Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы жаңғыртылады

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын реттеуге және дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді көтеріп, оның шешу тетіктерін ұсынды. Тиісті мемлекеттік құрылымдарға тапсырма берді.

Цифрландыру жүйесін дамыту, елге инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы олқылықтар – барлығы Президент назарынан тыс қалмады.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту — тұрақты дамудың негізі факторы. Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл бойы қараусыз қалып, оның жай-күйі өте мүшкіл жағдайға түсті. Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар. Мұндай үлгі бойынша, тарифтер өскен сайын халыққа сенімді әрі сапалы қызмет көрсетілуі тиіс. Бұл іске «Ақылды қала» құру тұжырымдамасының көмегі тиері сөзсіз, оны еліміздің барлық өңіріне тарату керек. Оған озық халықаралық тәжірибелерді қолданып, білікті басшыларды, соның ішінде шетел мамандарын тарту қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жаңғырту жұмыстарының қажеттілігі iKomek орталығына түсетін тұрғындардың өтінішінен-ақ байқалады. Қоңыраулардың басым бөлігі инфрақұрылым мәселелеріне қатысты. Қала билігі бұл бағытта жұмыс жүргізгенімен, айтулы нәтижеге қол жеткізу үшін жаңғырту жұмыстары қажет-ақ. Жұмыс жүйелі жүргізілген соң, халыққа жайлы орта қалыптастыру мүмкіндігі туатыны анық.

Мемлекет басшысы, сонымен қатар, еліміздегі табиғи су ресурсының азайып отырғанын айта келе, ел ішінде, әсіресе өскелең буынға суды тұтыну мәдениетін, үнемдеуді насихаттауды да тапсырды. Бұл – тек бүгініміз үшін емес, ертеңіміз үшін өзекті мәселе.

Азат ӘМІРТАЕВ,
Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және жергілікті заңдылықты қадағалау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы

x

Check Also

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...

Шымкентте мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын меңгерді

AMANAT партиясының бастамасымен елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. ...