Ордабасы ауданының әкімі 2025 жыл үздіктерін марапаттады — Xnews — ақпарат агенттігі

Ордабасы ауданының әкімі 2025 жыл үздіктерін марапаттады

Бүгін аудандық Мәдениет үйінде жыл қорытындысы және «Жыл үздіктері – 2025» марапаттау кеші ұйымдастырылды.

Іс-шараға аудан әкімдігі, мәслихат төрағасы мен депутаттары, сала қызметкерлері, аудан еңбеккерлері, ауыл округтерінің азаматтары және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Мерекелік шараның ашылуында аудан әкімі Азат Оралбаев барша аудан жұртшылығын Жаңа жылмен құттықтап, 2025 жылдағы ауданның жетістіктерін атап өтті.

«Өткен жыл ауданымыз үшін табысты әрі тағылымды жыл болды. Экономиканың негізгі салаларындағы өсім артып, ауыл шаруашылығы, өндіріс, кәсіпкерлік және инвестиция тарту бағыттарында нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

Көптеген әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, жол, ауыз су, газ, жарықтандыру мәселелерінің көпшілігі кезең-кезеңімен шешімін тапты.

Жыл қорытындысда ауданымыздың жалпы өңірлік өнімі 220,8 млрд теңгеге жетіп, 43,8 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Бюджет саласында ауданның қаржылық дербестігі айтарлықтай артты. Биыл аудан бюджетінің көлемі 20,1 млрд теңгеге жетіп, оның 40 пайызы – өзіндік кірістер есебінен қалыптасты.

Құрылыс саласында 32,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Инфрақұрылым бағытында ауыз сумен қамту деңгейі 100 пайызға жетіп, табиғи газбен қамту көрсеткіші 63 пайыздан 77 пайызға дейін артты. Электр желілері жаңартылып, жол жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Білім және денсаулық сақтау салаларында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Мектептер жөнделіп, жаңа білім нысандары ашылды. Соңғы екі жылда денсаулық сақтау ұйымдары толық жаңартылып, ауылдарда жаңа медициналық пункттер пайдалануға берілді.

Ауданымыздың негізгі тірегі саналатын ауыл шаруашылығы саласында да өткен жылы нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Жыл қорытындысымен 72,2 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, бұл саладағы тұрақты еңбектің айқын көрінісіне айналды.

Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының табысын арттырып, аудан экономикасына тың серпін берді.

Осы жетістіктердің барлығы – ауданымыздың дамуына өз үлесін қосқан еңбек адамдарының маңдай тері мен ерен еңбегінің жемісі. Ел игілігі жолында адал қызмет етіп, осы жылы өз саласында үздік нәтиже көрсеткен азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің табанды еңбектеріңіз – ауданның өсіп-өркендеуінің берік негізі.» — деді аудан басшысы.

Аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков өз кезегінде жаңа жылда әр шаңыраққа амандық пен береке, молшылық тілеп, аудан әкімдігінің ел игілігі жолындағы әрбір бастамаларын қолдайтынын жеткізді.

Кеш барысында «Жыл үздіктері – 2025» номинациялары бойынша үздік қызметкерлер марапатталды. Марапат алғандар арасында: «Жылдың үздік әкімі» – Абамуслимов Аскат

«Жылдың үздік құқық қорғаушысы» – Тажибаев Нұрсұлтан
«Жылдың үздік мемлекеттік қызметкері» – Бекмурзаева Жулдуз
«Жылдың үздік журналисті» – Әсет Әссанди
«Жылдың үздік мұғалімі» – Жәмәділ Балауса
«Жылдың үздік мәдениет қызметкері» – Жумабекова Динара
«Жылдың үздік әлеуметтік қызметкері» – Досмаханбет Күнсұлу
«Жылдың үздік спортшысы» – Бизақ Маржан
«Жылдың үздік коммуналдық шаруашылық қызметкері» – Кендербай Бегімжан
«Жылдың үздік ауылшаруашылық қызметкері» – Батырбек Мейірхан
«Жылдың үздік дәрігері» – Айтбаев Наурызғали
«Жылдың үздік қаржыгері» – Калкенова Гүлнур
«Жылдың үздік кәсіпкері» – Маматов Бахтиер
«Жылдың үздік салық қызметкері» – Нұржанұлы Намазхан
«Жылдың үздік еңбек адамы» – Арын Жазылбек
«Жылдың үздік кітапханашысы» – Азимбаева Сандуғаш
«Жылдың үздік жаттықтырушысы» – Қоспанов Айбек болып танылды.

Сонымен қатар, ҚР Президентінің 2025 жылғы 25 қыркүйектегі жарлығы бойынша «Ерен еңбегі үшін» медалімен Ахунбеков Жәнібек марапатталса, министрлер мен облыс әкімінің алғыс хаттары мен грамоталары да табыс етілді.

Мерекелік бағдарламада ауданның танымал би ансамблі, филармония әншілері сән беріп, халық көңілін көтерді. Қазақ эстрадасының жұлдызы Қайрат Түнтеков өз өнерімен кешке ерекше сән қосты.

Жаңа жылдық іс-шара аудан тұрғындарының жүрегінде жылы естелік болып қалды.

Жаңа 2026 жыл баршаңызға табысты, бейбіт, қуанышты және мол жетістіктерге толы болсын!

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Яндекс.Погода
x

Check Also

Түркістан облысында ахуалдық орталыққа 800-ден астам бейнекамера қосылған

Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының «Цифрлық даму орталығы» мекемесінің мемлекеттік-жекешелік әріптестікті бақылау бөлімі — өңірдегі бейнекамералардың ...

Шымкент қаласы полиция департаментінде «Сергек» жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды

Шымкент қаласы полиция департаментінде «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында департамент бастығының орынбасары Даулеткелді Абдрамановтың төрағалығымен жұмыс кеңесі өтті. Жиын барысында ...