақ және орыс тілдеріндегі әдебиеттер, шетелдік басылымдар, ғылыми және оқу-әдістемелік әдебиеттер, балаларға арналған кітаптар және өзге де тақырыптық бағыттағы басылымдар кіреді.

Кітапхана қызметін күн сайын орта есеппен 40-50 келуші пайдаланады. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, жастар және кітапхана ресурстарына қызығушылық танытатын тұрғындар бар.

Пушкин атындағы әмбебап кітапхана тұрғындардың білімге қолжетімділігін арттыруға, кітап оқу мәдениетін дамытуға және бос уақытты тиімді ұйымдастыруға бағытталған қажетті жағдайларды ұсынады.

Кітапхана заманауи ақпараттық және білім беру талаптарына сәйкес қызмет көрсету сапасын жетілдіріп, тұрғындар үшін қолайлы зияткерлік және мәдени орта қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастыруда.

Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, ол – ұлттық ойдың, рухани құндылықтардың, тарихи жадымыздың ордасы. 16 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «кітап оқитын ұлт» идеясын қалыптастыру мақсатында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» арнайы Жарлыққа қол қойды.

Құжатқа сәйкес, адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында бірқатар шара қабылданады.

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...