Қазақстанның көрнекті мәдениет қайраткері, халық әртісі Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі растады.
Министрлік марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оның ұлттық мәдениеттегі орны ерекше екенін атап өтті.
Ұлттық театр мен киноның алып тұлғасы
Ресми мәлімдемеде Асанәлі Әшімовтің қазақ театр және кино өнерінің кәсіби мектебін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқаны айтылды. Оның сахнадағы және экрандағы бейнелері, сондай-ақ режиссерлік және ұстаздық еңбегі отандық өнер тарихында айрықша орын алады.
«Асанәлі Әшімов – ұлттық рухани мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан дара тұлға», – делінген министрлік хабарламасында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
– Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады, – деп жазылған жеделхатта.
Өнер жолындағы ғұмыр
Асанәлі Әшімов – КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол актер, режиссер, педагог әрі сценарист ретінде бірнеше буын өнер иесінің қалыптасуына ықпал етті.
Шығармашылық жолында ол 30-дан астам кино рөлін сомдады. Көрерменге ерекше танылған фильмдері қатарында «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Ермак», «Транссібір экспресі» бар.
Бұл туындылар қазақ киносының алтын қорына енді.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары