Бүгінде қаламызда жұмыссыз азаматтарға нарыққа қажетті жаңа мамандық меңгеріп, тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беретін кәсіптік оқу курстары ұйымдастырылып отыр.
Оқу орындары анықталып, қатысушыларды қабылдауға дайын. Ол үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша аудандық Мансап орталығына барып, жолдама алу қажет.
Орындар саны шектеулі. Бухгалтер-кассир мамандығына 14, визажистке 5, кондитерге 20, тоқу машинасының операторына 30, электронды есептеу машинасының операторына 1, аспазға 11, тәрбиешінің көмекшісіне 9, шаштараз-стилистке 10 орын бар.
Оқу барысында қатысушыларға шәкіртақы төленеді.
Мансап орталықтарының мекенжайы:
Абай ауданы – Арғынбеков көшесі 243/3;
Еңбекші ауданы – Астана шағынауданы 106;
Әл-Фараби ауданы – Байтұрсынов көшесі 201;
Қаратау ауданы – Бәйтереков көшесі 89;
Тұран ауданы – Қазыбек би көшесі 50.
Еске салсақ, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте: «Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту бағытындағы шаралар жүйелі түрде жалғасуда. Атап айтқанда, 2025 жылы 770 жұмыссыз азаматты қысқа мерзімді кәсіптік оқыту көзделіп отыр. Бұл бастама еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлап, тұрғындарды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоспарға сәйкес, 610 адам білім беру ұйымдарында оқытылатын болса, тағы 160 азамат нақты жұмыс берушілердің өндірістік базаларында тәжірибелік даярлықтан өтетін болады. Оқыту кезеңінде қатысушыларға ай сайын шәкіртақы төленеді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында оқитын азаматтарға – 43 574 теңге, ал жұмыс орнында тағылымдамадан өтетіндерге – 78 640 теңге көлемінде қаржылай қолдау қарастырылған.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы арқылы стилист-шаштараз, визажист, бухгалтер-кассир, аспаз, кондитер, тәрбиеші көмекшісі, тігінші-пішуші, автомеханик, слесарь-сантехник, электрогазбен дәнекерлеуші, электрик, киім дизайнері, кестелеуші сынды мамандықтарды игеруге мүмкіндік беріледі. Бұл мамандықтар қазіргі таңда еңбек нарығында сұранысқа ие болып отыр.
Азаматтардың оқуға қатысуы үшін алдымен аудандық мансап орталықтарына барып, “жұмыссыз” мәртебесін алуы қажет. Тиісті мәртебеге ие болған тұрғындар ғана кәсіптік оқуға өтінім бере алады. Жұмыссыз азаматтарды қолдау және кәсіби тұрғыдан дамыту – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде басым бағыттар қатарында қала бермек» деп Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеген еді.
2025 жыл — «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында және белгіленген іс-шаралар жоспарына сәйкес, жақында Дендросаябақта бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға ықпал ету, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тиімді байланыс орнату және жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын арттыру. Іс-шараға азаматтар түйіндемелерін тапсырып, ұсынылған лауазымдар бойынша кеңес алды. Бұл – жұмыссыз азаматтар үшін нақты жұмыс табуға бағытталған тиімді алаң болды.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
