Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері мен перспективалары

Түркі дүниесінің рухани, туристік астанасы — Түркістан қаласының халық саны соңғы үш жылда 23,9%-ға артып 2024 жылдың 1 желтоқсанға 236 954 адамды құрады.

Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш жалпы өңірлік өнім көлемі облыс орталығы болғалы 4,5 есе өсіп 2023 жылы 370,8 млрд.теңгені құраса, 2024 жылға өсім 14,4%-ды құрап, 452,6 млрд.теңгеге жетті.

Қала экономикасының өсім драйвері инвестициялық тартымдылығы екені сөзсіз.

Соңғы 4 жылда қала экономикасына негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн.теңгені құрады, оның ішінде 46 пайызы жеке инвестиция есебінен.

2024 жылы қалаға 400,2 млрд.теңге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 20,3%-ға артқан. Оның ішінде жеке инвестиция 264,6 млрд.теңге, бюджеттік инвестиция есебінен 135,6 млрд.теңге.

Қаламызда жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 га, бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд.теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 га құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд.теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған.

Алдағы жылдары құны 15,8 млрд.теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда.

Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің саны соңғы үш жылда 2 есе өсіп 22,2 мыңға жетті.

Ағымдағы жылдың 1-ші жарты жылдығында өнім шығарылымының көлемі 149,9 млрд.теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырға 167,7%-ға өскен. Салада жұмыспен қамтылғандар 32016 адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,2%-ды құрады.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығару көлемі жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 65%-ды құрайды.

 Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 17,8 млрд.теңгеге жалпы 1 454 жоба қаржыландырылды. Өнеркәсіптік жобаларды қолдау мақсатында 450 млн.теңгеге 2 жоба қаржыландырылып 270 млн.теңгеге қосымша 3 жоба (қаржыландырылды.

Сондай-ақ, бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендетілді.

Жұмыспен қамту

Қаламыздың еңбек индикаторындағы негізгі міндет жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша біраз жұмыстар атқарылып нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады.

2024 жылы «Еңбек» бағыты бойынша 10 096 азаматты белсенді шараларға тартылып, жұмыс орындары құрылды.

Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдаужәне еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша 143 азаматқа мемлекеттік гранттар берілді, «Бастау бизнес» жобасы аясында 746 адам, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша 117 адам сертификат алды, сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 369 адам қамтылды.

Әлеуметтік сала

Қала аумағында аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі түрде атқарылуда. Атап айтсақ, Өткен жылы 2242 отбасыға (12984 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2023 жылмен салыстырғанда АӘК алушылар 30%-ға азайған. 2024 жылы кедейшілік деңгейі 5,6%-ды құрады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік көмек көрсетіліп, өткен жылы 2,2 млрд.теңгеге 8179 құралдар алынып қолдау көрсетілді. 2025 жылы 2,5 млрд.теңгеге 9357 құралдар сатып алынып қолдау көрсетілетін болады.

Сонымен қатар, зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен деңсаулығына оң жағдай жасау мақсатында ашылған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» өткен жылы 4 883 адамға қызмет көрсеттіліп, қызмет алушылар 49%-ға артты. 2024 жылы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасына сәйкес «Отбасын қолдау орталығы» КММ ашылды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары халыққа қолжетімді болу мақсатында қаламыздағы 26 әлеуметтік дүкендерге және 3 ірі сауда нүктелеріне әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары тұрақты түрде жеткізіледі.

Сонымен қатар, өткен жылы қаланың халық көп шоғырланатын аумағында 23 рет азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бағаны тұрақтандыру мақсатында күнделікті көтерме сауда базарларына ірі супер маркеттерке, жеке дүкендерге тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде.

Білім саласы

Қала аумағында 85 мектеп бар болса, оның 38 мемлекеттік, 47 жекеменшік.

Өткен жылы 12 мектеп пайдалануға берілді. 4 мектептің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы 7 мектептің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізсе, 2025 жылға 10 мектептің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Қаламызда 148 мектепке дейінгі білім беру мекемелері бар, оларда 1-6 жас аралығындағы 17420 бала тәрбиеленеді. Өткен жылы 984 орындық 11 жеке меншік балабақша пайдалануға берілді. 10 мемлекеттік балабақша ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылы 2 балабақша ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленсе, 5 балабақшаның ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Мәдениет саласы

Бүгінгі таңда қаламызда 4 мәдени нысан, 12 кітапхана, 3 театр, 5 музей қызмет атқарады.

Қаладағы атауы жоқ көшелерге атау беруге үшін 2 көшеге республикалық онамастикалық комиссиясына ұсыныс енгізілді, алдағы уақытта тағы 10 көшеге ұсыныс енгізілетін болады.

Түркістан қаласында 500 орындық Мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. 2025 жылы пайдалануға тапсырылатын болады.

Спорт саласы

Қаламызда 264 спорттық нысандар бар, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі көрсеткіші 73,7%-ды құрайды. Өткен жылы 39 ауқымды іс-шара өткізілді.

Қаламыз бір қатар спорттық нысандармен толығуда Б.Саттарханов атындағы спорт кешенін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталып пайдалануға берілді, ауысымына 200 бала қабылдайтын 5 спорт кешенінің, спорт кешендері бар есу каналының, ипподром құрылысы жүргізілуде.

Денсаулық сақтау саласы

Қала аумағында медициналық көмек көрсететін – 17 мекеме жұмыс жасауда.

Қала аумағындағы барлық емханалар 100% 4-санатты Жедел жәрдем бекетерімен қамтылған.

2024 жылдың қорытындысымен 6478 бала туылса, жалпы өлім 808 адам. Бала өлімі бойынша 39 жағдай тіркелсе нәресте өлімі 29 жағдай тіркелген.

Бекзат мөлтек ауданында жеке инвестор есебінен 27 мың тұрғынға қызмет көрсете алатын жоба құны 500 млн.теңге болатын емхана құрылысы жүргізілуде, ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға тапсырылады.

Туризм

Қаланы дамытудың негізгі басым бағыты туризм. Салаға соңғы 2 жылда 74,2 млрд.теңге инвестиция тартылса, өткен жылы 61,9 млрд.теңге тартылды.

2024 жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1,1 млн.адамға жетсе, оның ішінде шетелдік туристер 23,2 мың адамға жетті.

Қаламызда жалпы 3048 төсек-орыны бар 1372 нөмірлік 68 орналастыру орындары тіркелген.

Күлтөбе қалашығын абаттандыру жұмыстары, қолөнершілер қалашығы, ескек есу каналының құрылысы жүргізілуде, құрылыс жұмыстары аяқталса бұлда өз кезегінде қалаға келетін туристердің санын арттыруға мүмкіндік береді.

2024 жылы Әлемнің халықаралық қолөнер қалалары ұйымының басшылары Түркістан қаласына іссапары ұйымдастырылып, қолөнер саласының даму потенциалы таныстырылды. 2025 жылы Түркістан қаласында «WCC International» ұйымы басшыларының басын қосып, Халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесі статусын алу бойынша іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

 «Визит орталығы» ғимаратынан туристерге ақпарат беру орталығы ашылып, онда 3 тілді жетік меңгерген мамандар қызмет көрсететеді. Әуежай және темір жол вокзалынан ақпарат беру орталықтарын ашу жұмыстары жүргізілуде.

Салаға алдағы жылдары құны 145 млрд.теңгені құрайтын, 955 жұмыс орнын ашуға мүкіндік беретін 13 жоба іске асыру жоспарлануда.

Тұрғын үй

2024 жылдың 534 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 124,9 млрд.теңгені құрап отыр.

Қазіргі таңда, Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 579 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. ұрғын үй кезегіне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 3026 азамат шығарылды. Соңғы 3 жылда 7136 адам тіркелсе, 3686 адам кезектен шығарылды.

Ағымдағы жылы 961 пәтер берілсе, 2025 жылы 944 пәтер берілетін болады.

Сондай-ақ, «Отбасы банк» арқылы 58 тұрғын үйдің 3076 пәтері сатылды. 2025 жылға 2127 пәтерді құрайтын 30 тұрғын үй пайдалануға тапсыру жоспарлануда.

Тұрғын үйлерді жекешелендіру бойынша Заң 2025 жылы 21 қаңтарында күшіне енді. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне өтеусіз бір қатар санаттаға азаматтар ала алады.

Инженерлік инфрақұрылымдар

Электр қуатымен қамтамасыз ету

Қаламыз электр қуатымен толық қамтамасыз етілген. Халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2 нысанның (Айбергенов көшесі бойындағы 35-0,4 кв кабель желілерін салу; Бірлік 2 және жобадан тыс қалған 7 нысанды электрмен қамту) құрылысы жүргізілуде. 1 нысанның (Түркістан қаласындағы электр қондырғылары мен электр желілерін қайта жаңғырту) құрылысына ЖСҚ әзірленсе, Бекзат м/а «220/110/10 кВ 2х160 МВА қосалқы станциясы» нысанына ЖСҚ әзірленуде. Бұл өз кезегінде жаңадан ашылған ірі өндіріс орындарына және жаңа абоненттерді сапалы электрмен қамту мүмкіндік береді.

Табиғи газбен қамтамасыз ету

Бүгінгі күні көгілдір отынды қала тұрғындардың 98,0% дербес шот ашып пайдалануда. Қаладағы жаңадан қоныстанған аумақтардағы тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 1 нысанға ЖСҚ әзірленуде.

Ауыз сумен қамтамасыз ету

Қала тұрғындары ауыз су жүйелерімен толық қамтамасыз етілген. Өткен жылы 2 нысанның ЖСҚ әзірленуде.

Кәрізбен қамтамасыз ету

Қалада орталықтандырылған кәріз жүйесімен 36,5% қамтылған. Жалпы бүгінгі таңға 13 жобаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде, өткен жылы 2 нысан (пайдалануға тапсырылды. Қосымша 3 нысанға ЖСҚ-сы әзірленуде.

Аталған жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағы 87% сарқынды су желісімен қамтамасыз етілетін болады.

Сонымен қатар, №1 сарқын су тазарту имаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жылумен қамтамасыз ету

Келесі мәселе – қаланы жылумен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда, 18 қазандықтан жалпы орталықтандырылған жылумен қамтылған 367 нысан бар. Оның ішінде, 223 көпқабатты тұрғын үй 144 әлеуметтік нысандармен, жеке және заңды тұлғалар орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілуде.

Қазіргі таңда қаладағы жылу беретін құбырлардың тозу деңгейі 30%-ды құрайды. Жылу жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 2025 жылы 1 нысанның ұрылысы жүргізілетін болады. Нәтижесінде жылу құбырларының тозу деңгейін 10%-ға дейін төмендеуге мүмкіндік береді.

Жол саласы

Ағымдағы жылы сарқынды су жүйесі жүргізілген сондай-ақ, қоғамдық көліктер қатынайтын 47,1 шқ құрайтын көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 45,4%-дан 50,3%-ға жетті.

Алдағы жылдары 138,5 шқ құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, нәтижесінде асфальт жабындысы бар жолдардың ұзындығы 569,7 шақырымға жетіп, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 67,4%-ға жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, қаладағы негізгі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Қала аумағында бүгінгі таңда 2 жолдың және 2 көпірдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 4 жолдың және 1 көпірдің құрылыс жұмыстарына ЖСҚ әзірленді. Қосымша 3 жолдың ЖСҚ әзірленуде.

Қоғамдық көлік

Түркістан қаласында қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Оларда 2 тасымалдаушы мекеме сыйымдылығы жоғары 194 автобустармен қызмет көрсетеді.

2024 жылы қаламызға сыйымдылығы жоғары 38 автобус алынып, №4; 2; 9; 9А; 6; 6А бағыттарына қолданысқа берілді. Нәтижесінде қаламыздағы қоғамдық көліктердегі автобустар толық жаңартылып, жақсы жағдайдағы автобустардың үлесі 100%-ға жеткізілді.

Түнгі жарықтандыру және аялдама

2018 жылы 18,3%-ын құрайтын қаланың басты 161 көшесі түнгі жарықтандыру жүйесімен қамтылған болатын.

Ағымдағы жылы 185 көшеге жарықтандыру жүргізіліп, нәтижесінде 757 көшесі (938,4 шқ құрайтын) түңгі жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз етіліп, қаламыздың жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесін 87,4%-ды құрады.

2025 жылы 58 көшеге жарықтандыру жүргізіп, жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелердің үлесі 99,2%-ға жеткізу жоспарлануда.

Қалада жалпы 574 аялдама қажеттілік болса, соның 374 аялдама жаңартылып орнатылды, 200 аялдама алдағы уақыттарда кезең-кезеңімен жаңартылатын болады.

Қаланың бас жоспарына өзгерістер

Жер аумағы 22370 га, Тұрғын аймақтар 4148 га-дан 6996 га; қоғамдық аумақ 609 га-дан 1739 га; өндірістік аймақ 330 га-дан 610 га; рекреациялық аймақ 1791 га-дан 5930 га ұлғаяды.

Алдағы уақыттарда қаламыз тағы бірнеше нысандар бой көтереді, олар Көре орталығы, Этно-мұражай орталығы, Филармония, Балалар мен жасөспірімдер орталығы.

Бүгінгі таңда қалада тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 86404 адам тұр. Қала тұрғындарын тұрғын үй салу үшін жермен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 16,9 млрд.теңге болатын 300 га және 180 га аумаққа инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 2000 аса азаматқа жер телімі үйлестіріледі.

Көгалдандыру

Қаламызда көгалды аймақтарды күтіп-баптау жұмыстары жалпы 258 нысанның 626 га аумақта жүргізіледі. Күтіп-баптау жұмыстары қаңтар айынан желтоқсан айы аралығанда жыл бойы жүргізіледі.

2025 жылы «Парасат» саябағын реконструкциялау жұмыстары аяқталады, сонымен қатар Айналма жол бойындағы Қабанбай батыр ескерткіші аумағын абаттандыру, Айналма т/ж мен Атабай т/ж аумағын абаттандыру, 10 жерден ойын алаңшаларын салу жұмыстары жүргізілетін болады.

Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру мақсатында қаланың жасыл қорын көбейту, қайта құру және дамыту үшін 2025 жылы қаланың негізгі аумақтарына 85 750 түп ағаш егілетін болады.

Қаланың тазалық жұмыстары

Жалпы қалада 875 көшеге тазалау жұмыстары жүргізіледі, оның ішінде 112 көшеге күнделікті, 342 көшеге аптасына 2-3 рет, 421 көшеге аптасына 1 рет тазалық жұмыстары жүргізіледі. Қалада негізгі тазалық жұмыстарын «Түркістан жарық тазалық» ЖШС жүргізеді, қосымша тұрғын үйлердегі тазалық жұмыстарына 7 жеке кәсіпкер қызмет атқарады.

2025 жылы тазалық жұмыстарына 1,3 млрд.теңгеге қосымша 25 арнайы техникалар сатып алынатын болады, сонымен қатар, тазалық жұмыстарымен айналысатын қызметкерлердің саны 600 адамға дейін көбейеді.

Қаламызда жыл басынан Республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында 85 мың адам біріктірілді, 4 мыңнан аса еріктілер тартылды, 20 мың тонна қоқыс шығарылып, 150 мың түп ағаш отырғызылды және жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарға мониторинг жүргізіліп, 1562 азаматқа ескерту берілсе, 3411 азаматқа айыппұл салынды.

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру

Мемлекет Басшысының бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебесін беру туралы заң жобасы әзірленіп, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінде қаралып, Сенаттың қарауына ұсынылды.

Заң жобасы Түркістан қаласының бірегей тарихи, сәулеттік, мәдени мұрасы бар және Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде танудың негізі болып табылады.

Түркістан қалалық мәслихатына 7 құзырет және Түркістан қаласы әкімдігіне 27 құзырет беру ұсынылады.

Заңда бір қатар мәселелер қаралады, оның ішінде:

— Түркістан қаласын рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамыту;

— Қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуына және тарихи мұра объектілерін сақтау;

— Кесененің айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдану;

— Қала аумағында өңірлік нышанды әзірлеу және пайдалану тәртібін бекіту;

— Қалада қызмет көрсету деңгейін жетілдіріп, ұлттық қолөнер саласын дамытуға қаржылай қолдау;

— Туристік бизнес өкілдерін ынталандыру шаралары;

— Жергілікті әкімдік пен мәслихаттың құзыреттері кеңейеді.

Түркістанда шешімін күткен өзекті мәселелер әлі де жеткілікті. Қаржыны көп қажет ететін ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қала бюджетінің мүмкіндігі шектеулі. Дегенмен, өз мүмкіндігіміздің шеңберінде бірқатар мәселелерді шешіп, енді бірқатар мәселелерді жоспарлап, тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз етуге жұмыс жасай береміз. Ауқымды жобалардың республикалық, облыстық бюджеттен қаржылануына қол жеткізу мақсатында жобалардың құжаттарын мерзімінен кешіктірмей ұсындық. Алдағы уақытта нәтижесін көреміз деп сенемін.

x

Check Also

Түркістан: Қазығұртта 1000 түп гүл және сәнді ағаш егілді

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан»экологиялық бастамасын қолдау мақсатында Қазығұрт ауданынындағы орталық саябақта кең көлемді тазалық және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Шараға аудан ...

Шұғыл штабтың тәулік бойғы жұмысы: Түркістан облысы шегірткеге қарсы жою жұмыстарын жүргізуде

Шегірткемен күресте технологиялар мен стратегиялар: түркістан облысының жаңа тәсілі. Биыл Түркістан облысы бойынша аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы өңдеу шаралары ...