Құрылтай сайлауына қатысу – әр азаматтың жауапты таңдауы — Xnews — ақпарат агенттігі

Құрылтай сайлауына қатысу – әр азаматтың жауапты таңдауы

Қазақстанда дауыс беру – әр азаматтың конституциялық құқығы әрі өз еркімен қабылдайтын шешімі. Дегенмен елдің болашағына бейжай қарамайтын азамат үшін сайлауға қатысу тек құқық қана емес, қоғамдық жауапкершіліктің көрінісі. Әлем тәжірибесіне назар аударсақ, Сингапур, Аустралия, Бельгия, Аргентина секілді бірқатар мемлекеттерде сайлауға қатысу міндетті сипатқа ие. Кей елдерде дауыс бермеген азаматтарға айыппұл салынса, енді бірінде белгілі бір мемлекеттік қызметтерді алу кезінде шектеулер қарастырылған. Бұл сайлаудың мемлекеттің дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Бүгінде еліміз жаңа саяси кезеңге қадам басып отыр. Соның айқын көрінісі – бір палаталы Құрылтайдың құрылуы. Бұл – уақыт талабынан туындаған шешім. Қоғамдық сұраныстардың жедел өзгеруі, заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыру қажеттілігі және азаматтардың пікірін билікке жақындату міндеті жаңа өкілді институттың қалыптасуына негіз болды. Құрылтайдың құрылуы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп есептеймін.

Сондықтан Құрылтай сайлауына қатысу – тек депутаттарды таңдау емес, елдің алдағы даму бағытын айқындауға үлес қосу деген сөз. Әрбір берілген дауыс қабылданатын заңдарға, әлеуметтік саясатқа, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіне, экономика мен қоғамдық тұрақтылыққа әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, сайлауға қатысу – ең алдымен өз отбасының, балаларының және келешек ұрпақтың болашағына деген жауапкершілік.

Кейбір азаматтар саясатқа қызықпайтынын немесе оны түсінбейтінін айтып жатады. Алайда саясаттан тыс қалдым деген адамның өзі саяси шешімдердің ықпалынан тыс қала алмайды. Өйткені мемлекеттік деңгейде қабылданған әрбір шешім халықтың тұрмыс сапасына, жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік кепілдіктеріне, қауіпсіздігіне және әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Сондықтан қоғамдық процестерге қатыспау – өз тағдырыңа әсер ететін мәселелерден шет қалумен тең.

Қазіргі қоғамға саяси мәдениет пен сыни ойлау аса қажет. Ақпаратты тек әлеуметтік желілерден емес, сенімді дереккөздерден алып, оны саралап, нақты фактілерге сүйене отырып шешім қабылдау маңызды. Бұл – саналы азаматтық ұстанымның негізі.

Сайлау алдында әр азамат өз таңдауын жан-жақты таразылағаны жөн. Партияның бағдарламасы қандай? Ұсынып отырған бастамалары нақты ма? Оларды жүзеге асыруға мүмкіндігі жеткілікті ме? Көшбасшылары мен командасының тәжірибесі қандай? Бұған дейін қоғам игілігі үшін қандай жұмыстар атқарды? Осындай сұрақтарға жауап іздеген азамат қана ел тағдырына қатысты шешімді саналы түрде қабылдай алады.

Қорыта айтқанда, Құрылтайдың құрылуы – заманауи талаптарға жауап беретін саяси реформалардың заңды жалғасы. Ал Құрылтай сайлауына қатысу – әр азаматтың мемлекет алдындағы ғана емес, өз болашағы алдындағы жауапкершілігі. Елдің ертеңі әрқайсымыздың бүгінгі таңдауымыздан басталады.

Ақлима БАЙҒҰТ,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ ғалым-хатшысы

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...