Түркістанда қоғамдық тамақтану қауіпсіздігі күшейтілуде — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркістанда қоғамдық тамақтану қауіпсіздігі күшейтілуде

Түркістанда Туризм, сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің қоғамдық тамақтану саласындағы қауіпсіздік мәселелері жөнінде жиыны өтті. Аймақтағы кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру және санитариялық талаптарды күшейту мақсатында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында маңызды ақпараттық семинар ұйымдастырылды.

Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен санитариялық қағидалар аясында өтіп, қоғамдық тамақтану орындарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау деңгейін арттыруға бағытталды. Басты мақсат – тағамнан улану жағдайларының алдын алып, халық денсаулығын барынша қорғау.

Семинар барысында қатысушыларға тағам өнімдерін сақтау, өңдеу және тұтынушыға ұсыну кезеңдеріндегі негізгі талаптар кеңінен түсіндірілді. Әсіресе, санитариялық нормаларды сақтамаудың салдары нақты мысалдар арқылы көрсетіліп, кәсіпкерлерге үлкен ой салды.

Жиында сөз сөйлеген Дінасыл Үсен саладағы жауапкершіліктің маңызын ерекше атап өтті:

«Қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр кәсіпкердің бұлжымас міндеті. Себебі бұл мәселе тікелей халық денсаулығына әсер етеді. Осындай кездесулер тәжірибе алмасуға жол ашып, ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Сонымен қатар, семинарға Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары қатысып, санитариялық талаптарды сақтау бойынша нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бақылау басқармасының бөлім басшысы
Манатбек Жайлауов қоғамдық тамақтану орындарында жиі кездесетін заңбұзушылықтарды атап өтіп, олардың алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндірді.

Айта кету керек, Түркістан облысы бүгінде еліміздегі туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі саналады. Көктем-жаз маусымының басталуымен өңірге келуші туристер саны арта түсуде. Осыған байланысты қоғамдық тамақтану орындарындағы қауіпсіздік пен қызмет сапасы ерекше маңызға ие. Өйткені туристердің алғашқы әсері мен өңір туралы пікірі көбіне көрсетілетін сервис пен тамақтану деңгейіне тікелей байланысты.

Сондықтан санитариялық талаптарды қатаң сақтау – тек халық денсаулығын қорғау ғана емес, сонымен қатар өңірдің туристік тартымдылығын арттырудың маңызды факторларының бірі. Қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсету Түркістанның оң имиджін қалыптастырып, туризм саласының тұрақты дамуына жол ашады.

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...