Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биыл 1 375 000 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған болатын, қазіргі уақытта оның 982 000 шаршы метрі пайдалануға берілді.
Алайда, халық санының жедел өсуіне байланысты тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 90 мыңнан асқан. Биыл 3 808 пәтерлі 61 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 574 пәтерлі 34 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
«Баспанамен қамтамасыз ету – халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Біз әлеуметтік тұрғын үй құрылысына, реновацияға және осал топтарды қолдауға басымдық береміз. Құзырлы органдармен бірлесіп, «Отбасы банк» арқылы пәтерлерді уақытылы үлестіру жұмыстарын жеделдетеміз», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Қала әкімінің мәліметінше, әлеуметтік осал топтарға 1 523 пәтер сатып алынуда. Жергілікті бюджеттен 388 отбасыға тұрғын үй сертификаттары берілген. Сонымен қатар, реновация бағдарламасы аясында апатты деп танылған 12 үйдің иелеріне 120 жаңа пәтер тапсырылған.
Шымкентте ауыз су, электр және газбен қамту көрсеткіштері өте жоғары деңгейде
Шымкент қаласында биыл Қызылжар-2, Ақжайық және Тұран шағын аудандарында шамамен 11 мың адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Демеушілердің қолдауымен Текесу және Айкөл елді мекендеріне 32 шақырым су құбырлары тартылып, орталықтандырылған жүйеге қосылды.
«Электрмен қамту аясында 13 мыңға жуық тұрғын сапалы электр энергиясына қосылды. «Ақжар» қосалқы станциясы пайдалануға берілді. Қазығұрт қосалқы станциясының қуатын арттыру 40 мыңға жуық тұтынушы мен өндіріс орындарын үздіксіз электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Газбен қамтуда 25 мыңға жуық тұрғын қосылды. Нәтижесінде қала тұрғындарының 99,9 пайызы ауыз сумен, 100 пайызы электрмен, 98 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілді», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Қала әкімінің айтуынша, «Пергам» жылжымалы қондырғысы арқылы 107 шақырым құбырдан 67 ақау анықталып, жойылған. Жылумен қамтуда акустикалық резонанс пен жасанды интеллект көмегімен 2,3 шақырым құбырға диагностика жүргізілді. Бұл тәсіл жөндеу шығындарын 75 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қала бойынша нормативтік жылу шығыны 24 пайыздан 9 пайызға дейін төмендеді. Әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандықты модернизациялау жобасы 46 мыңнан астам абоненттің сапалы жылумен қамтылуына әсер етеді.
Түнгі жарықтандыру бойынша соңғы екі жылда 4 686 көше жарықтандырылды, ал жыл соңына дейін қаланың барлық көшелері 100 пайыз жарықтандырылуы жоспарланып отыр.
Шымкентте биыл 1 000 шақырымнан астам жолға асфальт төселді
Шымкент қаласында Мемлекет басшысының жергілікті жолдардың 95 пайызының сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 270 шақырым жолға асфальт төселсе, биыл 1 000-нан астам шақырым жолға асфальт салу жоспарланып, оның 97 пайызы орындалды.
«Қаладағы тұрғындар қоныстанған елді мекендер жыл соңына дейін толық асфальтпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар А-2 айналма жолы қайта құрылып, транзиттік көліктерге жағдай жасалуда. Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы келесі жылы аяқталады. Қалада Момынов және Тіленшин көшелеріндегі ірі теміржол өткелдерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Момынов өткелі 95 пайызға дайын және жақын арада толық көлік қозғалысына ашылады. Тіленшин өткелінің ашылуы келесі жылға жоспарланған. Ауыр жүк көліктерінің жолдарға зиянын азайту мақсатында қалаға кіретін үш бағытта артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылып, қараша айынан бастап 240 млн теңге айыппұл салынды. Келесі жылы жүйе тағы алты бағытқа орнатылмақ», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Сонымен қатар, қала әкімінің айтуынша, әуежайдың жаңа ұшу-қону жолағының құрылысы басталған. Бұл жоба Шымкентті халықаралық мультимодальды хабқа айналдыруға мүмкіндік береді.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 11 желтоқсан күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізіп, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен әлеуметтік саладағы маңызды өзгерістер және жетістіктер туралы баяндама жасаған болатын.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
