Татар ақыны Мұса Жәлелдің 120 жылдығына орай тағылымды кеш өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Татар ақыны Мұса Жәлелдің 120 жылдығына орай тағылымды кеш өтті

Шымкент қаласындағы Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана ғимаратында татар халқының көрнекті ақыны Мұса Жәлелдің туғанына 120 жыл толуына арналған «Мұса Жәлел мұрасы: Ерлікке тартқан жол» атты әдеби кеш өтті. Іс-шараны кітапхана ұжымы мен татар-башқұрт этномәдени бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.

Кеш барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен насихатталды. Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында жүріп, фашистерге тұтқынға түскен қайсар қаламгердің тағдыры мен ерлігі туралы тағылымды деректер айтылды. Мектеп оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқып, көрермендерге рухани әсер сыйлады.

Сонымен қатар, келушілер назарына Мұса Жәлелдің шығармашылығы мен өмірінен сыр шертетін кітап көрмесі ұсынылды. Кітапхана қызметкері Зәуре Мәскеуқызы ақынның «Варваризм» поэмасын әсерлі оқып, шығарма желісі бойынша дайындалған бейнеклип көрсетілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Мұса Жәлелдің мерейтойын атап өту – тарихи жадты жаңғыртып, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің маңызды тетігі. Ақынның өмірі – елге деген сүйіспеншіліктің, ерлік пен батырлықтың жарқын үлгісі болса, шығармашылығы – халыққа адал қызмет етудің символы.

Көрнекті қаламгердің есімі әдебиет тарихында оның Моабит дәптері жинағы және фашистер тұтқынындағы ерлік күресі арқылы мәңгі сақталады.

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...