Қоғамда тәртіп пен тұрақтылықтың сақталуы ең алдымен заңға бағынудан басталады. Белгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, заңды құрметтеген адам ешқашан құл болмайды. Осы ұстанымды негізге алған Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мазмұнды кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты — жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заң талаптарын құрметтеуге баулу. Себебі әділетті қоғам құру үшін әр азаматтың құқықтық мәдениеті жоғары болуы шарт. Бұл бағытта әсіресе жастарға дұрыс бағдар беру аса маңызды. Кездесуге 600-ге жуық студент қатысып, өзекті құқықтық мәселелер бойынша ашық пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Жиынды орталық басшысы Жансерік Жұман жүргізді. Басқосуда құқық қорғау саласының тәжірибелі мамандары сөз алып, маңызды тақырыптарды қозғады. Атап айтқанда, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Тұрғынбай Дәурен, полиция департаментінің қызметкері Бауыржан Карбеков және прокуратура өкілі Турлыби Нұрым жастарға заң талаптарын жан-жақты түсіндірді.
Сонымен қатар, жастарға жақын тілде ой қозғаған «Миллион» жайдарман командасының мүшесі, блогер Мансар Орынхан да өз пікірін білдіріп, кездесудің әсерлі өтуіне үлес қосты.
Жиын барысында қаржылық алаяқтықтың алдын алу, есірткі қылмысының зияны, құқық бұзушылықтың себептері секілді маңызды тақырыптар қамтылды. Спикерлер нақты өмірлік мысалдар келтіріп, жастардың қызығушылығын арттырды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
Сондай-ақ, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бейнеролик көрсетіліп, ол жастарға терең ой салды. Осындай тағылымды кездесулердің жиі ұйымдастырылуы — қоғамның құқықтық деңгейін көтерудің тиімді жолы екені анық.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары