Шымкент қаласында тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында түнгі мезгілде пиротехникалық бұйымдарды қолдануға байланысты бақылау күшейтілді. Соңғы уақытта түнгі уақытта салют ату деректеріне шағым көбейіп, полиция департаменті тарапынан рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.
Қоғамдық орындарда салют ату фактілері бойынша жыл басынан бері 123 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, барлығы 9,6 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Сонымен қатар, сағат 22:00-ден кейін тыныштықты бұзған 4 675 тұлға жауапкершілікке тартылып, 66,9 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.
Пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алып, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген алаңдарда ғана қолдануға болады. Өзге орындарда қолдануға тыйым салынады.
Тұрғындардың тыныштығын сақтау мен қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету – Полиция департаментінің басты міндеттерінің бірі. Құзырлы орган қала тұрғындарын тәртіпке түсіністікпен қарап, заң талаптарын сақтауға шақырады.
Еске салсақ, түңгі рейдтердің бірінде Әл-Фараби ауданы прокуратурасы, Шымкент қаласы Полиция департаменті, аудан әкімдіктері мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты. Рейд барысында мамандар жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бермеуге және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар, ҚР заңнамаларының талаптарын түсіндіру мен сақталуын бақылау ерекше назарға алынды. Әл-Фараби ауданы бойынша Арбат демалыс аймағы мен ойын-сауық нысандарында жүргізілген рейд нәтижесінде, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 441-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қоғамдық орында темекі өнімдерін тұтынған бір азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі бойынша тағы бір тұлға жауапқа тартылды. Тұран ауданы бойынша Alligator және Top E-Sports Arena ойын-сауық орындарында жүргізілген рейдте де екі әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 441-бабы 1-бөлігі бойынша темекі өнімдерін қоғамдық орында тұтынған бір азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүрген бір тұлға жауапкершілікке тартылды.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/2TQzZZxXgoM
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
