Түркістан облысынан «Қазақ күшінің картасына» 15 балуантас енді — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркістан облысынан «Қазақ күшінің картасына» 15 балуантас енді

Түркістан қаласында «Балуан тас сапары» ғылыми-танымдық экспедициясының оңтүстік өңірдегі сапары аяқталды. Бұл туралы баспасөз жиынында «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті Абылайхан Қалназаров мәлімдеді.

«Аталған экспедиция биыл 18-21 наурыз аралығында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шара «Қазақ күшінің картасы» атты ірі ғылыми-мәдени жоба шеңберінде жүзеге асты. Экспедиция барысында зерттеу тобы Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласын қамтып, тарихи және киелі нысандарға кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жалпы 1000 шақырымға жуық жол жүріліп, 10-нан астам киелі орын зерделенді. Жоба нәтижесінде «Қазақ күшінің картасына» Түркістан облысы бойынша 2 символдық және 13 заттық балуантас енгізілді»-деп баяндады экспедиция жетекшісі.

Сонымен қатар, баспасөз жиынында «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының басшысы Асқар Әбубәкіров бұл сапардың өңір туризмін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

«Экспедиция аясында музейлердегі тарихи жәдігерлер зерттеліп, Қажымұқан Мұңайтпасұлына және өзге де балуандарға қатысты бұрын белгісіз болған балуантастар анықталды. Сондай-ақ, болашақ ғылыми еңбектерге негіз болатын тың деректер жинақталды. Маңызды жаңалықтардың бірі – «символдық Балуан тас» ұғымының ғылыми айналымға енгізілуі. Сонымен қатар, фото және бейнематериалдар түсіріліп, болашақ көрмелер мен деректі фильмдерге азық жиналды. Айрықша оқиғалардың бірі – Шәуілдір ауылында Наурыз мерекесі кезінде 80 жылдан кейін «Балуан тас» көтеру дәстүрінің қайта жаңғыртылуы болды. Бұл шарада балуан Арман Сүлеймен шамамен 200 келілік тасты көтеріп, оның өнері көпшілік назарына ұсынылды. Мамандардың айтуынша, экспедиция нәтижелері ұлттық мұраны жүйелеуге, тарихи жадыны жаңғыртуға және Түркістан өңірінің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта жоба аясындағы зерттеу жұмыстары еліміздің басқа өңірлерінде жалғасады» — деді спикер.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...