Шымкент қаласында жолаушылар тасымалы саласы кезең-кезеңімен жаңартылып, заманауи технологиялармен жабдықталуда. Бүгінгі таңда қалада 82 бағыт бойынша 1120 автобус тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетуде. Бұл бағыттарда 11 көлік компаниясы жолаушылар тасымалымен айналысады.
Қоғамдық көліктегі қызмет сапасын арттыру және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында аялдама атауларын дыбыстық хабарлау жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба жеке инвестор – «Smart Mobility» ЖШС қолдауымен жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта бұл жүйе 1003 автобуста орнатылып, күнделікті жолаушыларға сапалы әрі нақты ақпарат ұсынылуда. Жыл соңына дейін қалған 117 автобуста (төрт компанияға тиесілі) дыбыстық хабарлау жүйесі толық енгізіледі деп жоспарланып отыр.
Жалпы, 2025 жылдың соңына дейін дыбыстық хабарлау жүйесі барлық автобустарға 100% көлемде орнатылады. Бұл бастама қаладағы қоғамдық көлік қызметінің қолжетімділігін арттырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
