Шымкентте салық реформасы талқыланды — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте салық реформасы талқыланды

Шымкентте мемлекеттік орган мен бизнес өкілдері арасында ашық диалог орнады, деп хабарлайды 24kz.

Форумда көлеңкелі экономикамен күреске негізделген салықтық реформаларға талдау жүргізіліп, заң жобасы талқыланды.

«Мақсат – шағын және орта бизнес иелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру», — дейді ұйымдастырушылар. Жиынға қаржы саласының 700-ден астам маманы қатысты. Олар бухгалтерлік есеп жүргізу, қаржылай аударымдардың тексерілуі және жаңа талаптар мен тәуекелдерге қатысты ойларын ортаға салды. Баяндамада кәсіп иелеріне жаңашылдықтан қорықпай, ашық жұмыс істеу қажеттігі айтылды.

Айдар Масатбаев, заңгер:
— Жаңа ақпараттарға қаныққан адам өз құқығын қорғай алады. Салық органының атынан хабарласатын алаяқтарға да алданып қалмайды. Екіншіден, салықтық міндеттемелер уақытылы орындалса, ешқандай кедергі жоқ. Біз форумда осы бағытта баяндамалар оқып, кәсіпкерлерге тегін қолдау көрсетеміз.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесу барысында салық реформасына қатысты пікір білдірген еді.
– Жаңа Салық кодексін әзірлеуге тапсырма берген кезде мен мейлінше түсінікті, тұрақты әрі әділ салық саясатына көшу жөнінде міндет қойдым. Шын мәнінде, біз салық саясатын қатаңдатпаймыз, керісінше ретке келтіреміз. Қазіргі кодекс көп өзгеріске ұшыраған. Заңға тәуелді актілерге және жекелеген жағдайларда басқаша ереже қолданатын ерекшеліктерге толы. Кодекс оқып, түсінуге қиын құжатқа айналған. Соның салдарынан кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер оны әрқалай қабылдап, өз уәждерін алға тартады. Қаптаған жеңілдіктер мен салық режимдері кәсіпкерлердің бір бөлігіне артықшылық берсе, тағы бірі оған наразы. Ол да негізсіз емес. Бастапқыда салық жеңілдігі экономиканың белгілі бір салалары мен бизнестің нақты санаттарын қолдау мақсатында енгізілген еді. Бірақ кәсіпкерлер жеңілдікті бас пайдасына жаратып, салықтан жалтарып, бизнестерін бөлшектей бастады. Мұндай жағдайға біз жол бере алмаймыз. Қазақстан жаппай офшор аймағына айналып кетпеуі керек. Мұның бәрі салықты басқару жүйесін күрделендіріп, салық жүктемесі әділетсіз бөлінетін жағдайға әкеп соқты.

Қазір Парламентте мүлдем жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Аталған құжат бизнестің де, мемлекеттің де мүддесін ескеріп, кәсіпкерлерді салықты дұрыс төлеуге ынталандыруға тиіс. Қосымша салық түсімдері даму бюджетін ұлғайтып, жаңа мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік береді. Ашық және тұрақты салық жүйесі еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтеді. Осының бәрі азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына, тұтас экономиканың өсіміне, яғни, түптеп келгенде, бизнестің дамуына өте тиімді әрі пайдалы болмақ. Әрине, осындай күрделі кезеңде бізге ең алдымен ауызбіршілік керек. Халқымызда «Ырыс ынтымақты елге барады» деген жақсы сөз бар. Ұйыса білген ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан жұртты ортақ мақсатқа жұмылдыру өте маңызды, – деді Президент.

© «24KZ» телеарнасы

Яндекс.Погода
x

Check Also

В Шымкенте прошла акция «Таза аула»: участие приняли более 55 тысяч человек

18 апреля 2026 года в городе Шымкент в рамках республиканской экологической программы «Таза Қазақстан» прошёл масштабный общегородской день чистоты. Акция ...

Шымкент қаласында «Таза аула» акциясы: 55 мыңнан астам адам тазалық жұмыстарына қатысты

2026 жылғы 18 сәуірде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық тазалық күні өтті. «Таза аула» ...