Қазақ халқының мемлекеттік тарихында ұлт тағдырын айқындаған, елдің бірлігі мен тұтастығын сақтауға қызмет еткен саяси институттардың бірі – Құрылтай. Бұл – жай кеңес немесе басқосу емес, халықтың еркін білдіретін, мемлекет дамуының маңызды бағыттарын айқындайтын дәстүрлі басқару тетігі.
Бүгінде ұлттық құрылтай туралы сөз қозғалғанда, оның тарихи тамырына үңіліп, қазақтың мемлекеттік басқару мәдениетіндегі орнын бағамдау аса маңызды. Құрылтай дәстүрі түркі және моңғол халықтарының саяси өмірінде ерте орта ғасырлардан бастап қалыптасты. Ол ру-тайпа басшыларының, ақсүйектердің, билер мен қолбасшылардың басын қосқан ең жоғарғы саяси кеңес ретінде танылды. Қазақ хандығы кезеңінде бұл институт жаңа мазмұнға ие болып, хандықтың ішкі бірлігі мен сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды басқару жүйесіне айналды.
Қазақ қоғамында құрылтайдың басты қызметі елдік мәселелерді көпшіліктің талқысына салып, ортақ шешім қабылдау болды. Хан сайлау, соғыс жариялау немесе бітім жасау, сыртқы саясатты айқындау, елдің қауіпсіздігі мен ішкі тұрақтылығына қатысты маңызды мәселелер дәл осындай халықтық кеңестерде қаралды. Соңғы шешімді хан қабылдағанымен, оған дейін билердің, сұлтандардың, ру ақсақалдарының пікірі тыңдалып, мәмілеге келу дәстүрі сақталды.
Қазақ халқының тарихында ел тағдыры сынға түскен кезеңдер аз болған жоқ. Осындай ауыр сәттерде құрылтайлар халықтың күшін біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдырудың тиімді жолына айналды. Үш жүздің игі жақсылары бас қосып, сыртқы жауға қарсы бірлескен шешім қабылдауы қазақ қоғамының ұйымшылдығы мен елдік санасының жоғары болғанын көрсетеді. Сондықтан, құрылтай – тек саяси институт емес, ұлттық тұтастықтың символы.
Құрылтай институтының тарихи мәнін дәлелдейтін ортағасырлық жазба деректер өте көп. Солардың ішіндегі ең көнелерінің бірі – XIII ғасырда жазылған «Моңғолдардың құпия шежіресі». Бұл шығармада құрылтайдың мемлекет тағдырын шешетін жоғарғы саяси орган болғаны анық көрінеді. 1206 жылы өткен ұлы құрылтайда Темүжін бүкіл моңғол тайпаларының Ұлы ханы болып жарияланып, оған Шыңғыс хан атағы берілді. Осы оқиға жаңа мемлекеттің құрылуына негіз қалады. Сонымен қатар, құрылтайларда әскери жорықтар ұйымдастыру, ұлыстарды бөлу, жоғары лауазымдарға адамдарды тағайындау және заңдарды бекіту сияқты аса маңызды мәселелер қаралған. Құрылтайдың мемлекеттік басқарудағы орны Рашид ад-Диннің «Жами ат-тауарих» еңбегінде де жан-жақты баяндалады. Ортағасырлық ғалым құрылтайды жаңа Ұлы ханды сайлайтын, ішкі және сыртқы саясатты айқындайтын, мемлекеттің бірлігі мен заңдылығын қамтамасыз ететін жоғары саяси институт ретінде сипаттайды. Оның еңбегі құрылтайдың жай ғана кеңес емес, мемлекеттік биліктің заңды негізін қалыптастырған орган болғанын дәлелдейді.
Қазақ мемлекеттілігі тарихын зерттеудегі аса құнды шығармалардың бірі – Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі. Онда «құрылтай» атауы жиі қолданылмағанымен, хандардың сұлтандармен, әмірлермен және ру-тайпа басшыларымен кеңесе отырып мемлекет тағдырын шешкені туралы көптеген мәліметтер келтіріледі. Керей мен Жәнібек сұлтандардың дербес Қазақ хандығын құруы да ел ағаларының қолдауы мен ортақ келісімінің нәтижесінде жүзеге асқанын Дулати ерекше атап өтеді. Бұл қазақ қоғамындағы ұжымдық шешім қабылдау дәстүрінің үзілмегенін көрсетеді.
Құрылтай туралы құнды мәліметтерді Еуропа саяхатшыларының еңбектерінен де кездестіреміз. Джованни да Плано Карпини XIII ғасырда Гүйік ханның таққа отыру рәсіміне қатысып, Ұлы ханды сайлау үшін бүкіл империяның түкпір-түкпірінен ақсүйектер мен қолбасшылардың жиналғанын жазады. Оның айтуынша, билеушінің заңдылығы тек әулеттік мұрагерлікпен ғана емес, құрылтайға қатысушылардың қолдауымен де бекітілген. Сол сияқты Вильгельм де Рубруктың «Саяхаттар» атты еңбегінде Мөңке ханды сайлау рәсімі кеңінен сипатталады. Саяхатшы құрылтайдың мемлекеттік және әскери мәселелерді шешетін аса маңызды саяси институт болғанын атап көрсетеді. Оның жазбалары құрылтайдың жоғары ұйымдасқан басқару дәстүрі болғанын айғақтайды.
Осы тарихи деректердің барлығы бір маңызды тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Құрылтай – кездейсоқ қалыптасқан жиын емес, ғасырлар бойы жетілген мемлекеттік басқару мәдениетінің көрінісі. Ол халықтың пікірін ескеруге, ел ішіндегі бірлікті сақтауға және маңызды шешімдерді көпшілік талқысынан кейін қабылдауға негізделген. Қазақ қоғамындағы билер институты, ақсақалдар кеңесі, елдік мәселелерді ақылдасып шешу дәстүрі – осы құрылтай мәдениетінің заңды жалғасы. Сондықтан, құрылтайды халқымыздың демократиялық дәстүрлерінің тарихи бастауы ретінде бағалауға толық негіз бар. Бүгінгі Қазақстан үшін де бұл тарихи тәжірибенің маңызы ерекше. Ұлттық құндылықтарды сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, елдің болашағына қатысты маңызды мәселелерді кеңінен талқылау – ата-бабаларымыздан келе жатқан кеңесу дәстүрінің қазіргі заманға лайық нұсқасы. Тарих бізге бірліктің, келісімнің және ортақ жауапкершіліктің мемлекет тұрақтылығының басты кепілі екенін үйретеді.
Құрылтайдың тарихи тәжірибесі – өткеннің мұрасы ғана емес, болашаққа бағыт беретін тағылым. Елдік мәселелерді ақылдасып шешу, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қою, қоғамдық келісімді сақтау сияқты қағидаттар қай кезеңде де өзінің өміршеңдігін жоғалтпайды.
Гүлжан СҮГІРБАЕВА,
Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педегогикалық университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары