Әкім кетіп қалмаса екен… — Xnews — ақпарат агенттігі

Әкім кетіп қалмаса екен…

Такси шақырғам. Жас жігіт келді. Әңгімелесіп келеміз. Біздің шымкенттіктердің алғашқы сұрағы «не елсің?» ғой. Трайбалистік деуге келмейді. Қарға тамырлы қазақ, әйтеуір өзіне жақын тарту амалы.

Кемінде нағашы, құда, жекжат, жұрағатқа тартып, туысқан қылып алады.

Аты Дәулет. Руы — шымыр. Менің де бара жатқан үйім шымыр Аманбектің үйі еді. Әңгімеміз жарасып кетті.

— Әкім кетіп қалмаса екен. Қаланың әкімін айтамын.

— Неге олай айттың?-дейсің ғой.

— Таксиспін аға. Күн-түн жүреміз. Кешке Алматыға тапсырыс алғанмын. Түн іші, жүрегім дауаламады. Сол ақшаны Шымкентте жүріп-ақ, табуға болады. Түнгі Шымкент жап-жарық. Барлық көшелерге жарық тартылған. Қорықпай жүресің. Көшелер тап-таза. Әкімді байқаймын теледидардан. Ылғи халықтың ішінде жүреді. Сұрақтарына жауап береді. Әр аулада балалардың ойын алаңшасы. Бұдан артық не керек?!

Өткенде Алматыға барғам. Қаланың шеткі көшелері ыбырсып жатыр. Ал, біздің Шымкент көшелері тап-таза.

Дәулет інімнің байқағыштығына разы болдым. Мемлекет Басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының нәтижесі осы.

Бір күні қаланы қақ жарып өтіп жатқан Бадам өзенінің жағалауын тазалауға бардық. Қалалық сенбілік.

Қасымда қалалық мәслихаттың депутаты, Қазақстандағы нөмірі бірінші кілем фабрикасының иесі, «Бал-Текстиль» кәсіпорнының басшысы Талғат Ысқақов. Өте қарапайым, ақкөңіл жігіт. Мотивация болсын, айта кетейін. Осы Талғат жұбайы екеуі Бәйдібек ауданында мұғалім болады. Тоқсаныншы жылдар. Алдынғы өмір бұлыңғыр Басқа тартса аяққа жетпейтін уақыт. Саудаға шығып кеткендердің жаман болып жатқаны жоқ. Талғат әрі ойланып, бері ойланып жалғыз сиырын базарға шығарып, әйелі екеуі Алматы кетеді. Кілем алып кілем сатады. Қасындағы жігіттердің бірі Жақсыбек Күлекеевтің туған бауыры.

Жақсыбек Күлекеев сапарға келгенде «Бал Текстильде» Талғатты танып, екеуі мәре-сәре болғаны бар. Қарапайым мұғалімнен еңбегімен Қазақстандағы ең ірі фабрика қожайыны болған Талғат Ысқақов екеуіміз қолымызға қап алып, қоқыс теріп жүрміз. Алдынғы қанатта қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы.

Біздің халықта қызық қой. Өзен жағалауына машинамен әрі өткен, бері өткен қоқыс, тамақ қалдықтарын тастай берген. Сол жолы қырық КамАЗ-ға жуық қоқыс шығарылды. Сенбілік апта сайын ұйымдастырылды.

«Таза Қазақстан» нәтижесін берді. Бүгінде берекесіз, надандау біреу болмаса көшеге қоқыс тастайтындар азайған. Халық санасы оянды.

Өткенде әлеуметтік желіден бір оқиғаны көрдім. Екі жігіт бір машинаны тоқтатып, тергеуге алып жатыр. Анадағы азаматтар тамақ қалдығын терезеден лақтырып, мыналар көріп қалып артынан қуып жеткен. «Қала бәріміздікі, неге ластайсыңдар. Қазір артқа бұрылып, әлгі лақтырғаныңды қоқыс жәшігіне тастайсың». Көңдірді. Әлгі кері қайтып қоқысын алды. Дұрысы, алдырды.

Абат Адырбеков деген дос інім бар. Бокстан спорт шебері. Кейде шағым айтады.

— Бәке, апта сайын сенбілікке шығамыз. Бір аулаларды тазалаймыз. Таң қалатыным, сол үйдің тұрғындары шықпайды.

— Түбі шығады Абат,-дедім. -Аты адам ғой, надан емес санасы болса сендерсіз-ақ өздері жинайды.

Үлкен ұлым ауырып Германияда жеті айдай тұрғаным бар. Тоқсаныншы жылдардың аяғы ғой. Біздің қалаларды қоқыс басып жатқанда Берлин көшелері мұнтаздай таза болатын. Таңертеңгілік тротуарлар шампунь араласқан сумен жуылады. Біреу жазатайым қалтасынан темекі сияқты заттар түсріп алса, соңында келе жатқан адам үндемей көтеріп, қоқыс жәшігіне салады. Автобустар минутпен жүреді. Қала шетіндегі Берлин клиникасында тұрдық.

Атшаптырым жер. Көлі бар. Форель, маринка деген балығыңыз ырғын. Қармақпен аулайтындар бар. Сол кездің дамып кеткені соншалық, әлгі балықшы шыға берістегі киоске келіп, балығын өлшеп, ақшасын картасымен төлеп кетеді. Киоскіде бақылаушы жоқ.

Қаз, үйрек дегеніңіз жағалауда жүзіп жүреді.

Ал, ол кездері бізде балықты аумен сүзіп алып, қаз, үйректі қан қақсатып атып алып жатқан уақыт болатын.

Содан бері, біздің Қазақстан көп өзгерді. Жақсы жағында. Отанына деген патриоттық сезімі оянып келеді. Заңға бағынады. Делқұлылау біреулер болмаса.

Жастарымыз жасампаз. Халықаралық білім сайыстарында бас жүлде алып келіп жатқан оқушыларымыз бар. Илон Масктің жанында талантты қазақтар төбе көрсетті. Спортшыларымыз ше?! Бокстан Қазақстан құрамасы әлемде бірінші орынға шықты. Әлемдегі ең ауыр салмақтарғы аңыз боксшы Олександр Усик біздің Төрехан Сабырханға құсы түсті. Өте талантты боксшы деді.

Шардара деген ауданымыз бар. Жүз мыңдай халқы бар. Көршілес Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында алтыжүз мыңға жуық тұрғын тұрады. Осы Шардара ауданы армрестлингтен әлемде бірінші орынды бермей келеді. Жақында ғана жасөспірімдер арасынан бір отбасыдан үш жеткіншек әлем чемпионы болды. Арман Қарсыбаевтың жанқиярлық еңбегі, жүйелі жаттықтыруының жемісі.

Бірді айтып, бірге кетіп қалыппыз. Айтқымыз келгені, біздің Қазақстанымыз ешкімнен кем емес, әлемдік санаттағы мемлекеттердің бірі.

Мемлекет Басшысының жанына топтасып, өзекті мәселелерімізді бірлесіп шеше алсақ, алынбайтын қамал жоқ.

Айтайық. Германия әлемдегі таза қала дәргейіне қалай жетті. Кезінде канцлер Бисмарк көше аралап жүріп, қоқыс тастаған отандастарын бишікпен сықыртып сабайды екен.Бізге ол әдіс керегі жоқ. Алла санамызға берсін. Отанымыз көркеие берсін. Бай, қуатты болсын.

Бір шопырдың әңгімесі талай дүниені айтқызып тастады…

Бақтияр ТАЙЖАН,
журналист

Яндекс.Погода
x

Check Also

В Шымкенте прошла акция «Таза аула»: участие приняли более 55 тысяч человек

18 апреля 2026 года в городе Шымкент в рамках республиканской экологической программы «Таза Қазақстан» прошёл масштабный общегородской день чистоты. Акция ...

Шымкент қаласында «Таза аула» акциясы: 55 мыңнан астам адам тазалық жұмыстарына қатысты

2026 жылғы 18 сәуірде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық тазалық күні өтті. «Таза аула» ...