Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы ауданның даму көрсеткіштері мен атқарылған жұмыстарды таныстырды.
Биыл ауданда тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, 35 көшеге 44,5 шақырым аяқжол салынып, жұмыстар толық аяқталды. Ақжайық шағын ауданындағы 18 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы жарықтандырылды. Сонымен бірге Асар шағын ауданындағы 30 үйдің қасбетіне архитектуралық жарық орнатылды.
Аудан инфрақұрылымын жақсарту бағытында көшелерді асфальттау және жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда көшелердің 95,4 пайызы асфальтталған, ал жарықтандырумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында да нақты жобалар іске асырылуда. Бірінші жартыжылдықта 9 ойын алаңы мен 2 гүлзар пайдалануға берілді. Қалған нысандардың құрылысын қазан айының соңына дейін аяқтау көзделген.
Ауданда тазалық пен абаттандыру жұмыстары да тұрақты назарда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 31 сенбілік өткізіліп, оған 50 мыңға жуық тұрғын, кәсіпкер, мемлекеттік қызметші, ерікті және БАҚ өкілі қатысты. Бұл жұмыстар аудан аумағында әрі қарай да жалғасын табады.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/FbbNILOIiLY
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары