Бірлік пен татулық – ел тұтастығының тірегі

Шымкент қаласы Қаратау ауданының «Сайрам» тұрғын алабындағы «Наурыз» саябағында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлік пен татулық – ел тұтастығының негізі» атты аудандық мерекелік іс-шара салтанатты түрде өтті.

Көктемнің шуақты күнінде ұйымдастырылған бұл игі шарада тұрғындарға ұлттық рух пен салт-дәстүрдің айшықты көріністері ұсынылды. Қолөнер шеберлерінің туындылары мен ұлттық тағамдар көрмесі, сондай-ақ сауда-саттық жәрмеңкесі мерекеге келген қонақтардың көңілінен шықты. Сонымен қатар, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балалардың салған сурет көрмесі көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік жиынның ресми ашылуы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталып, одан соң Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев жиналған жұртшылықты айтулы күнмен құттықтады.

– Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бейбітшілік пен келісім – біздің еліміздің басты тірегі. Әр ұлттың тілі мен мәдениеті – ортақ құндылығымыз. Ел Президентінің жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан ынтымақ пен тұрақтылықты сақтау саясаты бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Қаратау ауданында да түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етуде. Бұл – өзара құрмет пен түсіністіктің, ортақ жауапкершіліктің нәтижесі. Бірлік күні – бейбіт өмір мен тұрақты дамуға деген сенімді нығайтатын жарқын мереке. Осы қуанышты күні әр отбасыға амандық, денсаулық, ырыс-береке тілеймін. Елімізде әрдайым бірлік пен татулық үстемдік етсін! – деді аудан әкімі.

Шара барысында қоғамдық-саяси өмірде белсенділік танытқан азаматтар мен білім, мәдениет саласының қызметкерлері арнайы марапатталып, құрметке ие болды.

Бұл мерекелік жиын – халықтар достығын нығайтатын, көпұлтты еліміздің татулығын айшықтайтын рухани шара ретінде ел жадында ұзақ сақталары анық.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Кітап ақыл нұры.

Рухани, мәдени иммунитеті мықты елдің іргесі де берік, сапасы да жақсы болары сөзсіз. Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін қоғамда ...

Шымкентте тыл ардагері шипажайға жолдама алды

Шымкентте Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығына орай тыл еңбеккерлеріне арналған әлеуметтік қолдау шаралары жалғасуда. Қаладағы құрметті ардагерлердің бірі — ...