Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкенттегі студенттік жатақханалардың дайындығы пысықталуда. Арнайы комиссия құрамындағы мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес пен Жастар ресурстық орталығының өкілдері жатақханалардағы тұрмыстық жағдайды, қауіпсіздік талаптарының сақталуын және студенттерге жасалған жағдайды тексеріп жатыр.
Кезекті мониторинг барысында қалалық мәслихат депутаты Асқар Молдабек арнайы комиссия мүшелерімен бірге М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің №5 жатақханасын аралады.
Қаладағы 32 студенттік жатақхананың барлығы тексерумен қамтылады. Оның 21-і мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жұмыс істесе, 11 жатақхана жоғары оқу орындарының меншігінде.
№5 жатақхана 588 студентті қабылдауға дайын. Қазіргі таңда мұнда 250-ден астам студент орналасқан. Комиссия мүшелері жатақханадағы бөлмелердің екі-үш адамға арналғанын, тұрмыстық жағдайдың талапқа сай екенін атап өтті. Студенттерге ыстық су, ас әзірлейтін жабдықталған асүйлер, кітапхана, компьютер сыныптары және демалыс орындары қарастырылған. Жылыту жүйесі де жаңа маусымға дайын. Жатақханада тұру ақысы айына 7-8 мың теңгені құрайды.
«Біздің мақсатымыз – жатақханалардың студенттерді қабылдауға дайындығын тексеріп, жастар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Жастар – елдің болашағы. Оларға жасалған жағдайға салынған инвестицияның қайтарымы міндетті түрде болады», – деді Асқар Молдабек.
Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұманның айтуынша, қазіргі таңда жоспарланған 32 жатақхананың 19-ы тексерілген.
Бүгінде Шымкентте 19 жоғары оқу орнында 98 мың студент білім алады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылған жобалардың нәтижесінде қалада студенттік жатақхана орындарының тапшылығы жоқ.
Мониторинг қорытындысы бойынша комиссия жоғары оқу орнының басшылығына бірқатар ұсыныс берді. Атап айтқанда, жатақхана дәліздеріне жастарды жігерлендіретін қазақ тіліндегі тағылымды сөздер мен нақылдарды орналастыру, сондай-ақ ұлдар мен қыздарға арналған кіреберістерді бөлек ұйымдастыру мәселесін қарастыру ұсынылды.
Жатақханалар мен мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Негізгі мақсат – оқу жылы басталғанға дейін әрбір студенттің қауіпсіз әрі жайлы баспанамен қамтылуын қамтамасыз ету.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары