Шымкентте қоғамдық көлікте жолақы төлеуге бақылау күшейтілді

Шымкент қаласында қоғамдық көлікте жолақыны төлеу тәртібіне бақылау шаралары күшейтілді. 2025 жылдың маусым айынан бастап «Бақылау-тексеру қызметі» мамандары жолақы төлемеген жолаушыларға қатысты «102» нөмірі арқылы полиция қызметкерлерін шақыруды тәжірибеге енгізді. Нәтижесінде маусым айында 1168 әкімшілік хаттама толтырылды.

Ал 1–8 шілде аралығында 983 билетсіз жолаушыға әкімшілік хаттама рәсімделді. Жалпы, 2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласында жолақы төлемеген жолаушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 622-бабы 2-тармағы бойынша 2339 әкімшілік хаттама толтырылып, 18 393 896 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қолма-қол ақшасыз төлем жүйесінің дамуы және Бақылау-тексеру қызметінің белсенді жұмысы қоғамдық көліктегі ашықтықты арттырып, жолаушылар тәртібін күшейтуге ықпал етеді. Әкімдік қоғамдық көліктегі жолақы төлеуді қатаң қадағалауды жалғастырып, жолаушыларға қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасауды көздеп отыр.

Қазіргі уақытта «Бақылау-тексеру қызметінің» 73 қызметкері күн сайын таңғы 6:00-ден кешкі 22:00-ге дейін рейдке шығып, жолаушылардың билеттерін, көлік карталарын және тегін жүру құқығын растайтын әлеуметтік немесе мектеп карталарын тексереді. Тексеру кезінде жолақысын төлемеген жолаушыларға құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі.

2024 жылдың қараша айынан бастап Шымкент қаласында қоғамдық көлікте жолақыны қолма-қол ақшамен төлеу толығымен тоқтатылған. Бүгінде жолаушыларға төлем жасаудың бірнеше заманауи әдісі қолжетімді:
• көлік картасы (оны «Smart Mobility» ЖШС кеңсесінен немесе Бақылау-тексеру қызметі мамандарынан сатып алуға болады);
• мобильді төлемдер (Bluetooth, QR-код арқылы, банк карталарымен, автобустың мемлекеттік нөмірін енгізу арқылы, екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы).

2024 жылғы 26 сәуірдегі қала әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешіміне сәйкес, келесі санаттағы азаматтар қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие:
• Ұлы Отан соғысына қатысушылар;
• «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар;
• І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар;
• І топтағы көру қабілеті бұзылған мүгедектер мен І топтағы мүгедек балаларға еріп жүретін адамдар;
• жалпы білім беретін мектеп оқушылары;
• Шымкент қаласының Құрметті азаматтары;
• 70 жастан асқан зейнеткерлер;
• саяси қуғын-сүргін құрбандары және өзге мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлері.

Сондай-ақ, студенттер жолақының тек 50%-ын төлейді.

Бұл туралы , Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/sujrChDYm8E

x

Check Also

Шымкент қаласында ТЖД қызметкерлеріне жаңа техника мен тұрғын үй кілттері табысталды

Шымкент қаласында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне заманауи өрт сөндіру техникалары, қызметтік киімдер мен жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі ...

Шымкент әкімі қаладағы құрылыс және логистика нысандарын аралады

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында бірнеше инфрақұрылым нысандарын аралады,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сапар ...