Мемлекет басшысы ұлт перзенті, аса көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
– Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.
Мұхтар Шаханов – 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, трактордың тіркеушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, әдеби қызметкер, «Лениншіл жас» газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілші, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық «Жалын» журналының бас редакторы, т.б. қызметтер атқарды. КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ҚР Халық депутаты болды.
1993-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінде болды. 2003-2004 жылдары «Жалын» журналының бас редакторы, әлем ойшылдарының басын біріктіретін «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының Президенті болды. 2004 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Көптеген өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы.
Еске салсақ, Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанды.
Айта кетейік, былтыр қарашада ақынның ұлы Қуаныш Мұхтарұлы дүниеден озды. Ал 2021 жылы Мұхтар Шахановтың тағы бір ұлы Рауан Шаханов өмірден өткен еді. Осы қайғылы қазадан кейін халық жазушысы бірнеше рет сырқаттанып, денсаулығы сыр бергені айтылған еді.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары