Шымкент қаласы Абай ауданында орналасқан №359 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға қатысуын қамтамасыз ету мәселесі бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілді. Қалалық аумақтық комиссиясы мен Абай аудандық аумақтық комиссия мүшелері тарапынан жүргізілген іс-шара – Құрылтай сайлауына дайындықты пысықтау.
Айта кету керек, №359 сайлау учаскесі «Shymkent city school» жалпы білім беретін жекеменшік мектептің ғимаратында орналасқан. Бұл учаскеде 2869 дауыс беруші тіркелген. Оның 11-і – мүгедектігі бар азамат. Сайлау учаскесінде дауыс берушілерді қабылдауға қазір дайындық жан-жақты жүріп жатыр. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар заматтардың сайлау учаскесіне кедергісіз келіп, дауыс беруіне мүмкіндік жасауға басымдық берілген.
Атап айтқанда, ең бірінші азаматтың келгенін білдіретін арнайы қоңырау батырмасы бар. Санитарлық нормаға сай пандустар орнатылған, көзі көрмейтін азаматтарға бағыт-бағдар беруге арналған тактильді көрсеткіштер де қарастырылыпты. Осы көрсеткіш мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы кабинаға бағытталған. Сондай-ақ трифлотехникалық құралдар, яғни көруінің нашарлауы салдарынан мүмкіндігі шектелген сайлаушыларға арналған электрондық лупа бар. Ал брайль қарпімен басуға арналған принтерлер Астана қаласынан енді жеткізілуіне байланысты алдағы уақытта қойылатыны айтылды.
Тексеру барысында комиссия мүшелері бірқатар сын-ескертпе де айтты.
— Біздің басты мақсатымыз — әрбір сайлаушының дауыс беруіне кедергісіз орта жасау, сайлаудың ашық әрі тең дәрежеде өтуін қамтамасыз ету. Сол себепті, қажетті құралдардың сай болуы маңызды, — деді тексеріс жұмысын жүргізген қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Жаннета Жазықбаева.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары