Мемлекет Басшысы көлік саласының үздік қызметкерлерін марапаттады

2025 жыл — Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтарының жылы» ретінде жарияланғаны белгілі. Осыған орай Мемлекет басшысы көлік саласында табанды еңбек етіп жүрген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттап, олардың кәсіби шеберлігі мен ел дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Солардың қатарында көлік саласының дамуына ұзақ жылдар бойы аянбай қызмет етіп келе жатқан ардагер маман, «ЮЖАВТОТРАНС» қауымдастығының төрағасы Қайыпов Дархан Қалмұратұлы да бар. Ол «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл марапат — оның салалық тәжірибесі мен қоғамдық қызметінің лайықты бағасы.

Дархан Қалмұратұлы 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді инженер-механик мамандығын иеленген. Жалпы еңбек өтілі — 49 жыл, оның 44 жылы көлік саласымен тығыз байланысты. Ол түрлі кезеңдерде өндірістік, әкімшілік және қоғамдық салада жауапты қызметтер атқарып, бүгінгі таңда «ЮЖАВТОТРАНС» қауымдастығын басқарып келеді. Бұған дейін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрметті автокөлікші» төсбелгісімен және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.

Мемлекеттік наградаға ие болған тағы бір азамат — «Шымкент» халықаралық әуежайының Арнайы көлік қызметінің жүргізушісі Мавланов Инагамжан Махаметалиевич. Ол Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 42 жылдық тәжірибесі бар, бір мекемеде үздіксіз еңбек етіп келе жатқан кәсіби маман өз ісіне адал, жауапты әрі үлгілі қызметкер ретінде танылған.

Сонымен қатар «Шымкент» халықаралық әуежайының Инженерлік-авиациялық қызметінде ұшу аппараттарын жуушы қызметін атқарып жүрген Пірманова Нұрзейнеп Жаңабекқызы да «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 44 жылдық еңбек жолының 27 жылын авиация саласына арнаған ол — кәсібіне адал, ұжымда зор беделге ие, еңбекқор маман. Жас қызметкерлерге тәлім беріп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген білікті маманның еңбегі ел тарапынан жоғары бағаланды.

Бұл марапаттар — көлік саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбегі мен кәсіби адалдығына берілген әділ баға. Жұмысшы мамандық иелерін ел алдында ұлықтау — олардың қоғамдағы маңызын арттырып, келешек ұрпаққа үлгі болмақ.

 

x

Check Also

Еңбегінің арқасында құрметке бөленді

Күні кеше елімізде көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтті. Осы атаулы күн аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ...

Ел Президенті Түркістандық еңбек адамдарын мемлекеттік наградамен марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласының қызметкерлерін марапаттады. Президент ең алдымен, көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, оларды еліміздің дамуына ...