Шымкентте Отан қорғаушы күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте Отан қорғаушы күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтті

Шымкент қаласындағы Астана алаңында 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама әскери қызметшілерді, құқық қорғау органдарының өкілдерін, ардагерлер мен қала тұрғындарын біріктіріп, ел қорғаушыларына деген құрметтің және патриоттық рухтың айқын көрінісіне айналды.

Іс-шара Шымкент гарнизоны әскери қызметшілерінің сапқа тұру рәсімімен басталды. Мерекелік шеруде әскери қызметшілер саптық дайындықтың жоғары деңгейін көрсетіп, патриоттық әндер шырқалды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алаңға Қорғаныс министрлігінің 35748 әскери бөлімінің және С.Рахымов атындағы Әскери колледждің ту ұстаушылар тобы салтанатты түрде алып шықты.

Әскери шеруге 35748 әскери бөлімінің мотоатқыштар бригадасы, 10216 әскери бөлімінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасы, 55652 әскери бөлімінің авиациялық базасы, 50120 әскери бөлімінің аумақтық қорғаныс бригадасы, Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімі, сондай-ақ С.Рахымов атындағы Әскери колледждің ұлан бөлімі мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының оқушылары қатысты.

Мерекелік іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Қарулы күштердің ардагерлері мен қоғам өкілдері қатысты. Қала басшылығы тұрғындармен бірге Отан қорғаушыларға құрмет көрсетіп, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілер мен күштік құрылым қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Іс-шара барысында С.Рахымов атындағы Әскери колледж курсанттары арнайы дайындық элементтері мен қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар колледж курсанттары мен 6506 әскери бөлімінің әскери қызметшілері патриоттық әндер орындап, мерекелік кештің рухын көтере түсті.

Мерекелік шара шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың қатысуымен өткен гала-концертке ұласып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады.

Отан қорғаушы күні – ерлік пен батырлықтың, әскери антқа адалдықтың және ел тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін күзетіп тұрған азаматтарға деген құрметтің белгісі. Әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің адал қызметі өскелең ұрпақ үшін патриотизм мен жауапкершіліктің жарқын үлгісі болып табылады.

Шымкентте өткен мерекелік іс-шара қоғамдық бірлікті нығайтуға, патриоттық құндылықтарды дәріптеуге және Отан қорғаушыларға деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...