Кәсіби адалдық пен еңбектің үлгісі

«Шымкент» халықаралық әуежайының Инженерлік-авиациялық қызметінде 2-разрядты ұшу аппараттарын жуушы қызметін атқарып жүрген Пірманова Нұрзейнеп Жанабековна Қазақстан Республикасының “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды.

Нұрзейнеп Жанабековна 1966 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Орта кәсіби білім алған. Өзінің еңбек жолын ерте бастап, бүгінде жалпы еңбек өтілі 44 жылды, ал авиациялық саладағы еңбек өтілі мен осы ұжымдағы қызметі 27 жылды құрайды.

Ол өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, еңбекқор, кәсібіне адал маман ретінде ерекшеленеді. Жас мамандарға өндірістік және өмірлік тәжірибесін риясыз бөлісіп, еңбек ұжымында зор құрметке ие. Әріптестерімен сыйластықта жұмыс істеп, ұйымшылдығымен, сыпайылығы және принципшілдігімен танылған.

Мемлекеттік марапат – оның көпжылдық адал еңбегі мен кәсіби шеберлігінің лайықты бағасы болып табылады.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».

Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.

«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.

x

Check Also

Еңбегінің арқасында құрметке бөленді

Күні кеше елімізде көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтті. Осы атаулы күн аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ...

Ел Президенті Түркістандық еңбек адамдарын мемлекеттік наградамен марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласының қызметкерлерін марапаттады. Президент ең алдымен, көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, оларды еліміздің дамуына ...