Вандализм бұл өнер емес, қала көркін бүлдіретін жойқын күш!

Елде вандализм, бұзақылық, өзгенің мүлкін бұзу деректері жиілеп барады. Тәртіп сақшылары осылай деп дабыл қағып отыр. Бүлінген инфрақұрылымдық нысандардың ішінде мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткіштер мен архитектуралық композициялар да бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек.

– Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел, – деді Президент.

Шымкент қаласында тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру және қаланың микроклиматын жақсарту мақсатында демеушілік қолдаумен 40 жаңа субұрқақ салу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 15-і толық іске қосылып, халық игілігіне берілген.

Алайда, қала инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бұл бастамаларға кейбір азаматтар тарапынан немқұрайлы көзқарас пен жауапсыздық байқалуда. Субұрқақтарға әдейі зақым келтіру, қоқыс тастау секілді әрекеттер инженерлік жүйелердің істен шығуына, сондай-ақ қаланың көркіне нұқсан келуіне әкелуде. Мұндай жағдайлар нысандардың мерзімінен бұрын жарамсыз болуына және қосымша жөндеу шығындарының туындауына себеп болады.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы «Shymkent City» саябағында заманауи музыкалық субұрқақ мамыр айында іске қосылды. Бұл нысан қаланың сәулеттік келбетін айшықтап, тұрғындар мен қонақтар үшін жаңа демалыс орнына айналып, қала өміріне жаңа серпін береді деп Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифингте мәлімдеген еді.

«Субұрқақ жоғары технологиялы мультимедиалық кешен ретінде салынған. Ол лазерлік жарықпен және бейнепроекциямен жабдықталған. Су көріністері түрлі музыкалық сүйемелдеумен үндесіп, арнайы жарықдиодты жүйемен үйлесім табады. Субұрқақ бес түрлі жұмыс режимімен жабдықталған. Олар музыкалық және үш түрлі динамикалық (жылдам, орташа, баяу), сондай-ақ статикалық режимдерден тұрады.

Бұл сәулеттік туынды қаланың жаңа көрікті орнына айналып, тұрғындардың серуендеуі мен отбасылық демалысы үшін қолайлы жағдай жасайды.

Сонымен қатар, Шымкент қаласында Жайлаукөл саябағында, Тұлпар көлі маңында орналасқан биіктігі 80 метрлік жаңа субұрқақ іске қосылды. Бұл нысан қаланың табиғи ландшафтына үйлесімді етіп жобаланған және ерекше сәулеттік шешімімен көз тартады. Аталған су бұрқақ табиғи ортамен үйлесімділігімен және көркем келбетімен Шымкент қаласының ерекше символдарының біріне айналады деп күтілуде» деп айтқан.

Қоғамдық нысандарды сақтау — әр азаматтың міндеті. Осыған байланысты, барлық қала тұрғындарын қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға және ортақ жауапкершілікті сезінуге шақырамыз. Қала — баршаға ортақ орта. Оның тазалығы мен көркеюі әрбір тұрғынның саналы қатысуына тікелей байланысты.

Егер сіз вандализм әрекеттеріне куә болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз.

x

Check Also

Шымкентте 2 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылған еңбек жәрмеңкесі өтті

Шымкентте еңбек нарығындағы белсенділік артып келеді. Бүгін қаладағы Көрме орталығында «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты кең ауқымды бос жұмыс орындары ...

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...