Халықтың медициналық сақтандыру жүйесіне тартылуы – басты міндет

Шымкент қаласында халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқын алуда. 2025 жылдың алғашқы айларында 329 870 адам сақтандырылмаған болса, бес айдың ішінде бұл көрсеткіш 56 925 адамға азайды. Осы нәтижелер жүйелі ақпараттық жұмыстар мен салааралық өзара іс-қимылдың көрсеткіші деуге болады.

Соңғы дерек бойынша, қала халқының саны – 1 271 228 адам. Оның 1 033 736-сы, яғни 81,3%-ы сақтандырылған, ал 237 492 адам (18,7%) әлі де сақтандырылмағандар қатарында қалып отыр. Бұл – маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осал әлеуметтік топтар үшін медициналық сақтандыру жарнасын жергілікті бюджет есебінен төлеу қажеттігін атап өтті. Соған сәйкес, қала әкімдігі мен емханалар сақтандырылмаған тұрғындармен тығыз жұмыс жүргізуде.

2025 жылғы 18 маусымнан бері жүргізілген үздіксіз жұмыстың нәтижесінде 6 434 адам сақтандырылды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі денсаулық сақтау – ұлттық қауіпсіздік пен адами капитал сапасының негізі. Осы орайда, ақпараттық түсіндіру шараларын күшейтіп, азаматтардың өз мәртебесін тексеріп, жүйеге қосылуын қамтамасыз ету – басты басымдық болып отыр.

Жаңа жүйе – сапалы қызмет

Қазақстанда медициналық көмекті қаржыландыруда жаңа модельге көшу басталды. Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, халықтың қажеттілігі мен бюджеттік мүмкіндіктерді ескерген өзгерістерді ұсынды. Енді 2026 жылдан бастап елімізде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) арасындағы шекара нақты ажыратылады.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес, бірыңғай мемлекеттік медициналық көмектің пакеті қалыптастырылады. Бұл пакет келесідей мақсаттарды көздейді: медициналық қызметтер тізбесінің ашықтығы мен түсініктілігі, қызметтердің қайталануын болдырмау, онкологиялық және әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте кезеңде анықтау, пациенттерге тиімді әрі сапалы көмек көрсету.

Енді онкоскринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға қолжетімді болады. Сонымен қатар, туберкулез, АИТВ инфекциясы сынды дерттерге диагностика тегін жүргізіледі. Медициналық көмек түрлері нақты анықталып, жедел жәрдем, вакцинация, паллиативтік көмек, әлеуметтік аурулар кезінде алғашқы тексеру, шұғыл жағдайлар – бәрі базалық пакетке енеді. Жаңа жүйе ресурстарды оңтайлы қайта бөлуді және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Мұндай үлгілер шетелдік тәжірибеде де бар: мысалы, Ресей мен Эстонияның үлгісінде белгілі бір аурулар ғана тегін, ал Германия мен Нидерландыда тек мейіргерлік күтім қарастырылған. Осылайша, еліміздегі бірыңғай пакет – азаматтардың денсаулығына қолжетімділік пен сенімділікті қамтамасыз ететін нақты қадам.

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/wAOb96tzKBk?si=K6nWFYKPLo6DB8Vz

x

Check Also

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...