Тарихты тасқа жазып жүрген шебер — Xnews — ақпарат агенттігі

Тарихты тасқа жазып жүрген шебер

Шымкентте жарты ғасырға жуық ғұмырын мүсін өнеріне арнаған Әбдікәрім Ахметов деген мүсінші бар. Оның өнер жолына келуі де тағдырдың сыйындай болды. Алғаш рет әскери борышын өтеп жүргенде мүсіншілік өнерге қызыға бастаған ол 1970-1972 жылдары әскер қатарында жүріп, жұмыс істейтін поляк мүсіншісіне көмекшілік етеді. Саз бен гипстен жасалған дүниелерді көріп, олардың қалай дүниеге келетінін күн сайын бақылауы оның өнерге деген қызығушылығын оятады. Әскерден оралған соң Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, 1976 жылы оқуын тәмамдайды. Содан бері өмірін мүсін өнерімен байланыстырып келеді.

– Әскерде жүргенде басталған қызығушылығым кейін өмірлік мамандығыма айналды. Содан бері осы өнерден қол үзген емеспін, – дейді шебер.

Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде Әбдікәрім Ахметов бірнеше ескерткіштің, сәулеттік композициялар мен сәндік мүсіндердің авторына айналды. Оның қолтаңбасы қаламызда ғана емес, еліміздің бірнеше өңірлерінде сақталған.

Мүсіншінің шығармашылығы сөз болғанда, ең алдымен Шымкент зообағының алдындағы мыстан жасалған алып түйелер ескерткіші еске түседі. Уақыт өте келе бұл композиция қаланың символдарының айрықша белгісі ретінде танылды. Бүгінде қала тұрғындары ғана емес, сырттан келген қонақтар да осы мүсіндердің жанында суретке түсуге дағдыланған.

Туынды өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында, Мәскеу Олимпиадасы кезеңінде дүниеге келген. Ол уақытта Шымкенттің сәулеттік келбетін жаңарту жұмыстары қарқын алып, облыс басшысы Асанбай Асқаров қаланы ерекше сәулеттік композициялармен безендіруге көңіл бөледі. Ұзындығы төрт жарым метр болатын алып түйелерді жасау сол кезең үшін батыл шешім еді. Мұндай көлемдегі жұмысты қолға алуға кез келген мүсінші тәуекел ете бермейтін.

– Ол кезде мұндай үлкен мүсін жасау ешкімнің ойында болған жоқ. Бірінші болып өзім қолға алдым. Жұмыс оңай болмады. Бірақ, нәтижесінде қалаға сән берген ерекше туынды дүниеге келді, – деп еске алады автор.

Бұл түйелер қазіргі орнына 1982 жылы орнатылған. Содан бері қырық жылдан астам уақыт өтсе де, композиция бастапқы қалпын сақтап келеді.

Сол жылдары облысты басқарған Асанбай Асқаровтың жас мүсіншіге айтқан бір ауыз сөзі әлі күнге дейін есінде. Ол кісінің «Сенің қолыңнан үлкен өнер келеді екен. Осы жерді екеуміз гүлдендіреміз» дегені мен үшін үлкен сенім әрі жігер болды, дейді өнерпаз.

Әсілінде, көпшілік дайын болған ескерткішті ғана көреді. Ал, оның артында қаншама ізденіс, шығармашылық тартыс, байқау мен пікірталас жатқанын біле бермейді.

Мүсіншінің айтуынша, оның көптеген жобалары республикалық шығармашылық байқаулар арқылы таңдалған. Алматыдан, Тараздан және еліміздің басқа өңірлерінен келген танымал мүсіншілер өз жобаларын ұсынып, қызу бәсеке қалыптасатын.

– Ешкім менің жұмысымды бірден мақтап, қолдай қойған жоқ. Бәсеке болды. Әртүрлі пікір айтылды. Бірақ, бүгінгі тұрған ескерткіштердің барлығы сол шығармашылық тартыстың арасынан өткен дүниелер, – дейді ол.

Өнер жолында қызғаныштың да, әділетсіздіктің де кездескенін жасырмайды. Дегенмен, ешқайсысы оның жігерін жасыта алмаған.

Шебердің шығармашылығындағы ерекше орын алатын туындылардың бірі – Тілеу батыр Айтұлы мен Жолдыаяқ батыр Тілеуұлына арналған ескерткіш. Қазіргі таңда бұл композиция қаланың орталық стадионы маңында орналасқан.

Ескерткіштің бой көтеруіне қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев бастамашы болған. Алдымен Ақтөбеде Тілеу батырдың ескерткіші орнатылып, кейін Шымкентте әкесі мен баласына арналған еңселі композиция дүниеге келген.

Тарихи тұлғалардың бейнесін жасау – мүсіншілік өнеріндегі ең жауапты әрі күрделі жұмыстардың бірі.

– Батырлардың мүсінін жасағанда сыртқы келбетін ғана емес, рухын да беру керек. Адам мүсінге қараған сәтте оның батыр екенін сезінуі тиіс. Сондықтан да тарихи деректерді көп зерттеп, әрбір бөлшегіне дейін мән беру қажет, – дейді шебер.

Оның айтуынша, әрбір тарихи тұлға туралы архивтік деректерді, кітаптарды, ғалымдардың еңбектерін зерделемей жұмыс басталмайды. Өйткені, ескерткіш – жай ғана көркем шығарма емес, кейінгі ұрпаққа тарихты танытатын құнды мұра.

Кейіпкеріміздің шығармашылығындағы елдің ерекше ықыласына бөленген туындылардың бірі – бұрынғы «Кең Баба» саябағының алдындағы «аяғын жуып отырған қыз» мүсіні. Бұл жұмыстың өзгелерден ерекшелігі, ешқандай мемлекеттік тапсырыспен емес, өмірдің өзінен туған.

– Кеңес заманында көшелерде су колонкалары болатын. Бір күні сондай жерден өтіп бара жатып, аяғын жуып отырған қызды көрдім. Қарапайым ғана көрініс көңіліме ерекше әсер етті. Сол сәт көз алдымнан кетпей қойды. Кейін сол әсер мүсін жасауға жетеледі, – дейді автор.

Кейде үлкен өнер дәл осындай қарапайым өмір көріністерінен бастау алады. Жалпы, Әбдікәрім Ахметовтің шығармашылық қоржынында елге кеңінен танылған көптеген жұмыстар бар. Шәмші Қалдаяқовтың, Асанбай Асқаровтың, Әселхан Қалыбекованың мыстан жасалған ескерткіштері, «Ана мен бала» композициясы, Қарабура әулие кесенесі жанындағы түйе мүсіні, қала мектептерінің алдындағы бірқатар туындылар – соның айқын дәлелі.

Сонымен қатар, Түркістандағы Сұлтанбек Қожанов пен Әбсалан Нұрмахановтың, Ақтөбедегі Тілеу батырдың, Ресеймен шекаралас өңірдегі Сәрке батырдың ескерткіштері де осы шебердің қолынан туған өнер туындылары.

Ал, Астана қаласының әуежайында орналасқан «Сән қыздар» композициясының алғашқы жобасы негізі Шымкентке қою үшін жасалған екен. Алайда, түрлі себептерге байланысты кейін елордаға орнатылған.

Бір қызығы, ондаған ескерткіш авторының жеке шығармашылық шеберханасы жоқ. Ол әлі күнге дейін ауыл шетіндегі қарапайым ғана ескі үйде еңбек етеді. Бірақ, бұл жағдай оның шығармашылығына ешқашан кедергі болған емес.

– Арнайы шеберханам жоқ. Соған қарамастан еңбегімді тоқтатқан емеспін, – дейді ол. Бұл сөздің астарында өнерге деген адалдық пен табандылық жатыр.

Мүсіншілік – сырт көзге ғана жеңіл көрінетін өнер. Шын мәнінде, бір ескерткіштің дүниеге келуіне кейде төрт-бес ай, тіпті, одан да көп уақыт кетеді. Ал, алғашқы нобайдан бастап соңғы дәнекерлеуге дейінгі әрбір кезең үлкен төзімді, дәлдікті және физикалық еңбекті талап етеді.

– Бұл өнер әрдайым тұрақты табыс әкеле бермейді. Өнермен байып кеткен адам сирек. Бірақ, мен үшін ең үлкен байлық – жасаған еңбегім. Мүсін жасаудан ерекше қуат аламын. Сондықтан бастаған жұмысымды ешқашан аяқсыз қалдырған емеспін, – дейді мүсінші.

Кейіпкеріміздің айтуынша, еңбегінің ақысы толық төленбей қалған, тіпті, дайын болған жұмысты қабылдамай қойған жағдайлар да кездескен. Соған қарамастан ол өнерден қол үзуді ешқашан ойламаған.

Бүгінде Әбдікәрім Ахметов жасаған ондаған ескерткіш Шымкенттің ғана емес, еліміздің әр өңірінің мәдени келбетінің бір бөлігіне айналды. Олар тек қала көркін келістіріп тұрған сәулеттік нысандар емес. Әрқайсысы – өткеннің өнегесін бүгінге жеткізетін үнсіз шежіре.

Мүсінші үшін ең үлкен марапат – халықтың өз еңбегін бағалауы.

– Мүсінді көрген адам ойланып қалса, «Бұл кім? Неге оған ескерткіш қойылған?» деген сұрақ туындаса, мақсатымның орындалғаны. Өйткені, дәл сол сәтте адам тарихқа үңіледі, – дейді шебер.

Расында да, тас пен қоладан құйылған туындылар үнсіз тұрғанымен, олардың айтар сыры көп. Олар өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп, келер ұрпаққа тарихи сананы қалыптастыруға қызмет етеді. Ал, сол тарихқа жан бітіріп, оны тасқа қашап, түрлі туындыны дүниеге әкеп жүрген Әбдікәрім Ахметов сынды шеберлердің еңбегі – қаланың мәдени шежіресінің ажырамас бөлігі. Жылдар өткен сайын олардың қолтаңбасының қадірі артып, үнсіз тұрған туындылары тарихпен бірге жасай беретіні сөзсіз.

Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...