Жаңа Конституцияда өтпелі кезеңнің барлық рәсімдері, мерзімдері мен регламенттері жазылды — Xnews — ақпарат агенттігі

Жаңа Конституцияда өтпелі кезеңнің барлық рәсімдері, мерзімдері мен регламенттері жазылды

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-ші отырысы барысында Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов келіп түскен ұсыныстардың қорытындылары негізінде жаңа Ата Заң жобасына енгізілген қосымша нормалар туралы хабарлады.

Оның айтуынша, негізгі бағыттардың бірі – тұрғын үйге қол сұғылмаушылық кепілдігін күшейту. Бақыт Нұрмұханов 28-баптың 1-тармағында тек тұрғын үйден айыруға ғана емес, соттың шешімінсіз одан шығаруға да жол бермейтін толықтыру көзделгенін атап өтті. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.

Талдау қорытындылары бойынша жаңа Конституцияның күшіне ену және 1995 жылғы Конституцияның қолданысын тоқтату мерзімдерін регламенттейтін нормалар қосымша көзделген. Жекелеген ережелер бірпалаталы Құрылтайға көшу және оның сайлауын өткізу мәселелерін реттейтін болады. Спикер нормалардың басқа бөлігі лауазымды тұлғаларды тағайындауға және жаңа мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысты екенін атап өтті.

«Конституциялық Кеңес пен Конституциялық Соттың бұрын қабылданған нормативтік қаулылары Ата заңға қайшы келмейтін бөлігінде заңды күшін сақтайтынын атап өткім келеді», – деді Бақыт Нұрмұханов.

Соңында ол жоба мәтіндерінің пысықталғаны туралы хабарлады. Спикердің айтуынша, Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндері барынша жетілдірілген.

«Оларда терминологиялық және семантикалық бірізділік қамтамасыз етілген. Құқықтық нормалардың тұжырымдамалары қолжетімді және олардың мазмұны баршаға түсінікті етіп жазылған. Бұл бағытта заңгерлер мен лингвист мамандардан құралған жұмыс топтарының үлкен жұмысын ерекше атап өткім келеді. Жаңа Конституцияның пысықталған жобасы Комиссия мен жұмыс топтарының отырыстарында жан-жақты талқыланып, қолдау тапты. Комиссия мүшелерінің азаматтармен және заң қоғамдастығы өкілдерімен өткізген кездесулерінде де оң пікірлер айтылды», — деп қорытындылады Бақыт Нұрмұханов.

x

Check Also

Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесті

Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесіп, жеке ...

Нұралхан Көшеров Сауран ауданының тұрғындарымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданының тұрғындарымен кездесіп, ашық форматта пікір алмасты. Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларын ...