Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды жалпықалалық тазалық шарасы ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты — қала аумағын тазарту, көгалдандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Тазалық жұмыстарына қала тұрғындарынан бөлек қалалық басқармалар, мемлекеттік мекемелер, оқу орындары мен түрлі ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Әрбір мекемеге алдын ала белгіленген аумақтар бөлініп, тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Қатысушылар көшелер мен аулаларды, арық-атыздарды, қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, жасыл желектердің айналасын ретке келтірді.
Мұндай акциялар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, бұл бастама ел азаматтарын туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосуға үндейді.
«Табиғатты қорғау — әр азаматтың азаматтық борышы. Сенбілік — тек тазалық шарасы ғана емес, бұл қоғамның экологиялық санасын көтеруге бағытталған маңызды іс,» — дейді сенбілікке қатысушы Ақерке Өскенбайқызы.
Алдағы уақытта мұндай сенбіліктерді тұрақты түрде ұйымдастыруды жоспарланып отыр. «Таза Қазақстан» акциясы алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етпек.
Еске салсақ, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы 2024 жылдың көктемінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен бастау алып, бүкіл ел аумағында жалғасқан кең ауқымды шараға айналды. Бұл кампанияның негізгі мақсаты – табиғатты тазарту ғана емес, халық арасында жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру болатын. Мемлекет басшысы қолдаған бұл игі істі қоғамның барлық өкілдері, әсіресе жастар жағы жылы қабылдап, жаппай атсалысты. Нәтижесінде аз ғана уақыт ішінде миллиондаған қазақстандықтар тазалық шараларына үлес қосып, туған өлкесінің экологиясын жақсартуға өз қол ұшын созды.
Мамандардың пікірінше, «Таза Қазақстан» акциясы екі мәселені көздеп отыр. Біріншіден – тазарту, екіншіден – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Екінің бірі экологиялық талаптарды біледі, халық та біледі. Бірақ әдеп (мәдениет) жоқ. Тазалап қана қоймай, келесіде алдын алу мәселесін жүйелі түрде іске асыру керек. Ол айыппұлды көбейту болуы мүмкін» деген ұсыныс айтып отыр. Яғни, экологтар бір реттік тазалаудан гөрі халықтың экологиялық әдетін өзгерту маңызды екенін, ол үшін жазалау мен алдын алу шаралары қатар жүруі тиіс екенін ескертеді.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
